Әлем • 04 Сәуір, 2021

Азаттық аңсаған Шотландия

534 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мамырда Шотландияда парламенттік сайлау өтеді. Межелі мерзім жақындаған сайын Еуропаның мұнайлы елінде саяси бәсеке қыза түсті. Әсіресе, додада жеңіске жетуді көздейтіндер скоттардың ең әлсіз тұсы – тәуелсіздік мәселесін жиі көтереді.

Азаттық аңсаған Шотландия

Оқырманға түсінікті болу үшін Шотландияның тарихына аз-кем үңіліп көрейік. Британ аралдары көне заманнан бері талайды қызықтырғаны мәлім. Сондықтан шығар, мұнда қанқұйлы қырқыстар тоқтаған емес. Ғасырлар ауысқан сайын жаңа корольдіктер бой көтеріп, енді бірі жойылып отырған. Осындай алмағайып кезеңдерде қазіргі Шотландияның батыс аумағы мен Солтүстік Ирландияның солтүстік бөлігінде Дал Риада патшалығы дүниеге келеді. Бұл корольдіктің негізін қалаған кельт тайпаларының бір бөлшегі саналатын скоттар болатын. 843 жылы Дал Риаданың королі I Кеннет көршілес пиктілер елін жаулап алып, Шотландия патшалығын құрады.

Бұл корольдік өз тарихында талай қиын-қыстау сәтті өткізгені белгілі. Бірақ оның бәріне тоқталмай-ақ, қазіргі кезеңге тікелей қатысы бар оқиғаларға көңіл бөлейік. 1567 жылы Шотландия патшайымы Мария Стюарт элитаның қысымымен тәжі мен тағынан бас тартып, билікті бір жасар ұлы Яковқа тапсырады. Сөйтіп ол Шотландияны басқарған VI Яков атанды.

Бір қызығы, Яков әкесі де, анасы да Шотландия патшасы Яков IV жұбайы Маргарита Тюдордың немерелері еді. Ал Маргарита Англияның королі болған, Тюдорлар әулетінің негізін қалаған Генрих VII қызы болатын. Осылайша, Яковтың Англия тағына таласуға заңды құқығы бар-тұғын.

1603 жылы Англия патшайымы Елизавета I бұл өмірмен қоштасты. Ол пәни жалғанда бала сүймегендіктен, тақ мұрагерлігі Шотландия патшасы Яков VI бұйырды. Осы оқиға Шотландия мен Англияның бірігу процесін бастады. Рас, екі корольдік біржола біріккенге дейін бір ғасырдай уақыт өтті. 1707 жылы Англия парламенті мен Шотландия парламенті «Одақтастық жөніндегі актіні» қабылдады.

Құжатқа сәйкес, Англия корольдігі мен Шотландия корольдігі қосылып, «Ұлыбритания» деген атаудың астына бірікті. Скоттарға бірқатар мүмкіндік беріліп, автономиялық мәртебе иеленді. Екі патшалықтың парламенті де қосылды.

Бертінде 1998 жылы Шотландия акті қабылданған соң ғана Шотландия парламенті қайта құрылды. Сөйтіп, су жаңа заң шығарушы органдағы 129 депутатқа мандат берілді. Содан бері скоттар елінде 5 мәрте парламенттік сайлау өтіпті. Ең соңғысы, 2016 жылғы саяси бәсекеде Шотландия ұлттық партиясы жеңіске жеткен-ді. Оның көшбасшысы Никола Стерджен елдің бірінші премьер-министрі лауазымын сақтап қалды.

Никола ханым 2014 жылы бірінші премьер-министр Алекс Салмонд қызметінен кеткеннен кейін алғаш рет осы лауазымға сайланған-ды. Енді, міне ол үшінші мәрте Шотландияның бірінші тұлғасы атағын сақтап қалғысы келіп отыр. Биылғы қаңтарда Н.Стерджен азаттық туралы тағы да бір референдум өткізетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жолы ресми Лондонның келісімі қажет емес.

Естеріңізде болса, 2014 жылы Шотландияда референдум өтіп, халық азаттық туралы пікірін білдірді. Дауыс беру нәтижесі бойынша тұрғындардың 55,3 пайызы Ұлыбритания құрамында қала беруді қолдады.

Бірақ содан бері тұрғындардың пікірі өзгергені анық. Оның екі себебі бар. Біріншісі – Брексит. Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамына сонау 1972 жылы енген-тұғын. Содан бері Тұманды Альбионда ұйымның пайдасы мен зияны туралы әңгіме әрдайым айтылып келеді. Елде 1975 жылы Еуропа Одағында қалу-қалмау туралы референдум өтіп, қатысқандардың 67 пайызы кәрі құрлықпен бірге болуды қолдап дауыс берді. Әйтсе де, ұйымның тиімсіздігі жөніндегі әңгіме жиі сөз болатын. 2013 жылы осы мәселеге біржола нүкте қою үшін сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропа Одағына қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания халқы дауыс беріп, Еуропа Одағынан шығуды қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.

Халықтың кәрі құрлықтан бас тартпайтынына сенімді болған Кэмерон мырза референдумнан соң қызметінен кетті. Бірақ содан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де Брекситпен басы қатып, ақыры орынтағын босатты. Брекситпен басы қатқан келесі премьер-министр Борис Джонсон ақыры Еуропа Одағымен ат құйрығын кесісті.

