Қазақстан • 16 Наурыз, 2021

Парламенттік тыңдауда ұлттық құндылықтарды дәріптеу тақырыбы талқыланады

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін сенаторлар Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында таяуда өтетін Парламенттік тыңдауға дайындық барысын талқылады. Ондағы «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбында тыңдаулар өткізу ағымдағы жылдың 30 наурызына жоспарланған болатын.

Парламенттік тыңдауда ұлттық құндылықтарды дәріптеу тақырыбы талқыланады

«Парламенттік тыңдаудың тақырыбы аясында алынып отырған негізі бес бағыт: Тәуелсіздік және тарихи таным; ел мен жер; тіл және имандылық; ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие; білім мен біліктілік талқыланады», деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

Тыңдауға дайындық аясында бірқатар министрліктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылығының, қоғам мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен 10-ға жуық кездесулер мен отырыстар болды. Онда филологиялық білім беруді реформалау, көркем әдебиет және мектеп оқулықтарын әзірлеу, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыру, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттігі, сонымен қатар жастар арасында азаматтық және рухани, этникалық және ұлттық бірегейлікті нығайту идеяларын насихаттау мәселелері айтылды.

Сенаторлар осыған дейін Үкіметке бірқатар тақырыптық сауалдар жолдап, онда елдің кітапханалары мен архивтерінің жағдайы, оқулықтардың мемлекеттік тілге аударылу сапасы және т.б.проблемаларды көтерген болатын.

Осы және басқа да бірқатар мәселелер алдағы Парламенттік тыңдауда толығырақ талқыға салынады, оның нәтижесі бойынша ұсыныстар дайындалатын болады. Одан кейін Үкіметке жіберілетін ұсыныстар жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға  үлес қосуы тиіс.

Парламенттік тыңдаудың тікелей эфирдегі көрсетілімін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ресми сайтынан http://senate.parlam.kz/kk-KZ/live сілтемесі арқылы көре аласыз.