Қазақстан • 14 Наурыз, 2021

Індет пен міндет: Агросекторға көрсетілген қолдау нәтижесін берді

622 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясы кезінде ел басына түскен жалпы қиындыққа дағдарып қалмай өз қызметін бұрынғысынша жалғастырған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Қандай қиындық болса да халыққа ең бірінші азық-түлік қажет. Аталған сала сенім үдесінен көріне білді.

Індет пен міндет: Агросекторға көрсетілген қолдау нәтижесін берді

Әрине, пандемия кезінде ауыл шаруашылығында қиындықтар болмады деп айта алмаймыз. Карантиндік шараларға байланысты елдер арасындағы байланыстың нашарлауы, көліктер қызметінің шектеліп, қозғалыстың баяулауы, тойханалардың жабылуы оның қызметіне де едәуір әсер еткені анық. Бірақ соған қарамастан бұл сала қандай қиындықтарға болса да төзе алатын өміршеңдігін танытты. Осы тұста, Қазақстан ауыл шаруашылығының тұрақты жұмыс істеп қана қоймай, дағдарыс кезінің өзінде дами түсуіне оған көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының ықпалы күшті болғандығын айтуымыз керек. Бұл қандай шаралар? Осыған келейік.

Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша фермерлерге жеңілдікті бағамен (литрі 165 теңгеден) дизель отыны босатылды. Сөйтіп ақпан айынан бастап қараша айына дейін көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына 792 мың тонна дизель отыны жұмсалды. Мұның сыртында, Энергетика министрлігімен жасалған келісім бойынша қамбаға түскен астықты кептіруге 47 мың тонна дизель отыны қосымша жеткізілді. Осындай қолдау шараларының нәтижесінде көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстары ың-шыңсыз, дер кезінде және сапалы жүргізілді.

Мұның сыртында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдағы 6 пайыздық жеңілдікпен 30 млрд теңгенің қаржысы бөлінді. Аталған бағдарлама аясындағы мұндай жеңілдікті несие астық егушілермен қатар көкөніс өсірушілерге де қолжетімді болды.

Кезінде Елбасы тапсырма берген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары одан әрі жалғасты. Бұл жұмыстарды жүзеге асырғанда импорттық өнімдерді алмастыратын дақылдарға және жоғары тиімділік беретін майлы, малазықтық, бақшалық дақылдарға баса назар аударылды. Нәтижесінде, өткен жылы зығыр, мақсары, бидай, жүгері және бақша, көкөніс дақылдарының егістік алаңдары ұлғайды.

2020 жылы мемлекеттің қолдауымен егін өнімдерін өңдейтін жаңа зауыттар іске қосылды. Мәселен, Талдықорғанда «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС рапс пен күнбағыс майларын өңдейтін (тәуліктік қуаты – 500 тонна) жаңа зауытты, Қызылорда облысында «Қарабура Ата» шаруа қожалығы тәуліктік қуаты 60 тонналық күріш өңдеу зауытын пайдалануға берсе, Түркістан мен Алматы облыстарында жеміс консервілейтін екі кәсіпорын салынып, олар өңделген өнім шығара бастады. «Рахат» АҚ Шымкент қаласында қолданыстағы өндірісін кеңейтіп, қант прәндігін шығаратын жаңа желіні іске қосса, «Сәуле кондитер фабрикасы» Жамбыл облысында өз өндірісін ұлғайтты.

Былтыр халықты сапалы тағам өнімдерімен қамтамасыз ету үшін «Егістен сөреге дейін» атты қанатқақты жоба қолға алынды. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында бастау алған бұл жоба ауылдағы кооперациялық дамуды жеделдетеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын заман талабына байланысты дамытудың өршіл жобаларын әзірледі. Соның бірі жыл сайын 25 тауарлы сүт фермасын іске қосу COVID-19 пандемиясы кезінде жүзеге асырыла бастады. Аталған іске фермерлер мен кәсіпкерлер ынтасын арттыру үшін субсидиялау нормативтеріне өзгерістер енгізілді. Сүт бағытындағы импорттық аналық малды сатып алғандығы үшін әр сиырға берілетін субсидия 225 мың теңгеден 400 мың теңгеге, ал отандық аналық мал үшін 150 мың теңгеден 200 мың теңгеге арттырылды. Сүт құнын төмендетіп, оның өтімділігін арттыру үшін 1 литр сүтке берілетін субсидия 20 теңге мен 45 теңгенің аралығында белгіленді. Бұл жөніндегі қолдау бұрынғыға қарағанда 30-50 пайызға артты. Оның үстіне, қазіргі замандық тауарлы сүт фермасын ашуға фермерлер ынтасын арттыру үшін оған қажетті құрылыс жұмыстарына және техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған шығындардың 25 пайызын өтеп беру нормасы өткен жылдан бастап енгізілді. «ҚазАгро» ҰБК» АҚ өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын салуға жылдағы 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге арналған жеңілдікті несие бере бастады. Осы шаралар қосыла келіп сүт өндірісімен шұғылдану ісін тартымды ете түсті. 2020 жылдың қорытындысында 16,2 мың бас мүйізді ірі қарадан тұратын 48 өнеркәсіптік және отбасылық тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Бұлардың өндірістік қуаты жылына 93 мың тонна сүт өндіруге жетеді.

