Өткен аптада облыста 2 246 адам ПТР-тест тапсырған. Оның ішінде 81 науқастан індет анықталып, 66 емделуші симптомды түрін жұқтырса, 15 адам симптомсыз вируспен ауыруда. Қазіргі уақытта 493 науқас стационарда ем қабылдауда,
1 238 адам амбулаторлық деңгейде. Ал инфекциялық госпитальдің жүктемесі 30,8 пайызды құраса, жансақтау бөлімінің жүктемесі 19 пайызға тең. Індет жұқтырғандардың ішінде 82 бала бар, 11 жасөспірім стационарда ем алуда.
– Өңірде вакциналаудың екінші кезеңі жүргізілуде. Вакцина егудің бірінші кезеңінде 1 200 адам екпе қабылдады. Олардың арасында кері әсері байқалғандар жоқ. Наурыз айында 2 760 адамға екпе салынады деп жоспарлануда. Бұл үшін өңірде 107 егу кабинеті дайындалып, 1 125 дәрігер арнайы оқудан өтті. Қазір екпе егу барысы өз деңгейінде жүргізіліп жатқандықтан, наурыз айында жағдай қалыпты болады деген ойдамыз, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова.
Осы бір жыл ішінде 430 жүкті әйел КВИ белгілерімен, 227 жүкті әйел пневмониямен есепке алынған. Қазір 15 жүкті әйел індетпен, 1 әйел пневмониямен стационарда ем қабылдауда.
Жалпы облысқа ресейлік «Спутник V» препаратының 80 мың дозасы бөлінген. Бұл күндері бекітілген кестеге сәйкес, мұғалімдер, алғашқы кезеңде екпе алмаған дәрігерлер вакцина салдыруда. Өз еркімен вакцина қабылдағысы келетін тұрғындарға да мүмкіндік беріледі, тегін алады.
С.Арыстанованың айтуынша, індетті қайтадан жұқтырған жағдай тіркелмеген. Өйткені қайта жұқтыруды қадағалау мүмкін емес. Мысалы, бірінші толқын кезінде ауру белгілері болған науқастардың барлығы бірдей ПТР зерттеу жасай алмаған. Облыс орталығында бір ғана зертхана болды.
Қазір облыстың бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына орай бірқатар шектеу жеңілдеді. Бірақ алдағы айларға қандай мүмкіндік беріледі, әлі белгісіз. Монша, шаштараздар, сауда орындары, базарлар жұмыс істеуде. Қала ішіндегі көліктер өз бағыттарында қатынап жүр. Кинотеатрлар қызметіне рұқсат берілді. Көрермендер арасындағы арақашық сақталады.
Қазір облыс мектептеріндегі бастауыш және 5-сыныптарда құрылған кезекші топтар енді аралас оқу жүйесіне көшті. Яғни сабақтың 70 пайызын мектепте, 30 пайызын үйде оқуда. Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Жанат Асайынованың айтуынша, қазір 300-ге дейінгі оқушысы бар 236 мектеп жұмыс істеп жатыр. Ал одан артық оқушысы бар мектептер аралас жүйеге көшті.
Тойдың азаюуы да індеттің беті қайтуына әсер етті. Облыс орталығындағы бірнеше мейрамхана «Отбасылық киімдер», «Ойыншықтар», «Әлеуметтік арзан азық-түлік» дүкендеріне айналды.
Павлодар облысы