Экономика • 14 Наурыз, 2021

Қордағы ақшаның азайғаны – инвестициялық табыстың төмендегені

1434 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев БЖЗҚ 408,2 млрд теңге сомаға біржолғы зейнетақы төлемдері аударылғанын, 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданғанын хабарлаған болатын. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында салымшылардан 142 951 өтініш келіп түскен.

Қордағы ақшаның азайғаны – инвестициялық табыстың төмендегені

Республика бойынша 760 мыңнан астам салымшының шекті мөлшерден асқан сомасы − 2,5 трлн теңге. Ал салым­шы­лар салымына қосылған инвестициялық кіріс соңғы жиырма жылда 43%-дан асқан. Қарапайым тілмен жеткізсек, салымшының жинағы орта есеппен 2 млн 600 мың болса, бұл соманың үстіне инвестициялық кіріс қосылып, 4 млн 850 мың теңгені құраған.

Сарапшы Олжас Құдайбергенов БЖЗҚ құрылғанға дейін инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен төмен бол­ғанын айтады. Содан кейінгі мерзімде инвестициялық табыс инфляцияға қарағанда әрдайым жоғары болды. Арада 20 жыл өткенде инвестициялық кіріс үлкен өсім беріп, 43%-ға жеткен. Зейнетақы қорының деректеріне сү­йенсек, инвестициялық кірістің мөл­шері әртүрлі және оның мөлшері көп­теген фак­торға, соның ішінде инвес­ти­ция­лардың ағымдағы нарықтық құны мен валюта бағамдарына байланысты. Демек, соңғы жиырма жылдағы кіріс дең­гейі қазіргі мүмкіндігімізге сай келіп тұр.

Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры А.Адамбаеваның айтуынша, зейнетақы активтерін қаржы құралдарына инвес­ти­циялау Инвестиция декларациясы шең­бе­рінде белгіленген талаптар мен шектеулерге сәйкес жүзеге асырылады.

Осыған дейін сарапшылар инвес­ти­циялық саясаттың ауысуы қазақс­тан­дықтардың жинақ қаржысына кері әсер ет­кенін, теңгеде өссе де, долларда мүлде өсім көрсетпегенін айтып келді. Содан бері БЖЗҚ салымдарының инвес­ти­ция­лық табысын қандай факторларға қарап бағалауға болатыны жөніндегі мәселе реформа басталғалы өзектілігін жойған емес. Осыған байланысты Ұлттық банк өкілі ішкі экономикадағы ақша құнының негізгі өлшемі – айырбас бағамы емес, елдегі инфляция деңгейі екенін айтты. Демек, зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты мақсаты – ұзақ мерзімге инфляция деңгейінен жоғары кіріс алу, яғни зейнетақы активтері са­лым­шыларға инвестициялық табыс әкеле отырып, Қазақстан экономикасы­на да пайда түсіреді. Сонымен қатар қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы шетел валютасында сақталғанын да ескерген жөн. Осылайша инвестициялық саясаттың нәтижесінде халықтың зейнетақы жинағындағы таза инвестициялық табысы тұрақты өсіп жатыр. А.Адамбаеваның айтуынша, 2020 жылы есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 1,3 трлн теңге болған. Бұл табыс мөлшері зейнетақы жарналарының сомасынан асып түсіп, оның көлемі – 1,1 трлн теңгеге көбейген. «2020 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 7,5% болған кезде БЗЖҚ салымшыларының зейнетақы активтерінің кірісі 10,9% болды. Сөйтіп БЗЖҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарына 3,4% көлемінде нақты кіріс кірді», дейді ол.

2020 жылы салымшылардың 7%-ның зейнетақы қорындағы жинағы жеткілікті мөлшерден асқан. Алайда сарапшылар кейбір жұмыс орындарындағы қосарланған бухгалтерия БЖЗҚ-ның инвестициялық тартымдылығына кері әсер еткенін айтады. Экономист О.Құдай­бергенов көлеңкелі экономикаға жұ­мыс істейтін қосарланған бухгалтерия зейнетақы қорының кірісіне ауыр соққы болғанын алға тартты. «Қосарланған бух­гал­терия тек көлеңкелі экономикаға жұ­мыс істейтінін әрбір қазақстандық түсінуі тиіс. Оған жол беруге болмайды. Экономика саласын цифрландыру тереңдеген сайын ондағы кем-кетіктер де айқындала түседі. Сондықтан цифр­ландыруды енгізе отырып, көлеңкелі экономикамен күресті күшейту керек», дейді О.Құдайбергенов.

