Туризм • 15 Наурыз, 2021

Таңдай қақтырған Түрген шатқалы

2613 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Асқаралы Алатаудың бауырына сұғынып жатқан Түрген атты ауыл бар. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының аумағында ғой. Жетісудағы тұмса табиғат дәл осы мекенге келгенде шынайы көркемдік пен ерекшелікке барын салған сияқты. Өйткені, айналасын тау қоршаған өлкеде саф ауа, жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің басы қосылып, бір үйлесім тауып тұрғандай әсерге бөлейді.

Таңдай қақтырған Түрген шатқалы

Осы ауылдың іргесінен аумақтағы ірі тау шатқалы шығады. Іле Алатауының теріскей бөктерінен басталып 49 шақы­рымға созылатын Түрген шатқалы Сары­тау жотасына дейін созылып жатады. Әрі қарай Асы үстіртіне жалғасады дей­ді деректер. Шатқалдан бастау алатын Теріскенсу өзені де аймақтың інжу алқасындай. Қоршаған ортаға көрік береді. Әрі тау өзендерінің ішіндегі арнасы терең өзеннің бір осы Теріскенсу екен. Судың тұңғиық түбі бір жарым метрге дейін жетеді.

Түрген шатқалы тұмса табиғи мекен ғана емес, қоршаған ортаның сұлу­лығына құштар жандардың аңсары ауып тұратын туризмнің орталығына да айналып келеді. Алматы қаласынан 90 шақырым қашықтықта жатқанына қарамастан тау арасына келушілер қатары сиремейді. Әсіресе, демалыс күндері бұл маңға ағылған адам қарасы көп болады. Өйткені, ғажайып табиғаттың бірнеше кереметі осы шатқалдан табылады. Мұнда алғаш келгенде ыстық су атқылаған бұлақ пен тастан құлап аққан сарқырама алдыңнан қарсы алса, ішкерілей енген сайы қыл­қан жапырақты ағаш шоғыры мен ұшар басын қар көмген тау шыңдары ынтық­тырып ала жөнеледі...

Түргендегі табиғи сарқыраманың ішіндегі елеулісі – Аюлы деп аталады. Жақпар тастан құлап түскен тау суы 30 метрлік биіктіктен ылдилап ағып, етектегі өзен арнасына қосылып жатыр. Ал осындағы Бозгүл атты тағы бір таңдай қақтырар сарқырама жартасты тесіп шығып, кәдімгі туннельден өткен жүрдек пойыз сияқты арындап ағып өтеді. Жалпы, бұл сарқырамалардың дені бас­тауын Іле Алатауының мұздық­тарынан алатын Шың Түрген мен Кіші Түрген өзендерінің түйіскен тұсына жиналып, ылдилай келе Түрген өзенінің арнасында тоғысады. Қапталдас ағып жатқан Теріскенсу өзені де тармақталып барып, Түргенмен түйіседі. Дәл осы Теріскенсу өзенінде балық етіне жерік қауым алтынға бағалайтын бақтақ балы­ғы өсіріледі. Яғни мұндағы форель шаруа­шылығының өнімі сұранысқа ие.

Түрген шатқалының өсімдік әлемі де өте бай. Тау арасында құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов түйесіңірі сияқты сирек кездесетін ағаш түрлері өседі. Жабайы өрік ағашы мен Сиверс алмасының түптері де жеткілікті. Ал қайың мен терек, шыршаның көптігі көз сүріндіреді. Шатқалдың табиғи ерекшелігінің бірі – бұталы өсімдіктерді жиі ұшыратасыз. Аяқ басқан сайын қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қой бүлдірген, итмұрын шо­ғырын көресіз. Әрине, мұндай тұмса өңір­де аң-құстың да алуан түрі болуы заң­ды. Шатқал ішін қоян, борсық, тиін, қабан, тауешкі, қасқыр, аю мекендейтіні сөзсіз. Улы жыландардың да түрі көптеп кез­деседі.

Айтпақшы, біз бұған дейін шатқал аузында қоныс тепкен Түрген ауылын­да бертінге дейін қазақ мектебінің бол­мағандығын жазған едік. Сонда ежелден қазақтардың атақонысы бол­ған мекенде ұлт тіліндегі оқу орны болмауының себептерін айтып, бұл мәселенің Тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­­да­рында ғана шешілгеніне тоқтал­ған­быз. Яғни Түрген ауылының аума­ғы сол тұста коммунистік партия жүйе­сінің ерекше назарында болып, үлкен бас­­шылардың жеке демалыс аумағына айналғаны бұған себеп болған екен. Демек, Түргеннің туристік әлеуеті артып, әлемнің қыдырымпаз жұртының назарындағы тұмса мекенге айналу мүмкіндігі әлі де жоғары. Қазірдің өзінде Жетісудағы тиісті сала қызметкерлерінің қарқынды жұмысының нәтижесі оң жемісін беріп отыр. Нәтижесінде, таңдай қақтырған Түрген шатқалына келушілер легі жыл сайын артып келеді.

Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданы бо­йынша тау туризмін дамытуға негіз де, мүмкіндік те бар. Бұған Іле Алатауы ұлт­тық табиғат қорығы аумағындағы жұ­мыс­тардың қарқын алғанын қоссаңыз, жалғыз Түрген шатқалының ғана емес, тұтас ауданның туристік әлеуеті артқаны байқалады. Мәселен, былтыр жаз маусымында аумақтағы табиғи демалыс орындарына 33 586 саяхатшы келіп демалған екен. Оларға көрсетілген қыз­меттің қаржылай құны 47 млн тең­геден асқан. Демек, табиғаттың өзі қолмен қойғандай етіп көрсетіп берген туристік бағыттарды одан әрі дамыту арқылы экономикалық табысқа да қол жеткізуге әбден болады деген сөз. Бү­гінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша турис­терге қызмет көрсететін 8 отель, 1 қонақ үй, 3 демалыс үйі мен 3 сауықтыру лагері бар. Бұған қоса екі аңшылар үйі мен тағы екі демалыс айлағынан кісі қарасы үзілмейді. Ендігі мақсат Түрген шатқалы сияқты табиғат таңғажайыбын көздің қарашығындай сақтай отырып, туризмнің дамуына да жағдай жасау болып отыр.

 

Алматы облысы