«KEGOC» АҚ-ның мәліметіне сүйенсек, 10 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:25-те ауа райының күрт өзгеруінен, дәлірек айтқанда қар мен жаңбыр түріндегі екпінді жауын-шашын мен мұздың қатуы салдарынан Атырау және Маңғыстау облыстарында 220 кВ-тық «Индер-Атырау» жоғары вольттық электр жеткізу желісі ажыратылған. Осы уақытта Қарабатан ГТЭС-інде жалпы жүктемесі 100 МВт болатын екі генератор ажыратылды. Бұл Атырау мен Маңғыстау облыстарында жиіліктің күрт төмендеуіне алып келді. Осының салдарынан жиіліктің төмендеуінің алдын алатын автоматика іске қосылды.
Автоматиканың іске қосылуының нәтижесінде екі облыста электр энергиясының толықтай сөніп қалу қаупін туғызатын жиіліктің терең төмендеуіне жол берілген жоқ. Ал сағат 23:22-де Қарабатан ГТЭС-інің бір генераторы іске қосылып, станса генерациясы 50 МВт-қа арттырылды. Сағат 22:59-да ЖЭС-3 МАЭК-те қуаты 200 МВт блокты қосуға нұсқау беріліпті.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатовтың айтуынша, электрмен жабдықтаудағы осындай іркіліс 11, 15, 16 қаңтарда да туындады. Бірақ энергетиктер электр энергиясымен жабдықтауды қалпына келтірді. Бұл ақаудың себебін зерттеу үшін Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті комиссия құрды. Осы комиссия жұмысының қорытындысымен нақты шаралар қабылданады, – дейді Б.Тұхфатов.
«КЕGОС» АҚ «Батыс жүйеаралық электр желілері» филиалының директоры Константин Чернохаев электрмен жабдықтаудағы іркіліс Атырау ЖЭО-да, Қарабатандағы электр стансасында (Karabatan Utility Solutions ЖШС) генерацияның төмендеуі мен «Теңізшевройл» ЖШС-ның жүйесінде ауытқу болғанын растады. Жылыой, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы, Мақат аудандары мен Атырау қаласының сол жағалау бөлігінде «Атырау-Жарық» АҚ-ның тұтынушылары жарықсыз қалды.
К.Чернохаевтың айтуынша, осы кезде автоматты ажыратуды енгізетін апатқа қарсы автоматика екі рет іске қосылыпты. Шектеулердің жалпы көлемі шамамен 100 Мвт, оның ішінде Атырауда – 70, ал Маңғыстауда 30 МВт-ты құрады. Ірі қосалқы стансаларды, стратегиялық маңызды нысандарды ажыратудың негізгі себебі желсіз нөсер жаңбыр ғана емес.
– Бұл жаңбыр қандай да бір зат әкелді. Бұл оқшаулаудың қабаттасуына себеп болды. Құрамында не болғанын қазір айта алмаймыз. Мүмкін бұл желмен көтеріліп, әлдебір циклонға шоғырланған Каспий немесе Арал теңізінің тұзы шығар. Мүмкін басқа бір нәрсе болар, – дейді К.Чернохаев.
Содан бері екі айға жуық мерзім өтті. Алайда электр желісіндегі ақаудың нақты себебі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр. Ал салдары күрделі екені біліне бастады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Шухрат Данбайдың мәлім етуінше, кәсіпорында аймақты электрмен жабдықтау жүйесінде болған іркілістің салдарынан техногендік ақаулар жиі кездескен.
– Биылғы қаңтарда зауытта кернеудің 21 терең ақауы байқалды. Соның салдарынан CCR технологиялық қондырғысы катализаторларының 90 пайызы істен шықты. Бұдан басқа да салдарлар пайда болды. Сол себептен, зауыт әлі күнге дейін тұрақты технологиялық режімге ене алмай отыр. Кәсіпорынға келтірілген шығын 25 млрд теңгеге бағаланды, – дейді Ш.Данбай.
Мұнай өңдеу зауытының тұрақты технологиялық режімге ене алмағаны Атырауда көлікке құятын сұйытылған газ тапшылығын туындатарын ешкім болжай алмаған секілді. Бұл мәселе ушыға бастағанда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жедел кеңес өткізіп, сұйытылған газ тапшылығының туындауына жол берген жауапты тұлғалардың салғырттығын сынға алды.
– Жауапты басқарма басшылары мәселенің ушығуына жол беріп отыр. Энергетика министрлігі мен Атырау мұнай өңдеу зауытымен тығыз байланыс жасап, мәселені уақтылы реттегенде мұндай жағдай болмас еді. Осындай олқылыққа тікелей жауапты тұлғаларға қызметтік шара қолданылады, – деді М.Досмұхамбетов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышевтың айтуынша, Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, ақпанда наурыз айы үшін облысқа қажетті 4 600 тонна сұйытылған газ беру туралы кесте жіберіліпті. Бірақ Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты тиісті көлемдегі сұйытылған газды бере алмай отыр. Осыған байланысты өзге компаниялардан 4 500 тонна газ сатып алу жоспарланыпты.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы каталитикалық крекинг қондырғысының істен шығуына байланысты сұйытылған мұнай газын өндіру жүзеге асырылмайды. Аталған қондырғыны қалпына келтіру наурыздың соңына дейін жалғасқалы отыр. Осыған орай министрлік наурыз айына сұйытылған мұнай газын жеткізудің түзетілген жоспарын қайта жасақтады. Онда аталған Атыраудағы зауытқа бекітілген өңірлер өзге зауыттардың ресурстарына қайта бөлінді.
– Атап айтқанда, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына сұйытылған газды жеткізу «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШСна жүктелді. Ал Қостанай мен Маңғыстау облыстарына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жеткізеді. Атырау облысын «Теңізшевройл» ЖШС, Батыс Қазақстан облысын «Жайықмұнай» ЖШС қамтитын болады. Қазір қайта түзетілген жоспарға сәйкес газ желісі ұйымдары мен жеткізуші зауыттар арасында шарттар жасау жүргізіліп жатыр. Осылайша, өңірлердің сұйытылған мұнай газына қажеттілігі жоспарлы көлемде қамтамасыз етіледі, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Міне, осыдан-ақ электр желісіндегі ақаудың салдары күрделі екенін аңғаруға болады.
Атырау облысы