Биыл Жетісуда сақман әдеттегіден ерте басталып кетті. Қыстамаға қоңды кірген буаз мал ерте көктемде-ақ төлдей бастаған. Наурыздың аңызағы басылмай жатып-ақ туған қозының саны 625 мың бастан асты. Ал сақман маусымының аяқталуына әлі бір жарым айдай уақыт бар. Бұйырса, биылғы төлдің тізімі 2 млн басқа жетеді деген болжам да жоқ емес.
Жалпы, облыстағы мал басы жыл сайын көбейіп келеді. Қазір аймақтағы қой саны 4 млн басқа жуық. Оның ішінде саулық қойдың саны 1 915,6 мың басқа жеткен. Ал қой өсірумен 109 ірілі-ұсақты шаруашылық айналысып отыр. Осылайша жетісулық шопандардың берекелі тірлігі өңірдегі қой санының артуына серпін беріп қана қоймай, Алматы облысының уақ мал саны жөнінен республика бойынша екінші орыннан көрінуіне жол ашқан.
– Биылғы сақман ерте басталды. Күн райының құбылмалы болғанына қарамастан, шопандар күн-түн демей төл алып жатыр. Қазірге дейін облыстағы жас төлдің саны 625 мың басқа жетті. Алда әлі екі айға жуық уақыт бар. Яғни қоржын қозыға тола береді деген үміттеміз. Төлдің түсімі де жаман емес. Есеп бойынша, әр жүз бас саулықтан 102 бастан қозы алуға қол жетеді деген болжам бар. Жалпы, биыл облыс бойынша
1 млн 870 мың бас төл алынады деп күтіп отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты мал шаруашылығын дамыту бөлімі басшысының орынбасары Бақтияр Шампықов.
Айтпақшы, қой санының көбеюі облыстағы ет өндірісіне де өзіндік ықпалын тигізіп жатыр. Қазір Жетісу даласының шүйгін шөбін жеп өскен малдың етіне қызығушылар қатары артып, дайын өнім шет ел нарығына шыға бастады. Бұл саланы дамытуға әлемге танымал трансұлттық компаниялар да инвестиция құюға кіріскен. Мәселен, Германияның «Бауманн» компаниясы «Жетісу қой» жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Яғни неміс ағайындар облыс аумағында ет өңдейтін зауыт салып жатыр. Бұл өндіріс ошағы жылына 30 мың тоннаға дейін уақ малдың етін толықтай өңдеп, нарыққа шығармақ. Сондай-ақ, америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы да жылына 500 мың бас мал етін өңдеуге қауқарлы ет өңдеу зауытын салуға кірісті.
Алматы облысы