Әлем • 29 Наурыз, 2021

Жаннұр – Қытайдың үздік шетелдік студенті

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Қытайдың бірқатар агенттігі «Жылдың үздік шетелдік студенті» анықталғаны туралы хабар таратты. Анықтай келе биылдың үздік студенті ретінде сол жақта білім алып жүрген қазақстандықтың таңдалғаны мәлім болды. Оған қоса, Жаннұр Ниязбекова – университет президентінің арнайы стипендиясының иегері. Топ жарып, көш бастаған отандасымызды іздеп, әңгімеге тарттық. Ол шетелдегі студенттік өмірі мен аталған жүлдеге қалай ие болғанын айтып берді.

Жаннұр – Қытайдың үздік шетелдік студенті

Қызылорданың тумасы Жаннұр Ниязбекова Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Ветеринариялық медицина мамандығы бойынша білім алған. Қазақстан Президенті стипендиясының иегері атанған. Магистратурада оқып жүріп, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде профессордың ассистенті қызметін атқарған.

2017 жылы «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясы Сиенян қаласындағы Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетіне Профилактикалық ветеринариялық медицина мамандығы бойынша PhD докторантураға оқуға түскен. Жас ғалым бүгінде «Ешкі сүті құрамындағы микрорганизмдердің популяциясы және оның ішек микрофлорасына әсері» тақырыбын зерттеуде.

Жаннұр оқумен қатар, қоғамдық өмірде де белсенді екен. Ол үкімет бастаған бағдарламаларға қатысып, тәжірибе жинақтауға тырысатынын айтты. «Мен оқып жатқан университет Шэньси провинциясына қарасты Жэнба және Хэян ауылдық округтеріне кедейлікпен күресу және ауылдарды жандандыру мақсатында көмек береді. Университет студенттері де шараға атсалысып, жарты не бір жыл бойы сол ауылдың дамуына көмек беріп, жұмыс істейді. Мен де 2020 жылдың маусым айында өз мамандығым бойынша ауыл шаруашылығының дамуына селекция бойынша үлес қостым. Сонымен бірге ауыл оқушыларына ағылшын тілін үйреттім. Ауыл тұрғындары бұрын-соңды шетелдік көрмеген, сондықтан басында менен ұялатын. Қытай тілін меңгергенімді, ауыл шаруашылығы бойынша білім алғанымды біліп, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Мен ауыл шаруашылығы – фермерлер үшін кедейліктен арылу және бай болу үшін маңызды сала екенін айттым. Ол үшін аурудың алдын алу және оған қарсы күрес шараларын жүргізу керек. Егер де мал инфекциялық ауруларға шалдығатын болса, ол экономикалық шығынға әкеледі. Ал оны болдырмау үшін ешкі қораларын, азық қоймаларын таза және құрғақ ұстау, үнемі тазалап отыру, экологиялық-санитарлық менеджментті реттеу керек», дейді Жаннұр.

Отандасымыз дезинфекция жасау мен әртүрлі дезинфекциялау құралдарын қолдануды да үйретіпті. «Мен қатысқан кедейлікті жоюды мақсат еткен бағдарлама туралы көптеген бұқаралық ақпарат құралы, соның ішінде Синьхуа агенттігі жазды. Тіпті менің жұмысым агенттік сайтының бірінші бетінен орын алды. Синьхуа ақпараттық агенттігінің VLOG-ын ел бойынша 69 бұқаралық ақпарат құралы қайта басып шығарды және видео 1,5 миллионнан астам қаралым жинады», дейді отандасымыз.

Жаннұрдың айтуынша, университет президенті стипендиясын алуға сол жақтағы мұғалімі себепші болыпты. Талапты шәкіртін лайықты деп санап, өзі ұсынған. «2020 жылдың қазан айында 2020-2021 оқу жылына арналған президенттік стипендияға өтініш беру басталғанын білгенде Чен есімді мұғалім мені ұсынған болатын. Талаптар бойынша оқу үлгерімі, яғни GPA 75 балдан жоғары болу керек, менің GPA көрсеткішім 95 балл болды. Тағы бір талап – имфакт-факторы жоғары ғылыми журналдарда бірінші автор болып мақала жариялау. Жақында ғана швейцариялық IF 2.323 «Animals» журналында мақалам жарияланған болатын. Қытай тілін білу деңгейін анықтайтын HSK тесті бар. Сол емтиханда қажет деңгейді дәлелдеуің керек. Үміткер университетішілік және де басқа іс-шараға, халықаралық конференцияларға қатысуы керек. Менің кандидатурам барлық талаптарға сай келді. Университет бойынша 13 шетелдік студент тапсырып, екеуіміз желтоқсанда президенттік стипендия иегері атандық», дейді жас ғалым.

«2020 жылдың желтоқсан айында ел ішінде беделді саналатын «Ең үздік студент» жүлдесіне де өтініш қабылдау болып жатқанын естіп, біздің университеттен басшылық жеті студентті ұсынған болатын. Жоғарыда тізілген талаптарға қоса, Білім бөліміне қызық әрі мағыналы бір мақала жазу керек. «Осы жүлдені ұттың» деген хат келгенде еріксіз жылап жібердім. Бұл жүлдені алу шетелдік студент тұрмақ, Қытай азаматтарының көбінің қолынан келмейді. Оқуға түскен жылы пәкістандық студенттің осы жүлдені алып жатқанын көріп, оны бұрын-соңды қазақстандық студент алмағанын естіп, екі жылдан кейін мен де осы жүлдені аламын, қазақстандық студент «Ең үздік студент» болады деп іштей уәде бергенмін. Бұл менің ғана емес, бар қазақтың жеңісі деп білемін», дейді қуанышымен бөліскен Жаннұр.

Қытайда білім алып жүрген қазақстандықтар отандастарының жеңісіне бірге қуаныпты. Жаннұр бір жылдан соң оқуын тәмамдайды. Үздік студенттің елге оралып, шетелде жинаған тәжірибесі мен білімін ел дамуына жұмсасам деген тілегі бар.

 

Соңғы жаңалықтар