Қазақстан • 17 Наурыз, 2021

Зейнетақы қаржысын жеке компанияларға беру пайда әкеле ме?

492 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көпшілік аса мән бермей, мән берсе да маңызын ұқпай жатқан бастама – зейнетақы қаржысын жеке компанияларға аудару мәселесі. Аударсақ пайда бар ма, аудармасақ неден ұтыламыз деген сұрақ бар. Жылдап жинаған ақшамызды компаниялар қалай жұмсайды деген де сауал туады. Компаниялардың әлеуеті бұған жете ме деген сұрақ бар. Әр сұрақтың астарынан қауіп те қылаң береді.

Зейнетақы қаржысын жеке компанияларға беру пайда әкеле ме?

Бізбен сұхбаттасқан «БанкЦентр­Кредиттің» еншілес компаниясы – BCC Invest басқарма төрағасының орынбасары Александр Дрониннің айтуын­ша, бүкіл соманы жеке басқарушы компанияға бере салуға болмайды.

Зейнетақы жинағының консервативті бөлігін белгіленген шек мөлшерінде БЖЗҚ-да ұстау керек. Бұл сіздің минималды зейнетақыңыздың кепілі іспетті. «Қалған бөлігін жеке басқарушы компанияға аударуға болады. Компаниялар жоғары табыстылық пен теңгені құнсызданып кетуден сақтайтын ішінара қорғаныс ұсы­нады», дейді ол.

Бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бұл бастаманың табыс әкеле қоюы екіталай екенін айтып еді.

– Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияларға аудару түсінбестік тудырып отыр. Олар қазір БЖЗҚ қолданатын ережені көшіріп алған. Табыс та сол деңгейде болмақ. Жеке басқарушы компаниялар үшін әлдеқайда ыңғайлы инвестициялық декларация қабылдау керек деп санаймын, – деді депутат.

А.Дрониннің айтуынша, қазір жеке басқарушы компаниялардың табыс­тылығының орташа деңгейі – 17 па­йыз. Ал бұл БЖЗҚ-дан екі есе жо­ғары.

– БЖЗҚ өте үлкен көлемдегі қар­жы­ны табыстылығы аса жоғары емес мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға инвестициялайды. Жеке бас­қарушы компаниялар әлдеқайда та­бысты корпоративтік секторды таң­­дайды және Қазақстан экономика­сы­на ғана емес, дамыған елдер ком­панияларына да инвестиция салады. Меніңше, БЖЗҚ-ның өзі сол күйі ұсына алмаған девальвациядан қорғау әрекеті – жеке басқарушы ком­па­ния­лар­дың пайдалы екенін растайтын күшті аргумент, – дейді сарапшы.

DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев инвес­тиция­лық компанияларға көп шектеу қо­йыл­ғанын айтты. «Мәселен, ва­люта­лық құралдарға ақша салу көлемі 50 пайыздан аспауы керек. Ондай жағ­дайда басқарушы компаниялар порт­фе­лінің БЖЗҚ портфелінен айырмасы бол­май қалады» деді.

Біздің сауалымызға жауап берген А.Дронин белгіленген талаптар шең­бе­рінде инвестицияға түбегейлі басқа тә­сіл қолданылуы мүмкін екенін айтады.

– Қадағалаушы көптеген жеке зей­­нет­ақы қорын шығынға батырған 2008 жылғы сценарий қайталанбас үшін басқарушы компаниялардың шек­тен тыс агрессивті стратегия таң­да­мағанын қалайды. Алайда жеке бас­қарушы компаниялар портфелінің БЖЗҚ портфелінен айырмашылығы мол. Біріншіден, мемлекеттік бағалы қағаздардағы үлесі әлдеқайда төмен болады. Екіншіден, жеке басқарушы компаниялар портфелінде әлемге әй­гі­­лі компаниялардың акциялары пайда болады. Активтерге елдік және ва­люталық әртараптандыру жүр­гі­зі­ле­ді. Сонымен қатар жеке бас­қа­ру­шы компаниялар қысқа мерзімді мүм­кін­діктерді белсенді пайдаланып, порт­фель тепе-теңдігін жиі өзгерте алады, – дейді.

