Аймақтар • 30 Наурыз, 2021

Індеттен арылудың жолы – екпе салдыру

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аты жаман індеттің үшінші толқынының ел аумағында таралуына байланысты Шымкент қаласында карантин ережесі 12 сәуірге дейін ұзартылды. Әсіресе наурыз айының бел ортасынан бастап шаһарда коронавирус індетін жұқтырғандар саны арта түсті. Бір ғана мысал, 28 наурызда КВИ-дің 45 жағдайы тіркелді (белгілері бар – 25, белгілері жоқ – 20). 25 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 20 адам үй бақылауына алынды.

Індеттен арылудың жолы – екпе салдыру

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев індет­тің жаппай таралуына жол бермеу мақ­сатында карантиндік іс-шараларды ұзар­ту туралы қаулы қабылдады. «Шымкент қала­сының аумағында 2021 жылғы 29 наурыз сағат 00:00-ден бастап 2021 жылғы 12 сәуір сағат 00:00-ге дейін каран­тин және шектеу іс-шаралары ұзар­тыл­сын», делінген құжатта. Аталған қау­лыға сәйкес, 29 наурыз бен 12 сәуір ара­лығында қалада ас беру шараларын (толтырылуы 30 пайыздан артық емес, бірақ 50 адамнан артық емес) қоспағанда адам­дардың көп жиналуына байланысты кез келген іс-шараларды (туған күндер, мерей­тойлар, шығарып салу, құдалық, той, беташар және басқа) өткізуге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеледі. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарға (оның ішінде қала­лық қоғамдық көлікте сапар шегу ке­зін­де) және қызметіне рұқсат етілген ны­сандарға барған кезде, сондай-ақ ашық ауада орналасқан қоғамдық орын­дар­­да болған кезде (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі та­лап­тар қатаң сақталуы қажет.

Шымкентте инфекциялық стационарларда төсектік орын жеткілікті. Қазір стационарлардағы 560 орынның 249-ы бос, ал карантиндік стационарлардағы төсектік орындар түгелдей бос деуге болады. Бүгінге дейін шаһарда 305 046 ПТР зертханалық зерттеу жүргізілген. Оның ішінде бір күнде 1 963 ПТР алынған. Сондай-ақ қала аумағында са­нитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильдік топ жұмыс істеуде. Олар өткен тәулікте 240 нысанға тексеру жұ­мыс­тарын жүргізді. Нәтижесінде, 17 ны­сан­да карантин режімінің талаптары бұ­зылғаны анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бүгінде індеттен қорғанудың оңтайлы жолы – вакцина салдыру мен бетперде режімін сақтау. Тұрғындар жиі шоғырланған орындарда бетперде тағып жүруді жұрт на­зарына салған қалалық жастар ре­сурс­тық орталығының еріктілерінен құ­рал­ған топ коронавирустың алдын алу үшін бетперде таратуды қолға алған. Олар қысқа уақыттың ішінде 5 мың дана медициналық бетперде таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атал­ған шара аясында қаланың Төтенше жағ­дайлар департаменті және Полиция департаментінің қызметкерлері базар ма­ңындағы тұрғындар мен сатушыларға, қоғамдық көлік иелеріне карантин талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда бетперде тағу қауіптің алдын алудың алғышарты екенін еске салды.

Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бұл үшін ел тұр­ғындары жаппай вакцина салдыруы керек. Осы мақсатта Шымкентте 7 мың­ға жуық адамға ерікті түрде вакцина салынды. Оның ішінде 4 301-і медицина қызметкерлері болса, 2101-і – педагогтер. Ал 161-і полиция қыз­меткерлері мен 299-ы – басқа да санаттағы азаматтар. Инфекцияға қар­сы вакциналау жұмыстары 21 емдеу меке­ме­сін­де жүргізілуде. Бұған қоса нау­рыз айы­ның соңына дейін қосымша 10 бас­тапқы медициналық-санитарлық ал­ғаш­қы көмек ұйымдарында вакциналау үшін арнайы кабинеттер ашылмақ. Са­нитарлық-эпидемиологиялық ба­қы­лау департаменті денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, БМСК ұйым­да­рының 450 медицина қыз­мет­ке­ріне вакциналау мәселелері бойынша тренинг семинарлар өткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде жүр­гізілуде. Вакциналауға про­фи­лак­­тикалық егуге қарсы көрсет­кіш­тері жоқ адамдар жіберіледі. Вак­ци­на­лау ал­дында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексеруден өткі­зе­ді. Қалада медицина мамандары енді де­малыссыз инфекцияға қарсы егу жұ­мыс­тарын жүргізеді. Өткен сенбі мен жексенбі күндері бастапқы сани­та­риялық медициналық көмек көрсету ұйым­дарындағы мамандар өз еркімен ке­лі­сім берген азаматтарға ковидке қар­­­сы екпе салды. Бүгінге дейін 7 181 аза­­­матқа ковидке қарсы вакцина са­лын­­ған. Екпе алғандардың 70 пайыздан астамы – медицина мамандары. Ал басқалары – мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Екпе салу түрлі санат бойынша кезегімен жүр­гізілуде. Вакциналау жұмыстары қа­ла­дағы 26 емдеу мекемесінде жүр­гізілуде. Қосымша 10 бастапқы меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмек ұйым­дарында арнайы кабинеттер да­йын­далды.

Вакцина салдыру – коронавирус ауруы­ның таралуын болдырмаудың бір­ден-бір жолы.

 

ШЫМКЕНТ