Қоғам • 25 Наурыз, 2021

Жан шуағымен жадыратып...

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халқымызда қиындықты бірлесе, иықтаса көтеретін ізгі дәстүр бар. Шарапаты қысылған жанға тисе, ізгілігі жалпыға ортақ өнеге. Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлаған уақытта Ақмоланың жаны ізгі жомарт жандары, әсіресе жас толқын қолы қысқа адамдарды демеп, жан шуағымен жадыратып қолдағандығын айту парыз.

Жан шуағымен жадыратып...

Ел қаймағы болып отырған ерік­ті­лер­дің сан-салалы қамқорлық ісі, жанды жанашырлығы ауқымды болғанын айтпасқа болмайды. Әшейін себет толы азық-түлік тарату бір басқа, ежелгі елдің тарихын екшеп, рухани қазынаны байыту бағытында да қыруар шаруа тындырылды. Талдап айтатұғын болса, алдымен «Asylmura» ба­ғыты ауызға ілінер еді. Осы ба­ғыт бойынша облыстағы тарихи-өлкетану, ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» және Бурабай бау­ра­йындағы тарих мұражайы онлайн түрінде жұмыс істеді. Жаман тұ­мау­дан жасқанып, қарға адым жер аттап шыға алмай қалған қаншама халық туған өлкенің тамаша тарихымен танысуға мол мүмкіндік алды. Осы жұмыс 2 мыңнан астам адамды қамтыпты. Оның ішінде көпшіліктің қызығушылығын туғызған «Бабалар ескерткіштері ұрпақтарға аманат» жобасы екенін де айта кетелік. Жобаның басты мақсаты – Көкшетау мен Қор­ғал­жынның кең көсілген байтақ да­ла­сында сыңсып тұрған тарихи ескерткіштер маңын мұнтаздай етіп тазалап, көзтартарлықтай абаттандырып, қасиетті орындарға мінәжат етіп, құр­мет көрсету. Мұның өзі екінші бір қырынан алғанда желкілдеп өсіп ке­ле жатқан жас ұрпаққа жақсы өне­ге. Ата аруағын сыйлай білетін Алаш баласы осылай болса керек-ті. Жоба аясында 25 мәрте экологиялық сенбілік өткізілді. Бұл сенбіліктерге аға буынмен қатар, жас толқын да жұмыла қатысып, ұйымшылдық таныт­ты. Барлық қалалар мен аудан­дардың маңындағы тағылымы мол та­рихи ескерткіштердің ма­ңын та­залап, көркейтіп қойды. Жал­ғыз ескерт­кіш­тер ғана емес, уақыт шы­мыл­­дығы бүркемелеген, ғасыр­лар қойнауында бұғып жатқан хал­қы­­мыздың жақұттай жарқыраған ға­жа­йып салт-дәстүрін де қайта жаң­ғыртып, ұрпақ тәрбиесіне пай­да­лануға назар аударылуда. Осы орайда, Степногорск қаласында тәп-тәуір жұмыс істеген «Ұлттық игі­ліктердің жеті бағыты» жобасын бөле-жара айта кетуге болады. Жергілікті ұлт өкілдері аз қоныстанған жаңа қаланың жұртшылығы қазақ халқының бай мұрасымен етене танысып, оның қаншалықты маңызды, қаншалықты мағыналы екендігіне көз жеткізді. Ал Есіл ауданында қолға алынған «Ұлттық құндылықтар» бағыты бойынша дархан дала тө­сінде даралығымен, елдігімен, жам­поздығымен жұрт жадында қалған баһадүр бабалардың бойына сіңірген қаһармандық қасиеттері насихатталды. Бұл өңірде бола бермейтұғын түйе жарыс, асық ату тәрізді ұлттық ойындар көрермендердің көңілін аулады. Ал ұлттық тағам болғанымен, кейінгі кезде ептеп ұмытылып бара жатқан сары қымызды баптаудың санқилы тәсілдері, ұлттық тәжірибе көрсетілді.

Үзіліп бара жатқан үміттерді жалғайтын «Úmit» бағдарламасының да шарапаты аз емес. Мәселен, былтыр Степногорск қаласындағы «Поколение» жасағы сауапты, ізетті істерін жалғастырды. Сөз арасында 2017-2019 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен 104 жауынгердің дерегін тапқанын айта кетсек жарасымды. Отан үшін опат болған ерлердің артында қалған ұрпақтары аталарының жорықты жылдардағы ерлік істеріне тәнті болып, көптен көкейлерінде жүрген армандарымен қауышып, дәтке қуат етті. Мұндай деректер әлі де табылуда. Өткен жылы ақмолалық жауынгер Азықан Нұғымановтың дерегі Ресейдің Тверь облысынан табылды. Облыстық әкімдік бас болып туысқандарын іздестіргенімен, таба алмады. Әйтсе де, ел елдігін танытып, боздақтың мүрдесі елге жеткізілді. Қошемет-құрмет көрсетіліп, жерленді.

