Арыз-шағым Станционный, Бейбітшілік шағын аудандары мен облыс орталығының іргесіндегі Нұрлыкөш, Бірлік елді мекендерінен де көп түсуде. Мәселенің мәнісін білмек болып хабарласқанымызда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі қол қусырып қарап отырмағандықтарын, тиісті компаниялар тәулік бойы қар тазалап жатқандығын айтып ақталды.
Облыстық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қала тұрғындарының арыз-шағымдарын зерделеп, өкпе-наздың туындауына не себеп болып отырғандығын анықтауға тырысуда. Мәселен, қала шетіндегі шағын аудандарға «Көкше тазалық» компаниясы қызмет көрсетеді. Әйтсе де аумағы кең пішілген шағын ауданға жалғыз ғана қар тазалайтын техника бөлініпті. Қазір тау болып үйіліп қалған қасат қарды тазалауға қауқары жетпей жатыр. Қаржы бөлу механизмінің өзі күмән туғызады. Оқырманның көз алдына елестету үшін тәптіштеп айтуға тура келіп тұр. Бұл шағын ауданға айналма жол және Уәлиханов көшесі арқылы кіруге болады. Бір түсініксізі Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжін жиектей өтетін жол есепке алынбаған. Есепке алынбаған соң қаржы да қарастырылмаған. Қаржы қарастырылмаған соң қасат қарға мелдектеп қалған жолды кім тазаламақ?
Ал қаржы аз емес. Биыл облыс орталығын қардан тазалауға 210 млн теңге қаражат бөлініп отыр.
«Көкше тазалық» пен «Зерен-2006» мердігерлік ұйымдары қар тазалауда. Бұл компаниялармен жасалған келісімшартта Нұрлыкөш пен Бірлік елді мекендері қарастырылмаған», дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ерболат Серікпаев.
Алдын-ала егжей-тегжейлі ескерілмегендіктен, қар басқан шағын аудандардағы ересектер жұмыстарына, оқушылар мектептеріне жете алмай қиналуда. Жедел жәрдем де жете алмайды. Келісімшарт бойынша мердігерлер боран басылған соң 4-6 сағат ішінде жолды тазартуға тиіс. Бірақ бұл талап сақтала бермейді. Қар басқан көшелерге қарап облыс орталығында жолдарды қысқы күтімін бақылайтын мекеме мүлде жоқ деп те айтуға болады.
– Егер жергілікті әкімдік бізбен келісімшарт жасаса, біз өз көмегімізді ұсынуға әзірміз, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының инженері Игорь Стефан, – қаланың шет жақтағы көшелерінде қардың көптігі өз алдына, көктайғақпен күресу шаралары талапқа сай атқарылмай жатыр. Оның ең басты себебі, арнайы техниканың жетіспейтіндігінде.
Тығырықтан шығар жалғыз жол, тапсырыс берушінің мердігерлерді міндеттеу тетігін жетілдіруінде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандары апта сайын әр көшенің қардан тазалануын қадағалағанымен, жұмыс талапқа сай емес. Бүгінгі таңда 70 техника жұмылдырылған. Бірақ табиғаттың тосын мінезімен белдесуге күш жетімсіз. Әр жылдың өз ерекшелігі болады. Мәселен, былтыр облыс орталығынан 140 мың текше метр қар шығарылса, биыл 270 мың текше метр қар тасымалданыпты. Демек күн қабағына орай қар тазалайтын техникалар саны көбейтілуі керек еді.
Алда тағы бір үлкен сын бар. Ол – көктемгі қызыл судың жүрер уақыты. Тау-теңіз қар астында жатқан облыс орталығын күн жылынысымен топан су басып қалмас па екен?!
КӨКШЕТАУ