Бұл жайында «Брендті ұнды биржада сатуға қарсы» деген тақырыппен «Egemen Qazaqstan» газетінің биыл 9 ақпандағы санында жарияланған мақалада жан-жақты мәселе қозғалған еді. Естеріңізде болса, Сауда және интеграция министрлігі былтыр 2021 жылдың шілде айынан бастап 1-сұрыпты ұнды биржалық тауарлардың санатына енгізу туралы ұйғарымға келген. Артынша министрліктің бұл шешіміне шетелге ұн экспорттап отырған ірі диірмендер наразылық білдірді. Өйткені қазақ ұнының бірден-бір басты импортері – Ауғанстан тарапы биржа саудасына техникалық тұрғыдан дайын емес. Ал ұн биржа арқылы саудалана бастаса, Қазақстан экспорттағы қомақты үлесінен айырылып қалуы мүмкін.
Мемлекет басшысының шешіміне, әсіресе биыл сыртқа саудаланатын ұн көлемін ұлғайтуды көздеп отырған Қостанай облысының ұн өндіруші кәсіпкерлері қатты қуанды.
– Бұл – біздің өңірдегі ғана емес, жалпы бүкіл еліміздегі дүйім диірмен кәсіпорындары тағатсыздана күткен сүйінші жаңалық. Бұған дейін бұл мәселені біз облыстық кәсіпкерлер палатасында бірнеше рет көтеріп, ұнның биржа арқылы сатылуы саланы тоқырауға әкелетінін айтқан болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, ұн биржа арқылы сатыла бастаса, отандық ұн экспорты үлесінің 65 пайызын алып отырған Ауғанстанға шығатын жол жабылады. Өйткені бұл елде біздегідей емес, жағдай тұрақсыз, олар биржалық сауда қатынастарына дайын емес. Сонымен қатар бірінші сұрыпты ұн қазақстандық бренд болып саналады. Яғни әр кәсіпорынның көп жылдан бері қалыптасып қалған сенімді клиенттері бар. Тағы бір мәселе, биржалық сауда талаптары бойынша ұнды сақтау мерзімі өте қысқа. Бұл – кәсіпкерлер үшін қолайсыз. Кәсіпкерлер палатасының сараптама қорытындысында осының бәрін тізіп көрсеттік. Мемлекет басшысы жағдайды дұрыс бағамдап, мәселені кәсіпкерлердің пайдасына шешіп беріп отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – деді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Қостанай облысы