Екіжақты келіссөздерге АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Сулливан, Қытай жағынан сыртқы істер министрі Ванг И мен коммунистік партияның ең жоғары лауазымды дипломаты Ян Цзечи қатысты.
Жиын барысында екі жақ та бір-бірін сөзбен сойып салуға тырысып, кемшіліктерін жіпке тізді. Кіріспе сөз сөйлеген Э.Блинкен «АҚШ келіссөздер кезінде Қытайдың әрекеттеріне алаңдаушылық білдіреді. Әсіресе, Шыңжандағы, Гонконгтағы, Тайваньдағы мәселелер, АҚШ-қа жасалған кибершабуыл, сондай-ақ одақтастарымызға жасалған экономикалық қысымды көтереміз», деді.
Қытай тарапы да қарап қалған жоқ. Ян Цзечи өз сөзінде Вашингтонды әскери әлеуеті мен қаржылық артықшылығын пайдаланып, басқа елдерден асып түсуге ұмтылады деп айыптады. Сондай-ақ Ақ үй әкімшілігінің шешімдерін Қытайға шабуыл жасауға теңеді. Адам құқығы мәселесін қозғаған Ян мырза АҚШ-та қара нәсілді азаматтар «қынадай қырылып» жатқанын айтты.
Жоғарыда айтылғанның бәрі – келіссөздің журналистер тамашалай алған бөлігі ғана. BBC арнасының хабарлауынша, келіссөз жабық есік жағдайында өтіп, белгіленген уақыттан асып кеткен. Тіпті медиа алдында әдеп сақтаған дипломаттар есіктің арғы жағында бір-бірін аямаған көрінеді.
Бір қызығы, Э.Блинкен бұған дейін айтылып жүрген өзекті мәселелерді көтерді. Бейжің билігінің Шыңжандағы мұсылмандарды қудалауы туралы бірінші рет айтылып отырған жоқ. Былтыр АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға арнайы іссапармен келіп, Қытайдан сақтанудың маңызын жеткізген-ді. Ол әңгіме барысында Қазақстан шекарасына таяу маңдағы Шыңжан автономиялық ауданында мұсылман ұйғырлар мен этностық қазақтарға Қытайдың коммунистік партиясы қысым көрсетіп отырғанына алаңдаған. АҚШ бүкіл мемлекетті Қытайдың қудалауын тоқтатуын талап етуге қосылуға шақыратынын, осы елден қашқандарға саяси пана ұсынып, босқын мәртебесін беруді сұрайтынын жеткізген.
Тайвань мәселесі де әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.
Гонконг тағдырына келгенде де Қытай тарапы өз саясатын жүргізіп отыр. Мәселен, былтыр Гонконгқа қатысты заң шығарып, автономиялық аймақтың біраз еркіндігін шектеп тастаған.
Қытайдың заңы сыртқы саясат пен қорғаныс саласында ғана жүреді демесеңіз, Гонконгтың жеке заң жүйесі, парламенті және атқарушы билігі бар. Мұнда Қытайға қарсы наразылық акциялары жиі өтеді. Сондықтан Гонконг парламентіне заң шығарту арқылы Қытайға өз жоспарын жүзеге асыру қиын. Дегенмен Гонконг заңының 18-бабы бойынша Қытай билігі аймаққа жалпыұлттық заң шығаруға мүмкіндік береді.
Заңнаманың осы әлсіз тұсын ұтымды пайдалануға тырысқан Бейжің Гонконгтың құқықтық жүйесін жетілдіру туралы шешім қабылдап, оны заңға айналдыру үшін тиісті мекемеге жіберді. Қысқаша айтқанда, Қытай автономиялық аймақтың мәртебесін түбегейлі өзгертетін заңды қабылдауға бір қадам қалды.
АҚШ пен Қытайдың басы бірікпейтін мәселе мұнымен шектелмейді. Естеріңізде болса, 2018 жылы АҚШ тарапы Қытайдан келетін 1300 түрлі өнімге салынатын салықты 25 пайызға өсірген болатын. Өз кезегінде Қытай тарапы да мұхиттың арғы бетінен келетін тауарларға қойылатын тарифті көтеріп жіберді. Осылайша, әлемнің екі алып экономикасы арасында «сауда соғысы» тұтанған-тұғын.
Бүгінде бұл «сауда соғысының» салдары ешкімге оңай тиген жоқ. Тіпті АҚШ пен Қытайдан бөлек, басқа мемлекеттер де оның зардабын тартты. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде оның теріс салдары қатты байқалды.
Екі мемлекет Оңтүстік Қытай теңізіне байланысты да жиі араздасып қалады. Оның үлкен мәні бар. Себебі аталған теңіз аумағында көмірсутегінің мол қоры табылып, мұның өзі бір кезде бәсеңдей бастаған геосаяси жағдайды қайта шиеленістіріп жіберді. Сондай-ақ Оңтүстік Қытай теңізі балық қорына да бай. Бұған қоса, осы сулар арқылы жылына орта есеппен 5 триллион доллардың жүгі тасымалданады екен. Яғни қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, Оңтүстік Қытай теңізінің геосаяси мәні аса жоғары.
Бейжің билігі талай мәрте Оңтүстік Қытай теңізі аумағы толықтай Қытайдың территориясы болып саналады деп мәлімдеді. Ал АҚШ теңіздің халықаралық ортақ су жолы мәртебесін қорғау қажет екенін алға тартады. Сондықтан Қытайдың бұл аймақтағы әрекеттерін халықаралық құқыққа қайшы деп есептейді.
Қысқасы, Қытай мен АҚШ-тың арасындағы келіспеушілік көп. Аляскада өткен кездесу осы мәселелерді шешуге бағытталған еді. Алайда алғашқы келіссөзді жемісті аяқталды деп айту қиын. Жиын барысында тараптар жоғарыда айтып өткен мәселелерге қайта тоқталған.
Оған қоса, Вашингтон келіссөздерден бір күн бұрын Қытайдың бірқатар компаниясы мен лауазымды тұлғасына санкция жариялады. Бұл да қытайлық тараптың қитығына тигені анық.
Айтпақшы, Аляскадағы жиыннан кейін Қытай да, АҚШ та өздеріне жақтас іздеуге кірісті. Мәселен, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров наурыз мерекесі тұсында Қытайға іссапармен барса, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен Брюссельде НАТО-ның жиынына қатыспақ. Қорыта айтқанда, ендігі жерде саясат сахнасы екі полярлы әлемге айналмақ.