Қаржы нарығын реттеу және да­мы­­ту агенттігі бекіткен ереже бо­йын­ша компаниялар қаржыны қабыл­дап алған соң, кірістіліктің ең төмен дең­гейін қамтамасыз етуі керек. Қам­та­ма­­сыз ете алмаған компания пайда бол­­ған теріс айырманы өз капиталы есе­­бінен төлейді.

– Табыстылықтың ең төмен деңгейі барлық жеке басқарушы ком­па­ния­лар­дың басқаруындағы зейнет­ақы актив­терінің номиналды кірістілігінің орташа алынған коэффициентінің 70 пайызы деңгейінде белгіленеді, – дейді агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Бұл тәртіп басқарушы компания­­­лар үшін үлкен тәуекел тудырып, олардың белсенді қадам­дар­ға баруы шектеліп қалмай ма деген сұрақ туа­­ды. Бұған сарапшы былай жа­уап береді.

– Расында, өтемақы бойынша талап ету – дәл қазіргі сәттегі ең ма­ңыз­ды мәселе. Қазіргі жағдайда та­быс­­тылық бағдары барлық алты бас­қа­рушы компанияның табыстылық деңгейінде болады. Мәселен, бір компания 5 па­­­йыз көлемінде шығынға батса, екіншісі – 10, үшіншісі – 25, төртіншісі 30 па­йыз көлемінде табыс көрсетсе, онда осы көрсеткіштер қосылып, 15 пайыз көлемінде орташа табыстылық пайда болады. 10,5 пайыздан (15*0,7) төмен табыс­ты­лық көрсеткен барлық компания өзінің салымшыларына 10,5 па­йызға дейінгі айырмашылықты төлеуге міндетті. Алайда бұл жеке бас­қарушы компания­лар консер­ва­тив­ті стратегияны қолайлы көреді де­ген сөз емес. Біріншіден, ондай жағ­дайда салымшылардың БЖЗҚ-да­ғы ақшасын компанияларға аудару­дың не мәні қалады? Екіншіден, консервативті стратегияны таңдау кі­­­ріс­тілік өтемақысы тәуекелінің жоқ­­­ты­­ғын білдірмейді. Мәселен, қор кон­­­сервативті стратегияны таңдады және 9 пайыз табыс көрсетті, ал оның бес агрессивті әріптесі 20 па­йыз көрсетті делік (солай болуы әбден мүмкін). Мұндайда консервативті қор 9 бен 12,7 пайыз арасындағы (орташа нарықтан 0,7) айырмашылықты өтеу­ге мәжбүр болады, – дейді банк өкілі.

Қаржы консультанты Өркен Діна­сы­ловтың айтуынша, бұл баста­ма­ның қаншалықты табыстылық әкелері ком­­паниялардың қаражатты дұрыс ор­на­ластыруына байланысты.

– Негізі, басқарушы компания ақ­ша­ны қандай акцияға саламын десе де өзі біледі. Бірақ әлемде зейнетақы қар­жысын инвестициялаудың өзіндік стан­дарттары бар. Сол стандарттар­ды негізге алып басқарса, жақсы пайда табуға мүмкіндік болады. Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қандай бағалы қағаздарға салу және салмау керегі жайлы мөл­ше­рін бел­гі­лейді. Сол рұқсат етіл­ген актив­тер­дің 50 пайызы – мем­лекеттік теңгелік ақшалар. Тағы 50 пайызына шетел ва­лютасындағы құралдарға салуға мүм­кіндік береді. Жалпы, зейнетақы ақша­ларын бас­қарудың екі түрі бар – актив және пассив. Мысалы, Нор­вегия қоры салымшылар ақшасын пассивті басқарады. Бүкіл әлемдегі 9 мың ак­ция­ны сатып ала салады. Мынау жақсы, мынау жаман қағаз деп бас қатырмай, әлемдік индекстерді қай­талап қана отырады, – дейді сарапшы.