Сонымен бүгінде жалпы халықтың 4 пайызға жуығы зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалана алады. Мұндай ереже енгізіле салуы мұң екен, жұртшылық жаппай зейнетақы қорындағы ақшасын алуға ұмтылды және басым көпшілігі артылған қаржысына үй алуға, оның алғашқы жарнасын төлеуге кірісті. Бұл өз кезегінде баспана бағасына да әсер етті. Пәтер бағасы қаңтар айында 2,7 пайызға, ал 2020 жылы 10,1 пайызға өскен. Бірақ кейбір сарапшылар бұл – уақытша құбылыс, алдағы жарты жылдықта баға қалыпқа түсетінін айтса, енді бірі тұрғын үйдің бағасы қымбаттай береді дейді. Бірақ бізді алаңдатып отырғаны басқа мәселе. Айтпағымыз, салымшылардың бір бөлігі зейнетақы қорындағы ақшаны алып қойса, оған салынатын инвестициялық табыс та күрт азаяды. Бір сөзбен айтқанда, зейнетақы жинағындағы ақшаның азайғаны оған қосылатын кірістің де төмендейтінін білдіреді. Сарапшылар зейнетақы қорындағы 2,5 трлн теңгенің кетуі 93% салымшының активіне кері әсер етеді деген пікірде. Себебі салымшыларға бөлінетін 2,5 трлн теңге − БЖЗҚ-да жинақталған активтің бестен бір бөлігі. Демек, салымшылардың алуға құқы бар трлн-даған теңгенің орнын қалай толтырамыз деген мәселе кімді болса да толғандыратыны анық. Сарапшылардың да бұған жауабы дайын: «Қор бірінші кезекте активтерді сата бастайды. Ал активтер қоржыны үнемі сын тезінде жүретін мәселе. Себебі ішкі нарықта аса таныла қоймаған кәсіпорындардың акциясы, екінші деңгейлі банктердің облигацияларын сатып алу отандық экономиканы қолдау мақсатында жүргізілгені белгілі. Бірақ БЖЗҚ активтері отандық эко­но­ми­каның дамуына қалай әсер етті деген тақырыпты Үкіметтің эконо­ми­ка­лық блогы тарапынан жан-жақты зерде­леу керек».

Сарапшы А.Чеботаревтың пікірінше, БЖЗҚ-ның инвестициялық декларация­сын өзгерту және қор активтеріне заманауи көзқарас қажет. Бұл процестерді жүзеге асыруға көп уақыт керек емес. Себебі екінші деңгейлі банктердің ак­ция­­лары мен бағалы қағаздарының ин­­вес­тициялық кірісі қандай болатыны бел­гілі. «Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қорының инвестициялық кі­ріс­теріне деген өзгерістерді дәл қазір­ден бастауымыз керек. Себебі теңге де­позитінің жоғары пайызы шетел­дік­тер­ге тартымды. Олар мұндай жоғары көр­сеткіш үшін тәуекелге бара алады» , дейді А.Чеботарев.

Сарапшы Қазақстанда тұрғын үй на­ры­­ғынан ө­зге пайдалы инвестициялық кіріс көзі жоқ деген түсінік қалыптасып қал­ға­нын айтады. Бұл қоғамның қар­жылық сауатына да байланысты. Ал бағалы қағаздар нарығы салым­шылар­дың назарынан тыс қалды. Өткен жыл­дың наурыз-сәуір айларында қор нары­ғында Твиттер, Фейсбук тәрізді атақты ком­паниялардың акциясы құлдырап, біресе өсіп, инвесторлар үшін қолайлы сәт­тер болғанын білеміз. «Сол себепті са­лымшылардың қорындағы қаржыны тек тұрғын үй нарығына қарай бағыттау дұрыс емес. Бұл БЖЗҚ реформасына жауап­ты тұлғаларды ойландыруы тиіс»,  дейді А.Чеботарев.

БЖЗҚ реформасы басталғалы бері салымшылардың арнайы шоттарына ке­ліп түскен ақшаны әртүрлі салаға салу мәселесі жиі көтеріліп жатыр. «Бұл ақ­шаны неге білім саласына пай­да­лан­бас­қа? Ата-ана баласының оқуын неге төлемеске немесе баласына арнап депозит ашып, сонда сақтауға пайдалануға болады ғой? Сондықтан бұл мақсатты та тізімге қосу керек. Инвес­ти­цияны ең бірінші білімге құю керек», дейді сарапшы Мақсат Халық.

 Astana Motors басшысы Нұрлан Смағұлов Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министр­лі­гіне зейнетақы қорындағы ақшаны автокөлік сатып алуға пайдалану туралы ұсыныспен шыққанын, бастама Ұлт­тық экономика министрлігінің қарауына жіберілгенін айтты. «БЖЗҚ-ның ақшасы тек пәтер сатып алуға ғана емес, отандық автокөлікті сатып алуға да жұм­салғаны жөн. Машина жасаушылар мен автоөндірушілер де бұл идеяға ынталы», дейді Н.Смағұлов.

Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін пайдалану − бір реттік нау­қан емес. БЖЗҚ-дағы салымның ин­вес­ти­циялық кірісі қазір шамамен жылына 4,5 %-бен өсіп отыр. Ең бастысы, бұл реформада салымшы өзін инвестор ретінде толық сезінді. Мұның нәтижесі қандай болатыны уақыт еншісінде.

 

АЛМАТЫ