Былтырғыдай емес, Шымкент қаласында егіс аумағы арта түскен. Биыл 29,3 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (2020 жылы – 27,9 мың гектар) 1,4 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері) – 12,9 га, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 3,8 га, көкөніс пен бақша – 3 га, картоп – 0,7 га, мал азықтық дақылдар – 8,9 га аумаққа егіледі, – дейді сала сарапшылары.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, оператор анықталып қойған. Бұл қаладағы ірі 60 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егу жұмыстарын жүргізуге толығымен жетеді. Агроқұрылымдарға жеткізіп беруді қоса алғандағы жеткізу құны литріне 157 теңге болып бекітілді (нарықтағы бағасы – 183-185 теңге).
Көктемгі дала жұмыстарына трактор, тұқым сепкіштер, жер қопсытқыштар, топырақ өңдейтін агрегат секілді техникалардың саны жеткілікті. Бүгінде олар 93,2 пайызға дайын.
Сонымен қатар шаһарда осы жылға минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 122 млн 146 мың теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 5 млн 885 мың теңге, пестицидтердің, биоагенттердiң құнын субсидиялауға 600 мың теңге бөлінді.
Сондай-ақ былтырғымен салыстырғанда шаһардағы жылыжай кешенінің аумағы да арта түскен. Оған себеп, қалада жылыжай кешендеріне мемлекеттік қолдау көрсетіле бастады.
Ауыл шаруашылығы саласында басым бағыттардың бірі азық-түлік тауарлары екені белгілі. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында жылыжай кешендерінің саны мен оған көрсетілетін мемлекеттік қолдау үлесі артып келеді.
Шымкенттегі мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған өндірістік жылыжай кешендерінің бірі – «Иляев» ЖК. Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан. Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайды. Өз жұмысын 2018 жылы бастаған. Сол жылы кешен құрылысына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген. Жылыжай кешені түркиялық стандартқа сай келетін және жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, инновациялық жүйедегі заманауи технологиялармен қамтылған. Жылына 600 тоннаға дейін қызанақтың «Мерлис» және «Пембе» сұрыптарын өндіреді. Өндірілген тауарлар азық-түлік дүкендері мен базарларында сатылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, бұл жерде өсірілетін көкөністер тек экологиялық таза өнімдерден құралады. Оларды өсіруде қолданылатын технология су мен тыңайтқыштарды және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар нәтижесінде кәсіпкер, шаруашылық иесі Берік Иляев 2022 жылы қосымша жылыжай аумағын 4 гектарға ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Одан өзге, Шымкент қаласын ғана қамтып қоймай, экспортқа шығаруды көздеп отыр.
Жалпы, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде егін шаруашылығына ерекше дем берілуде. Соның бірі Қаратау ауданына қарасты Бозарық тұрғын алабында орналасқан қызанақ, қияр өнімдерін өсірумен айналысатын жылыжай кешендерінің бірі – «Зәуре» шаруа қожалығы.
Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін өнеркәсіптік жылыжай кешені өз жұмысын 2019 жылы бастаған. Сол жылы өндірістік жылыжай кешенінің құрылысына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсалған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қолдау алған.
Қазіргі таңда жылына 900 тоннаға жуық көкөніс өнімдерін өндіре алатын кешенде 45 адам тұрақты жұмыс істеп, қала тұрғындарын сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде. Заманауи түркиялық технологиялармен қамтылған жылыжай кешені тамшылатып суарудан бастап, жылу энергиясының автономды көздерімен, термоаккумулятор, жылыту және климаттық бақылау жүйесі, ауаны автоматты ылғалдандыру, жарық беру, көмір қышқыл газын өндіру, перделеу жүйелерімен автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.
Алдағы уақытта шаруашылық иесі жылыжай кешенінің аумағын кеңейтіп, көкөніс өнімдерін арттыруды және шаһар тұрғындарын сапалы әрі таза өнімдермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Соңғы жылдары Шымкентте жеміс-жидек өндірісі қарқын алуда. Мәселен, «Ақтас – 2» шағын ауданындағы бау-бақша жұмысы соның дәлелі. Рабат тас жолы бойында орналасқан алма бауының жалпы аумағы – 100 гектар. 4 түрлі алма сортынан 250 мың түп алма ағашы отырғызылған. 2020 жылы су тапшылығынан өнім беру көрсеткіші төмендеп, жаз мезгілінде 100 тонна, күз мезгілінде 8 тонна өнім жиналған.
Биыл алма ағаштарын бұтау және дәрілеу жұмыстарына қосымша қаржы бөлініп, жоспар бойынша осы жылы 500-1000 тонна көлемінде өнім алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қосымша 12 500 түп алма ағашын отырғызу жоспарлануда.
Жалпы осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде және су тапшылығы толығымен шешілген жағдайда 100 гектардан 3 мың – 5 мың тоннаға дейін жеміс жинаймыз дейді шаруашылық мамандары.
ШЫМКЕНТ