Форумды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо ашты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке сектор компанияларының алпысқа жуық өкілі, соның ішінде Аргентина, Канада, Франция, АҚШ және Ұлыбританиядан спикерлер қатысты.
– Біз қоғамды реформалар қабылдау үрдісіне барынша жұмылдыруға тырысамыз. Сондай-ақ полициямен және басқа да мемлекеттік органдармен үнемі диалог құрып, қоғамның өз қауіпсіздігіне бейжай қарамай, жауапкершілігін арттыруға көмектесеміз, – деп атап өтті Дьердь Сабо.
Қатысушылар елімізде сервистік полиция құрудың ерекшеліктері мен Қазақстанда орнықты және қауіпсіз қоғамдастықтар құру үшін мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық пен азаматтардың күш-жігерін біріктіру тақырыбын талқылады.
Форумда ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Қарағанды облысында іске асырған қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдемелер бойынша қанатқақты жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба негізінде белгілі бір аумақтың проблемаларын жергілікті аумақта шешу үшін ведомствоаралық топ құрылып, оған мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері кірді.
– Мемлекет басшысы полицияны сервистік модельге көшіруді жандандыруды тапсырды. Бүгінгі алаң полиция қызметін дамытудың жаңа трендтерін талқылауға, озық тәжірибемен бөлісуге, құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді әдістерін табуға мүмкіндік береді. Жұмыстағы жаңа тәсілдің арқасында біз нәтижелерді көріп отырмыз. Полиция халықпен тығыз жұмыс істейтін жерде қылмысқа қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Қазақстанның ІІМ өкілдері жүргізіліп жатқан полицияны жаңғырту нәтижелері туралы айтып, келешекке арналған перспективаларды белгіледі. Сервистік бағдарланған полиция құру реформаның маңызды міндеттерінің бірі екені атап өтілді. Бүгінгі таңда құқық қорғау қызметтері сапасының басты өлшемшарты халықтың сенімі мен өз құқықтарын қорғауға жүгінген азаматтардың қанағаттану деңгейі болып табылады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеп, ыңғайлы патрульдеу әдісі енгізіліп, учаскелік патрульдердің жұмысын цифрландыру жүргізілетіні белгілі болды.
Өз кезегінде, Қазақстанның IT-қауымдастығы форумда елдегі қауіпсіздік жағдайын жақсарту және құқық бұзушылықтардың алдын алуда бейнекамераларды пайдалану үшін процестерді цифрландыру мүмкіндіктерін таныстырды. Шетелдік сарапшылар өз елдерінің азаматтардың өмір сүруі үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау және халықпен диалог орнату тәжірибесін ортаға салды.
Сондай-ақ форумда Ақмола облысындағы «Родина» ауылы үлгісінде қауіпсіз қоғамдастық құрудағы жетістіктер сөз болды. Форум тақырыбын талқылауға Қазақстанның азаматтық белсенділері мен қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Олар ішкі істер органдарын реформалау процесіне халықты көбірек тартуға бағытталған бірқатар ұсыныс енгізді. Қазақстан ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев ұсыныстардың барлығы мұқият зерделенетінін жеткізді.