Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, 200 орындық модульдік типтегі аурухана төрт блокқа бөлінген. Мұнда 180 төсек-орын стационарлық емдеуге, ал 20 төсек реанимация мен қарқынды терапияға арналған.
– Модульдік аурухананың құрылысы инфекциялық бақылаудың барлық талабына сай бой көтерді. Мұнда диагностика мен емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтардың бәрі бар. Атап айтқанда, компьютерлік томография, сандық рентген, медициналық газ жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету секілді ең қажетті аппараттармен қамтылды. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейі жоғары «ақылды» желдету жүйесі орнатылды. Әр палатадағы науқастар төсек-орынның жанындағы арнайы түйме арқылы медицина қызметкерін жедел шақыра алады. Ал оқшауланған бокстарға арнайы чиппен кіруге болады. Бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттер үшін гемодиализ жасау қызметі қолға алынды, – дейді А.Байдуәлиев.
Қазір модульдік инфекциялық ауруханада коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 науқас ем қабылдауда. Ал облыстық №2 инфекциялық ауруханада қауіпті вирусқа шалдыққан 84 науқас емделуде. Оның ішінде 8 пациент жансақтау бөлімінде жатыр.
– Науқастардың ең үлкені – 92 жаста, ал ең кішісі – 30 жаста. Ауруханаға үш жүкті әйел түскен еді. Қазір оның екеуі босанып, қажетті емін алуды жалғастыруда. Бұған дейін екі бала ауырып, емделіп шықты. Жақында 20 пациент модульдік типтегі жаңа ауруханаға ауыстырылды. Олар қалған емін сол медициналық нысанда жалғастырады, – дейді №2 облыстық инфекциялық аурухана директорының орынбасары Надя Ерғалиева.
Оның айтуынша, ауруханада полимеразалық тізбекті реакцияға (ПТР) талдау жасайтын орталықтандырылған вирусологиялық зертхана жұмыс істей бастады. Мұнда тәулігіне 3 мың науқастың анализін тексеруге мүмкіндік бар. Жаңа ауруханада науқастарға 15 дәрігер-инфекционист, реаниматолог қызмет көрсетеді. Олар – инфекциялық ауруларды емдеу үшін алдын ала толық дайындық курстарынан өткен білікті дәрігерлер.
Атырау облысы