Республика аумағында бактериялық күйік алғаш рет 2000 жылдардың басында тіркелді және оның таралу аймағы жылдан жылға кеңеюде. Соңғы жылдары осы ауруды жұқтырған бақтардың аумағы 50 есе өсті.
«Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес, бактериялық күйік инфекциясының ошақтарын анықтаған кезде 30 шақырым радиустағы ағаштар мен барлық өсімдіктерді тамырдан тазарту, өртеу бойынша карантиндік шараларды жүргізуге мәжбүр болады, ол өз ретінде миллиардтаған шығындармен қатар экологиялық зардаптарға әкеледі. Мәселен, 2017-2020 жылдары Алматы облысы аумағында бактериялды күйігімен залалданған бақтар көлемі жыл сайын 1 мың гектарға дейін алқапты құрап отыр, облыс бойынша 200 гектарға дейін бақты залалданған ағаштарды түбірімен қопару жұмыстары жүргізілген», деді Сұлтан Дүйсембинов.
Депутат мамандардың пайымдауынша, бактериялық күйікке қатысты тиісті шараларды жүргізбеу, еліміздің барлық жеміс екпелерінің 50 пайыздан астамы мен алма бақтарының толықтай жоғалуына соқтыруы мүмкіндігін атап өтті. Сондықтан сенатор Білім және ғылым министрлігіне - жеміс дақылдарының бактериялық күйігіне қарсы ғылыми зерттеулерді және отандық биопрепараттарды кең ауқымды сынау бойынша бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне - биопрепараттарды сериялық өндіру бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсыру орынды деп санайды.