Сондай-ақ қой шаруашылығын дамытуға да мән берілді. Асыл тұқымды импортты қой сатып алуға берілетін субсидия әр басына 150 мың теңгеге дейін жеткізілсе, отандық асыл тұқымды қой үшін 8 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін өсірілді. Селекциялық және тұқым асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін берілетін субсидия көлемі асыл тұқымды әр бас аналыққа 2 500 теңгеден 4 мың теңгеге дейін, ал тауарлы қой үшін 1 500 теңгеден 2 500 теңгеге дейін арттырылды.

Құс еті нарығындағы импорттың үлесін төмендетіп, отандық өндірістің үлесін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлер әкімдіктері бірлесіп қазіргі замандық өндірістерді құру мен кеңейту және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан құс фабрикаларын жаңғырту ісін қолға алды. Осының нәтижесінде тек өткен жылдың өзінде ет бағытындағы 8 құс фабрикасы іске қосылды. Олардың өндірістік қуаты жылына 95 мың тонна құс етін өндіруге жетеді. Осы жиынтық қуатқа олар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде шығады деп күтілуде.

Пандемия кезінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында мемлекет фермерлік шаруашылықтарға салынатын салыққа ішінара өзгерістер енгізді.

«Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікті несиелендіруге қомақты қаржы бөлінді. Соның ішінде 300 млрд теңге өңдеу саласын қолдауға бағытталса, тағы 300 млрд теңге агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірістерді қолдауға бағытталды.

Мұнымен қоса, өткен жылдан бастап аграрлық салада сақтандырудың жаңа жүйесі әрекет ете бастады. Бұрынғыдан бір ерекшелігі – сақтандыру енді ерікті түрде жүргізілетін болды. Есесіне, шараның тартымдылығы артты. Енді сақтандыру сыйақыларының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз егістіктерін топыраққа ылғалдың кем немесе артық түсуінен де сақтандыра алады. Сақтандыруға астық (бидай, арпа, жүгері, сұлы), майлы (күнбағыс, рапс, зығыр) дақылдар жатады.

Мал шаруашылығында фермерлер қолдарындағы ірі қара малын түрлі аурулардан, төтенше қатерлерден, табиғи апаттардан, өрттен, бөтен адамның әдейілеп жасаған қылмыстық әрекеттерінен сақтандыра алады. Бұл іс енді басталды. Әзірге 2 117 бас ірі қара сақтандырылды. Сақтандыру сыйақысы үшін бөлінген бюджеттік қаржы 8,3 млн теңгені құрады.

Міне, пандемия кезінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың осындай шаралары белгіленіп, жүзеге асырылуда. Бұдан басқалары да жетерлік.

Ал енді осылардың жалпы нәтижелері қандай десек, ауыл шаруашылығы өткен жылды жақсы табыстармен қорытындылады. Бұл туралы жазылды. Сондай-ақ сала үшін биылғы жыл жаман басталып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жуықта өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-ақпан айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1 пайызға ұлғайып, 345,5 млрд теңгені құрағанын жеткізді. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,9 пайызға, сүт 3,4 пайызға өсті.

Сондай-ақ 20,6 млрд теңгенің өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді.

Өңірлер бойынша алғанда, республикалық деңгейден жоғары қарқын екі облыста, атап айтқанда Ақмола (118,3%) және Қарағанды облыстарында (104,1%) байқалды.

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,1 пайызға өсіп, 309,7 млрд теңгені құрады. «Бұл ретте, сары май өндіру көлемінің 34,6 пайызға, қызылша қантының 26,8 пайызға, өсімдік майының 24,5 пайызға, жарманың 21,5 пайызға, өңделген күріштің 15,7 пайызға, ірімшік пен сүзбенің 7,3 пайызға, өңделген сүттің 5,9 пайызға, ұнның 5,4 пайызға, шұжық өнімдерінің 2,6 пайызға артқаны байқалды» деді С.Омаров.

Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі аталған екі ай ішінде 39,6 пайызға ұлғайып, 41,5 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 3 есе артып, 18,3 млрд теңгені құраған.

Соңғы жаңалықтар