Естіген ел көкірегін ризашылық сезім бөлейтін талай шаруа атқары­лу­да. Бір қуаныштысы, осындай жанашырлығы мол істердің басы-қасында жас толқынның жүруі үміт отын лаулата түседі. Кейінгі ұрпақ ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қайырымдылық, адамгершілік қасиеттердің сабақтасқан желісін бекемдей түсуде. Жаман тұмау жан алқымнан алып тұрған кезде жо­ға­ры оқу орны студенттері балаларды оқыту, олардың жазғы демалысын ұйымдастыру, қарттар мен жалғызілікті адамдарға көмек көр­се­ту бағытында жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс істеді. Бұл орайда, Сандықтау ауданының жас­тары өзге өңірдегі құрбыларына өнеге бола білді. Олар қажеттілігі қатты сезілген бетперде тігіп, дәрі-дәрмектерді мекенжай бойынша жеткізіп беруге қолғабыстарын тигізді. Аудандық ауруханаға да қол ұшын созды. Осындай жанашырлықтың жақсы толқыны Шортанды ауданында да естіген елдің жүрегін елжіретті. Аудан жастары Nur Otan партиясының аудандық филиалының қолдауымен жергілікті кәсіпкерлердің басын біріктіре отырып, 500-ге жуық көп балалы және жалғызілікті отбасыларына азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Шуағы мол сәулесін төккен жастар жаққан жарық жұлдыздар әр өңірде де себезгілей сәуле шашып, жылуын төкті. Жақсы ауданында 14 еріктілер орталығы нәтижелі жұмыс істеді. Жүздеген жастар аяқ астында пайда болған аяусыз дерттің зардабын жоюға, алдын алуға, адамдарды ажал шеңгелінен арашалауға жұмылдырылды. 160-тан астам отбасыға көмек көрсетті. Жалпы өңір бойынша 20 мыңнан астам отбасыға жәрдем берілгендігін және осы жақсы істің басы-қасында жалынды жастардың жүргенін ескерсек, үміт оты лаулай түседі. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда және бір бағытта ғана емес, қоғамдық өмірдің сан сала­сын қамтыған. Үйде отырған жал­ғыз­ілікті жандар өздерінің жалғыз емес екендігін сезінді. Оларды да қос қолтығынан демеп, жебейтін ел бар екен, жағдайларымен санасатын, қысыл­ғанда қарасатын жұрт бар екен. Мұның өзі түсініп, түйсінгенге рухы мы­қты, көңілді демдейтін рухани демеу.

Жекелеген ұйымдар да ортақ істен шет қалған жоқ. Олар қиын сәтте Волгодоновка, Қойкелді және Арнасай ауылдарының тұрғындарына жалпы жиынтық құны жарты млн теңгені құрайтын көмек көрсетті. Ақкөл ауданында зейнеткерлерге, жалғызілікті жандарға, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға 4 млн 820 мың теңге көлемінде жәрдем берілді. Дәл осындай ізгі іс Біржан сал ауданында да қолға алынып, 1 млн 450 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қаржыға бетперде, қорғанысқа қажетті заттар алынды. Сондай-ақ, ауырып жатқан адамдардың дастарханына ақ дәм жеткізілді.

Жалпы республикалық, «Мың алғыс!» акциясы өңірде қуатты қолдау тапты. Жылуы мол жанашырлықтың нәтижесінде қажетті дүниелер сатылып алынды. Ел болып еңсе тіктеп жатқан уақытта дауасыз дертке қарсы өрістетілген қат-қабат шаруадан Бұланды ауданындағы «Макинка құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де шет қалған жоқ. Олар 7 млн теңге қаражат бөлді.

Өңірдегі жан жылуын тарқатып айтудағы басты мақсат – бірліктің бекемдігін паш ету. Кез келген ауырт­па­лықты бірлесе көтерген жұрттың жалауы еш уақытта төмендемейді. Жа­ман аурудың сабақтары ең алдымен осы­ны көрсетті.

 

Ақмола облысы