Қоғам • 07 Сәуір, 2021

Төсектік орын жеткілікті, дәрі-дәрмек бағасы тұрақты

380 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Індеттің қайта өршуіне орай дәрі-дәрмек пен ауруханалардағы төсек-орын мәселесі кез келген өңірде өзекті. Былтыр жаз айларында ауру асқынып, тұрғындар қаладағы ауруханалардан орын таппай, ем-домға дәріханалардан дәрі іздеп кеткені барлығымыздың есімізде. Міне, сондай келеңсіздіктің алдын алу үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы бір­қатар аурухана мен көтерме сауда қоймалары, меди­ци­налық бұйым шығаратын мекемелердің жұмысымен танысты.

Төсектік орын жеткілікті, дәрі-дәрмек бағасы тұрақты

Әуелі «НПО Зерде» ЖШС, «Ақ ниет» ЖШС, «Аптека №5», Аtamiras.s ЖШС көтерме қойма­ларын аралаған қала әкімі жос­пар­­лан­ған дәрілік заттарды жет­кізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуі­не көз жеткізді. Өткен жылы коронави­рус­пен күреске қолда­ны­латын дә­рі­лерге бюджеттен 180 млн теңге бө­лінді. Биыл тағы 659 млн теңге көлемінде тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Осы жұмыстар нәти­же­сін­де дәріханалардағы дәрі ба­ғасы 15-30 пайыз төмендеген бо­латын.

Бүгінгі таңда Шымкентте дәрі-дәр­мек қоры жеткілікті. Дәрі­ха­на­лар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік заттар бар. Оның ішінде ыстық түсіретін, антибио­тик­тер, глюканаттар секілді ви­­рус­қа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Баға­ла­ры 25 теңгеден басталады. Ме­ди­ци­на­лық ұйымдарда 900 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры, 46 941 ЖҚҚ жиынтықтары, 2 млн меди­ци­налық бетперде, 1 014 600 ме­ди­ци­на­лық қолғап дайындалды.

Кезекті тексеру барысында М.Әйтенов күніне 20 мың бетперде шығаратын Bіzhon ЖШС-і мекемесіне барды. Мұндағы бетперделер үш қабатты, бір рет қол­да­нылады. 2020 жылы жалпы сомасы 78 400 000 теңгені құрайтын 2 240 000 дана медициналық бір реттік бетперде өндірген.

Ал «Экофарм» ЖШС меке­ме­сін­де көп реттік және бір реттік ме­дициналық киімдер тігіледі. Өн­діріс орны тәулігіне 2 мың дана медициналық қорғаныс киімін тігуге қауқарлы. Өткен жылы сомасы 4 520 985 404 теңгеге 648 876 дана медициналық бұ­йымдар шығарды. Оның ішінде обаға қарсы киімдер, көп рет қолданылатын дәке таңғыштар бар.

Аралау соңында қала әкімі «Айкө­мек 109» орталығында қала­да­ғы фармкомпаниялардың және тиіс­ті сала басшыларының қаты­суы­мен онлайн көшпелі жиналыс өткіз­ді. Онда фармацевтикалық ме­кеме өкілдерінің мәселелерін тың­дап, ортақ шешімдер қабыл­дан­ды.

«Өткен жылғы қателікті қайта бол­­дырмау үшін дәріханалар мен қа­ла тұрғындарына барынша тү­сін­дірме жұмыстарын жүр­гі­зу к­е­рек. Вирусқа қарсы дәрі-дәр­мек­тер дәрігер нұсқаулығымен ғана сатылуы керек. Пандемия ушық­қан сәтте тұрғындар арасында дәрілерді көптеп сатып алып, үйінде сақтап, мерзімі мен сақталу шарттарын сақтамаған, өзін емдеймін деп теріс әсер алған жай­лар да болды. Үй жағ­да­йында өзін емдеу, алып­сатар­лық секілді мәселелер туында­ма­уы тиіс. Коронавируспен ауыр­ған нау­қастар ауруханаларда те­гін ем қабылдайды. Заң­сыз­дық­тар орын алар болса бас­шы­лар қатаң жауапкершілікке тар­ты­­­лады», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шаһар басшысы денсаулық сақ­тау саласына жауапты мамандармен бірге қаладағы бір­қатар аурухананы аралады. «Асар» шағын ауданын­да орналасқан қалалық клиникалық балалар ауру­ханасына барған тек­серу тобы ондағы ем-дом жұ­мы­­сымен танысты. Атал­ған ме­ди­циналық мекеме эпи­де­мия­лық жағдай ушық­са, 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға дайын. Бұл үшін ауруханада 60 төсектік орынға дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды. Инфекцияға шалдыққан балаларды емдеу үшін ауруханада медицина мамандары жеткілікті. Сондай-ақ емдеу мекемесі заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған.

Жұқпалы ауруға шал­дық­қан балаларды ауруханада қа­былдау үшін арнайы жоспар да­йындалған. Мұндай науқас балалар бөлек бокстарда қабылданып, емдеу шаралары тиісті тәртіппен жүргізіледі. Айта кетерлігі, «Асар» шағын ауда­нындағы балалар ауруханасында былтыр көпбейінді про­визорлық орталық ашылған бо­латын. Мұнда инфекцияға шал­дыққан 100-ден аса бала дертінен сауығып шықты.

Сондай-ақ қала әкімі «Нұрсат» шағын ауданындағы пери­на­тал­­дық орталықты аралады. Мұнда коро­на­ви­рус­­ке шалдыққан жүкті әйел­дер­­ қабылданады. Бұл үшін орталықта 30 орынға лайықталған провизорлық бөлімше ашылды. Ауру өршіген жағдайда мұн­да­ғы дәрігерлер инфекцияға шал­дық­қан жүкті әйелдерді қабылдап, ме­дициналық көмек көрсететін болады. Орталықтағы провизорлық бөлімше 100 пайыз оттегі нүктесі мен ИВЛ аппараттарымен жаб­дық­талған. Коронавируске шал­дық­қан жүкті әйелдерді емдеу үшін орталықтағы 200-ден аса медицина маманы арнайы оқытудан өтіп, біліктілігін арттырды. Орта­лық­тағы қабылдау бөлімінің мамандары эпидемияға байланыс­ты науқастарды таза және лас ай­мақтар бойынша қабылдап, ар­найы тәртіппен медициналық кө­мек көрсетеді.

Қала әкімі өткен жылдағы қа­те­­­лік­терді болдырмау үшін ба­рын­ша дайындықты күшейте түсу ке­­рек­тігі жөнінде сала басшысына тапсырма берді.

«Медицина саласы – қателікті ке­шірмейтін, адам өмірімен ті­ке­лей байланысты сала. Сон­дық­тан ауруханалар мен емха­на­л­ардағы әрбір жағдай қатаң бақылауға алын­сын», деді қала әкімі.

Жергілікті билік дәріха­на­лар­дағы баға тұрақтылығын бақы­лау­ға шаһар тұрғындарын да ша­қыр­ды. Егер алыпсатарлықтың немесе дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырған жайттың куәгері болған жағдайда дереу «109» байланыс нөміріне хабарласуға үндеді.

 

ШЫМКЕНТ