«Нұрлы жердің» негізгі бағытының бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа отырысында айтылғандай, 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға артып, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттің 1 теңгесіне 5 теңге инвестиция тартылды.
38,4 мың отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның ішінде 28 мың әлеуметтік тұрғын үй және 2-5 пайыздық мөлшерлемемен 10,4 мың жеңілдетілген қарыз берілген. Осы орайда, тұрғын үй құрылысы қарқынының өсуі былтыр дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға тікелей байланысты екенін атап өткен дұрыс. Естеріңізде болса, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп әлеуметтік кредиттік тұрғын үй салу және «Отбасы банкі» арқылы «5-10-20» шарттары бойынша кезекте тұрған адамдарға кредит беру үшін 390 млрд теңге бөлді. Соның негізінде жыл қорытындысы бойынша 4 800 қарыз берілді.
Бұдан бөлек, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жобаларды дамыту үшін шамамен 1 трлн теңге бөлінді. Сондай-ақ Бизнестің жол картасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысу үшін шектеулер алынып тасталды. Бұл шаралар құрылыс компанияларының іскерлік белсенділігін және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге жол ашты. Соның нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласы ел экономикасында жетекші орынға ие болды. Оның ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі 5,9 пайызды құрады.
Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз – 163,1 мың пәтер. Оның 6,5 млн шаршы метрі – жеке тұрғын үй, ал 10,5 млн шаршы метрі көп пәтерлі тұрғын үй болмақ. Бұл ретте, биылғы жоспардың негізгі бөлігі немесе 15,2 млн шаршы метр тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынбақ. Осылайша, кезекте тұрған 31,3 мың адам қамтылатын болады. Оларға 22,5 мың (1,3 млн шаршы метр) әлеуметтік тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ 8,8 мың жеңілдетілген қарыз беру жоспарланған.
«Кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша әкімдіктердің айналымында қазір 387 млрд теңге бар. Құрылыс көлемін ұлғайту үшін Бірыңғай оператор нарықтық шарттармен қосымша 61 млрд теңге тарта алады. Тартылған қаржы айналымдағы қаражатты микширлеуге бағытталады. Бұл жергілікті әкімдіктерге жылдық 4,25 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме бойынша облигациялар сатып алуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл қаражат айналымын 448,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 41,5 мың кредиттік пәтер салуға жол ашады. Былтыр жергілікті атқарушы органдар 281,2 млрд теңгеге облигациялар сатып алды. Жалпы осы жылы нарықтық шарттармен шамамен 300 млрд теңге тарту жоспарланған. Әлеуетті инвесторлар ретінде ішкі және Ресей нарықтарындағы коммерциялық банктер, сақтандыру және қаржы ұйымдары қарастырылып отыр. Бірінші тоқсанда Еуразиялық даму банкімен және ресейлік Сбербанкпен келіссөздер аяқталады», деп айтылды министрліктің алқа отырысында.
Мемлекет басшысының тұрғын үй кезегі мәселесін шешу тапсырмасы бойынша «Отбасы банкі» құрылғанын білеміз. Осылайша, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар «Отбасы банкке» өтеді. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға назар аударылды. «Отбасы банкінің» негізінде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаждарды кезекке қоюды және тұрғын үйді бөлуді орталықтандырып, жүзеге асырады.
Деректерге сүйенсек, тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға көбейіп отыр. Бүгінде олардың ұзын саны 548 мың адамға жетті. Бұл мәселені екі тетік бойынша шешуге болады. Біріншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрғандарды (негізінен бұлар көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары) жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Екіншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын кезекте тұрғандарға (бұл мемлекеттік қызметшілер, бюджет қызметкерлері, толық емес отбасылар және басқа кезекте тұрғандар) жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген қарыздар беру.
«Бұл ретте жеке құрылыс салушылармен бірлесіп Бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қорларын құру жоспарлануда. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй пулы үшін жылына 5,3 млрд теңге мөлшерінде субсидия қажет. Тұрғын үй пулдарын қалыптастырғаннан кейін, осы Қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігімен нарыққа ұсынылмақ. Сонымен бірге ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізу ұсынылады. Бұл тетік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын субсидиялауды көздейді. Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректері бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге (285,5 мың шаршы метр) қажеттілік бар. Субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қажет. Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін іске асыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу пысықталып жатыр», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
«Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі бағытының бірі – тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту. Бұл ретте бағдарлама шеңберінде ел тұрғындарының өмір сүруінің қолайлы ортасын жақсарту бойынша шаралар қабылданбақ.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту шеңберінде былтыр Шымкент қаласында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қалпына келтіру, салу бойынша 19 жобаны іске асыруға 11,3 млрд теңге бөлінді. Биыл 1,7 млрд теңгеге 2 жоба іске асырылмақ. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 55 пайызға дейін төмендеді. 2021 жылы 53 пайызға дейін төмендету жоспары тұр.
Кәріздік-тазарту құрылыстарына қатысты проблема да мемлекеттік бағдарлама аясында шешілмек. Бүгінде республика бойынша шамамен 366,1 млрд теңгеге 53 кәріздік-тазарту құрылысын салу және қалпына келтіру қажет. Халық саны 45 мыңнан асатын қалаларда шамамен 307 млрд теңгеге 28 кәріздік-тазарту құрылысын салу және қалпына келтіру жоспарланған.
Осы орайда қаржыландырудың 4 жолы әзірленді. Бірінші – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларының су арналарын сенімгерлік басқаруға беру. Екінші – бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орнату. Бұл Ақтау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Орал, Өскемен қалаларының жобаларына арналған. Үшінші – Атырау, Жезқазған, Қостанай, Қарағанды, Екібастұз, Ақсу қалаларының жобалары үшін мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу. Төртінші – Шымкент, Балқаш, Кентау, Қапшағай, Көкшетау, Риддер, Сәтбаев, Степногорск, Семей қалаларының жобаларын халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, 50/50 шартымен қаржыландыру.
Қалған 24 шағын қаладағы құны шамамен 59,1 млрд теңге болатын жобаларды инвестициялық тартымдылығының төмен болуына байланысты республикалық бюджет есебінен қаржыландыру ұсынылып отыр. Кәріздік-тазарту жобаларын іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға әрі жақсартуға мүмкіндік береді.