Мәселені талқылау кезінде туатын тағы бір сұрақ – салымшылардың инвестициялық пайданы алу жайы. Бір тарап жыл сайын салымшы табысын алып отыруы керек десе, келесі тарап бүкіл қаржының зейнет жасына жеткен соң бір-ақ берілуін қолдайды. Ө.Дінасылов – екінші тараптың жақ­тау­шысы.

– Зейнетақы қаржысын жеке ком­па­­нияларға берудегі мақсат – жыл сайын одан табыс алып отыру емес, зейнет жасына жеткен кезде мол ақшаға ие болу. Түскен табыс инвес­ти­циялануы керек. Сондықтан жыл са­йынғы инвестициялық табысты алып отыруға тыйым салу қажет. Дегенмен процесс ашық болуы керек деп ойлаймын. Салымшы салған ақшасының қалай, қандай мақсатта жұмсалып жатқанын біліп отырғаны жөн, – дейді қаржы консультанты.

А.Дрониннің сөзінше, қазір инвес­ти­циялық табыс бөлігін шешу мәсе­лесін қадағалаушы талқы­ла­п жатыр. «Алайда салымшы қордан түскен табыс және БЖЗҚ-ның ай сайынғы толық­тыруы есебінен (жалақыдан ауда­­ры­латын зейнетақы түсімі) ақ­ша­­ны жеке басқарушы компания­да жинай алады. Қажетті соманы жи­нағаннан кейін табысты қоса алғанда, бүкіл ақша­ны БЖЗҚ-ға ауда­ру­ға (жылына бір рет ғана), оны өзіңіз қалаған мақ­сат­қа пайдалануға болады» дейді ол.

Қазіргі тәртіп бойынша, азаматтар инвестиция әсерінен өсіп, көбейген қаржысын зейнет жасына жеткен соң шешіп алады. Оған дейін жылына бір рет жеке басқарушы компанияны ауыс­тыруына, екі жылда бір мәрте ақ­шасын БЖЗҚ-ға кері қайтаруына мүм­кіндік бар. Сол арқылы ақшасын үй алуға, басқа да мақсаттарға жұмсай алады.

Биылғы 23 ақпандағы мәлімет бойынша зейнетақы портфелін басқа­рушы­ға аударуға байланысты 87 өтініш түскен. Аударымның жалпы сомасы – 218,6 млн теңгеден астам. Салымшының зейнетақы жина­ғы жеке компания басқаруына: зейнета­қы қорында жиналған сомасы мен жи­­нақтың ең төменгі жеткілікті шегі ара­сындағы айырмадан аспайтын мөл­шерде; өмір бойғы төлемді қамта­ма­сыз ететін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде ғана беріледі.

BCC Invest өкілінің айтуынша, бас­қарушы компаниялар өз клиент­те­рін көрмейді.

– Біз кімнің, қанша мөлшерде қаржы аударғанын білмейміз. Басқарушы компания БЖЗҚ-дан кезең-кезеңімен ақша алып, оны салымшылар мүддесі үшін басқарады. Қаражаттың жарты­сы­на жуығы шетелдік валютамен көр­­­сетілген қаржы құралдарына ба­ғыт­­­­талады. Портфельдің тең­ге­лік бө­­лі­гі көбіне тұрақты кіріс құрал­да­­­рына – корпоративтік сектор эми­тент­терінің облигацияларына, сон­дай-ақ өтімділікті басқару үшін – қар­­жы нарығының құралдарына са­­лы­нады. Портфелдің валюталық бө­лігі негізінен үлестік құралдарға: ин­декс­тік қор, акциялар және акцияға депо­зитарлық қолхаттар, «қатты валю­тамен» көрсетілген еурооблига­ция­лар және балама құралдарға салынады. Зейнетақы активтерін ин­вес­тициялау стратегиясы жылына кем дегенде бір мәрте жаңартылып, түзетіліп отырады, – дейді А.Дронин.

Қазір БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқа­ру туралы төрт компания шарт жасас­қан. Олар – BCC Invest, Halyk Global Markets, Jýsan Invest және «Сентрас Секьюритиз» акционерлік қоғамдары.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»