Қазақстан • 04 Наурыз, 2021

Асқар Мамин Chevron басшылығымен кездесті

14 рет көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Шеврон» (Chevron) компаниясының Еуразия-Тынық мұхиты өңіріндегі барлау және өндіру жөніндегі президенті Найджел Хирнмен мұнай өндіру саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Шеврон» — Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) – үш ірі жобада активтері бар Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. 

2020 жылы ТШО шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны құрады. Мемлекетке тікелей қаржылық төлемдер $6,6 млрд құрады, $3,5 млрд астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды.

ТШО газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 млн тонна) өндірісі бойынша екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып табылады.

Тараптар «Теңізшевройл» (ТШО) болашақ кеңейту жобасын іске асыру мәселесін талқылады, оның аяқталуы бойынша ТШО өндіруді 2023 жылы жылына 12 млн тоннаға дейін арттырады, бұл жиынтығында жылына шамамен 39 млн тоннаны құрайды.

Кездесуге энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар