Қоғам • 12 Наурыз, 2021

Ақпарат және қоғамдық даму министрі басылымдарды біріктіруге қатысты пікір білдірді

1113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева газет-журналдарды біріктіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ult.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі басылымдарды біріктіруге қатысты пікір білдірді

Күні кеше Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова бастап, бірнеше халық қалаулысы қостаған топ мемлекеттік баспа басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен біріктіргенде, оның құрамына жасөспірімдер мен балалар басылымдары – «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята» және «Ұлан» газеттерінің кіруіне қарсы боп, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдаған еді. 

Мақпал Мыса өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүгінгі таңда балалар әдебиетін дамытуда түйіні шешілмеген мәселе көп. Балаларға арналған кітап аз. Екінің бірі айтатын уәж: «Кітап дүкендерінен қазақ тілінде балаларға арналған кітап таба алмай жүрміз», деп айтқан.

Ал енді осы тұста ғасырға жуық уақыт бойы жас ұрпақты әдебиетке баулып, білім көкжиегін кеңейтіп, таным-түсінігін қалыптастырып келе жатқан балалар басылымдарын бірыңғай брендпен біріктіру жұмысы жүріп жатыр.

Бұл біріктіруге түбегейлі қарсылығымызды білдіріп депутаттық сауал жолдадық», деп жазған еді.

Осы орайда біз бұл өзекті мәселеге қатысты Аида Ғалымқызының жауабын жариялағанды жөн санадық.

– Құрметті Аида Ғалымқызы, Парламент Мәжілісінің сәрсенбі күні өткен отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова балалар басылымдарына қатысты мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді. Осы сауалға орай Сіздің пікіріңізді білсек деп ек? 

– Иә, депутат сауалымен мұқият танысып шықтым. Бұл мәселе баспасөз беттерінде, жекелеген азаматтар тарапынан да үнемі айтылып жүрген тақырып.  

Расында, бүгінгі таңда «Қазақ газеттері» бірыңғай бренді аясында бірнеше отандық басылымдарды біріктіруді бастадық. Бұндай шешім қабылдаудағы басты мақсат – қазіргі қаржылық және басқа да қиын жағдайларда тұрған қазақ баспасөзін, соның ішінде – «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары мен «Дружные ребята», «Ұлан» газеттері сынды балалар басылымдарын сақтап қалу.

Бірнеше басылымды біріктіру – ол газет-журналды жабу деген сөз емес. Біріншіден, ешқандай басылым жұмысын тоқтатпайды. Екіншіден, олардың медиа кеңістікте қалыптасқан брендтік атаулары өзгермейді. Үшіншіден, басылымдарды мемлекеттік ақпарат тапсырысы аясында қаржылық қолдау тоқтамайды, – деп жауап берді министр.

Біріктіру арқылы тек әкімшілік-шаруашылық ресурстар қысқарады. Яғни, барлық басылымға ортақ – бір қаржылық бөлім, бір заң бөлімі, бір кеңсе бөлімі сияқты оңтайландыру жұмыстары жүреді. Нәтижесінде, бірінші кезекте әрине қаржы үнемделеді. Ол үнемделген қаржыны шығармашылық ұжымға бағыттауға мүмкіндік туады.

«Сондай-ақ басылымдарды дамытудың, оның бәсекеге қабілеттін арттырудың арнайы әзірленген стратегиясы жүзеге асырылады. Оның аясында басылымдардың контенті ғана емес, өндірістік-шығармашылық процестері, жарнама және маркетинг қызметтерін жетілдіру жұмыстары да қамтылады. Әрине балалар басылымының ұлттық идеологиялық тәрбие берудегі мәні мен маңызын жақсы түсінеміз. Соның ішінде, жас ұрпақтың тілін – қазақ тілінде қалыптастыру бүгінгі күнде ең өзекті мәселе. Бүгінгі балалардың тілін қалыптастыратын құрал – әрине бірінші кезекте – телеарналардағы мультипликациялық фильмдер мен балалар әдебиеті. Бұл ретте, «Balapan» арнасының мазмұндық контентін, бағдарламалар сапасын күшейтуді үнемі қадағалап отырмыз», дейді ведомство басшысы Аида Балаева. 

Сонымен қатар Аида Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға арналған қазақ тілді теле-өнімдердің ауқымын кеңейту мақсатында шет елдік балалар телеарналарын (Nickelodeon, TiJi, Карусель) қазақ тіліне аударып, таратуды қолға алғанын баса айтты.

– Сондай-ақ, биылғы жылы балалар әдебиетінің әлемдік бестселлерлерін, атап айтқанда, Е.Х.Гомбрихтің «Әлемнің қысқаша тарихы», Лбюис Кэрролдің «Алиса ғажайыптар елінде», Джордж Оруэллдің «Хайуанаттар бағы», Ева Ибботсон «Теңіз өзеніне саяхат» сынды барлығы 20 кітапты қазақ тіліне аударып, балалар аудиториясына ұсынуды көздеп отырмыз,  – дейді министр.

Бұдан өзге, «Қазақ радиосының» типтік кестесінде балаларға арналған арнайы уақыт пен хабарлар желісі бар. «Балаларға базарлық», «Балапан саз», «Тапқыр бала» хабарлары бүгінде өзіндік аудиториясы бар, радио танымал бағдарламаларға айналды. 

– Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі арқылы еліміздегі өзге этнос өкілдерінің ертегілерін қазақ тіліне аударып, мектепке дейінгі және бастауыш сынып балаларының назарына ұсынуды қолға алып отырмыз. Расында да бүгінгі таңда, балалар басылымдарының ресми таралым саны көңіл қуантарлық емес. Өкінішке орай, бұл мәселе «Қазақ газеттері» құрамындағы басқа газет-журналдарға да қатысты жайт. Әрине бірінші кезекте, бұл мәселе қазіргі интернет пен технологияның қарқынды дамуына байланысты екені түсінікті. Және бұл – бүкіл әлемдегі медиа саласына ортақ құбылыс, – дейді Аида Балаева.

Осы орайда ведомство басшысы қазіргі баспасөз басылымдары ең алдымен стратегиялық даму жоспарларын қайта айқындаулары қажет екенін жеткізді.

– Яғни, әрбір басылымдар мазмұн-контентті сұранысқа сай бейімдеп, сапасын арттыру, оқырманға тартымды ету арқылы бәсекеге қабілеттілігін күшейту қажет деп санаймын,  –  дейді Аида Балаева.