Айта кетерлігі, осы Брексит кезінде Шотландия халқының басым бөлігі, яғни 62 пайызы Еуроодақтан шығуға қарсы дауыс берді. Сол кезде Шотландияның бірінші премьер-министрі Никола Стерджен Шотландия Брекситтен кейін де Еуроодақпен бір нарықта қалғысы келетінін айтып, «Біз өз ұсыныстарымыздың талқылауға тұрарлық екеніне Ұлыбританияның көзін жеткізуіміз керек. Ал бізге құлақ аспаса, Шотландияның Біріккен корольдік құрамынан шығуы туралы екінші референдум өткізуге дайынбыз», деген еді.

Қаңтардан бастап Ұлыбритания Еуропа Одағымен біржола қоштасты. Бұл екі тарапқа да оңай тимегені белгілі. Мәселен, Еуроодақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, сауда-экономикалық қатынас секілді мәселелер Еуропа саясаткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырды.

Ұлыбритания мен кәрі құрлықтың сауда-экономикалық қарым-қатынасы тым күрделенгені соншалық, қазір солардың түйінін жеке-жеке тарқатуға тура келді. Мысалы, бұған дейін Шенген аймағына мүше елдердің азаматтары Тұманды Альбионға емін-еркін кіріп шығатын. Сол секілді ағылшындар да Шенген аймағы мемлекеттеріне барғанда қосымша құжат тапсырып, тексеруден өтпейтін. Сол секілді, екі жақтың ұшақтары да емін-еркін ұшып жүрді. Брекситтен соң бәрі өзгерді. Алдын ала келісім бойынша 2021 жылдың алғашқы алты айында әуе компаниялары қызметін бұрынғыдай жалғастыра бермек. Әйтсе де, осы мерзім ішінде олар ұшып-қонуға қатысты құжаттарды Еуропа Одағының ережесіне сай ресімдейді. Яғни бұл EasyJet, Ryanair және British Airways компаниялары үшін оңайға соқпайтыны анық.

Оған қоса, тас жолмен тасымалданатын жүк тасымалы да зиян шекті. Бұған дейін жүк көліктеріне еш шектеу қойылмаған-ды. Енді Еуропадан тауар таситындардың саны азайды. Сондай-ақ автобус арқылы жолаушы тасымалы да айтарлықтай кедергілерге тап болды.

Әсіресе, Брексит шотландиялықтарға оңай тиген жоқ. Қазіргі таңда елдегі Абердин қаласы Еуропаның мұнайлы астанасы саналады. Сондай-ақ кельттер мен скоттар елі балық шаруашылығына иек артады. Осы екі сала да Еуропа Одағымен қоштасқан соң қиындыққа тап болды.

Атап айтсақ, балықшылардың Брекситтен кейін Еуропа Одағы аумағында балық аулау мүмкіндігі шектелді. Есесіне Ұлыбритания суларында ау мен қармақ салатын кәрі құрлықтың кемелері 25 пайызға кеміді. Бірақ әр тарап ұсталған балықты өздерінде тіркеуден өткізуі тиіс. Бұған дейін мұндай ереже жоқ еді. Енді шотландиялық балықшылар бәрін басынан бастауы қажет. Соның салдарынан Еуропа Одағына шығарылатын балық өнімдерін экспорттауға кедергі келіп отыр.

Сондай-ақ Ұлыбритания балықшылары ұстайтын теңіз өнімдерінің жартысынан астамы кәрі құрлыққа жөнелтіліп келген. Брекситтің кесірінен ендігі жерде тауарларға қосымша салық салынып, оны бұрынғыдай еркін тасымалдау мүмкін емес. Яғни Ұлыбритания балықшыларының басым бөлігін құрайтын шотландиялықтар бұдан ұтылғаны анық.

Екіншіден, коронавирус пандемиясы да Шотландияға оңайға соққан жоқ. Экономикалық өсімнің қарқыны бұрынғыдай емес. Карантиндік шектеу салдарынан жұмыссыз қалғандар көп. Брекситтен басы қатқан тұрғындарға індет «жығылғанға жұдырық» болғаны айтпаса да түсінікті. Яғни мұның бәрі халықты азаттық алуға итермелемек. Сондықтан мамырдағы парламенттік сайлауға түсетіндер тәуелсіздік алуды қайта көтере бастады.

Айтпақшы, Шотландиядағы биылғы саяси бәсекенің көркін Алекс Салмонд қыздырмақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол 2014 жылы бірінші премьер-министр қызметінен өз еркімен кеткен-ді. 2018 жылы оған лауазымды қызметін атқарып жүргенде сексуалдық қысым көрсетті деген айып тағылды. Кейінірек Салмонд Шотландия ұлттық партиясы құрамынан шеттетілді. Биыл ол «Альба партиясын» құрып, саяси бәсекеге қатыспақ.

Қорыта айтқанда, Салмондтың саяси амбициясына қарамастан, алдағы сайлауда Шотландия ұлттық партиясы жеңіске жететінін болжау қиын емес. Мұны сауалнамада көрсетіп отыр. Алда-жалда аталған партия жеңіп жатса, Никола Стерджен бірінші премьер-министр лауазымына қайта сайланатыны сөзсіз. 2014 жылғы референдумды өткізуді Ұлыбритания парламенті қолдаған еді. Ендігі жерде Н.Стердженнің бастамасына ресми Лондонның қуануы екіталай.