Әдебиет • 07 Сәуір, 2021

Дүниені жалт қаратқан еді...

1360 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шөкең – Шөмішбай Сариевпен сонау 1966 жылдан бері таныс едім. Осы жылы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері атандық. Ол – журналис­тика, мен филология факультетінде оқыдым.

Дүниені  жалт  қаратқан  еді...

Университеттегі студенттік жылдар керемет күн­дер­дің көрінісін көз алдыма әкеледі. Ол кезде   универ­ситетте М.Әуезов атындағы  әдеби бірлестік жұмыс істейтін. Бұл кезең ақындардың  арындаған дәуірі еді. Айына кемінде екі рет әдеби кеш өтетін. Ол жиын­нан ешқайсымыз қалмайтынбыз.

Әдеби кешті атақты Сүйінбай ақынның немересі, ғалым, фольклорист Сұлтанғали Садырбаев ұстазы­мыз жүргізетін.

Марат Отарәлиев, Рафаэль Ниязбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев мінберді бермейтін. Олардың жүрегі тола жыр еді. Мінездері де қалыптастқан форматқа сыймайтын.

Әрқайсысы бір-бір әлем, бір-бір тұлға!

Шөкеңмен 4-курстың соңында Самарқандағы әскери жиында жақынырақ танысып, араласуға мүмкіндік болды. Бір казармада жаттық. Апта са­йын қала сыртындағы полигонға апарып тастайтын. Шөкең екі жас үлкендігі әрі газетте істеген тәжірибесі бар болғандықтан, небір қиял-ғажайып әңгімелер айтатын. Бір қызығы, әңгіменің бәрі Арал түбіндегі жезтырнақтар, дию-перілер, табиғаттың құбылысы мен жұмбағы төңірегінде өрбитін. Бұның өзі поэтикалық бояумен көмкеріліп, біздің бүкіл болмысымызды билеп алатын. Келесі аптадағы әскери ойынды асыға күтіп жүретінбіз.

Шөмішбай Сариев ақындық әлем есігін ерте ашқан. Бала кезінде өлеңдері аудандық газетте жиі жарияланып жүреді. Ақын Зейнолла Шүкіров Шөмішбай өлеңдерінің жариялануына ғана емес, оның өлең техникасы мен теориясын үйренуіне көп көмектесті. Оның үстіне Арал аудандық «Толқын» газетінде журналист болып қызмет істеп, университетке қаламы қатайып келіп түскен еді.

Жас шағында:

«Жайсам деймін мол өркен

Гүлдей арай жүрегім.

Озбау үшін көлеңкем,

Күнге қарап жүремін», деп жырлап еді.

Ол көлеңкесін оздырған жоқ. Өзі де өсті, поэзиясы да өсті. Өлеңге жаңа өрнек, отаншылдық рух, нәзік лиризм алып келді.

Ең алғашқы «Балдәурен» кітабына қазақтың атақты ақыны, көрнекті ғалым Әбділда Тәжібаев кіріспе жазды және  әкелік кеңес берді. Баланы ана толғағы жетіп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп барып дүниеге әкеледі. Өлең де сондай. Толғақ қысқанда ғана жақсы өлең туады.

Ұстаз ағаның осы бір баталы сөзі Шөмішбай Сариевтің өмірлік ұстанымына айналды. Өйткені қай өлеңін алсаң да одан нағыз поэзияның сұлу өрнекті өлшемі мен сөз асылы көрініп тұрады. Сөз ұйқасқа емес, ұйқас сөзге көрік береді, бейнелі образ сурет секілді жүрегіңе салынады. Мүмкін осы бір қасиеттер Шөкеңді, Тұманбай Молдағалиев айтқандай, «тауға қарап өсуге» жетелеген шығар.

Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы  Арал ауданының Шөміш стансасында өмірге келді. Әкесі Нағашыбай Сарыұлы мен анасы Мәрияш Өтениязқызының қуанышында шек жоқ еді. Өйткені бұған дейін үш ұл шетінеп кет­кен болатын. Бәрі Алладан деп, осы баланың аман қалуын тіледі. Әжесі: «Шөміш стансасында өмір­ге келген балаңның атын Шөмішбай қоярсың, сонда бала тіл-көзден аман болады», деген еді. Нағашы­бай ұлына азан шақырып, «Ш-ө-м-і-ш-бай!» деп ат қойған болатын.

Жас нәрестемен бірге үйге құт кірді. Шөмішбай­дың соңы­нан бұл шаңырақта алты ұл-қыз өмір есігін ашты.

Адам үшін туған жер өте ыстық. Ал ақын үшін ол – жерұйық, жер жаннаты. Құм құйылған, шөлді Арал Шөкең үшін ерекше қымбат. Қайда барып, қай теңізге барып шомылса да, шағалалардың бәрі Аралдың шағалаларындай әсер етеді.  Қырғыздың Ыстықкөлінде шомылып жүріп:

«Қайдан жүрсің, шағаласы Аралдың?

Мен де сендей топырақтан жаралдым», деген  өлең жолдары – сол өшпес сезімнің көрінісі.

Ақынның «Шөл даланың ұлымын» атты жинақ шығаруы тегін дейсің бе?! Сол туған жерге деген құштарлықтың ұшқыны.

Ұлы дала –

Шөл даланың ұлымын,

Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын.

Шөліркеген Шөл даланың көсемі –

Құмдары аман болса, мен де тірімін.

Ару дала, арман дала, Шөл дала

Бұл жалғанда махаббатым сен ғана,

Жел ызыңдап қобызындай Қорқыттың,

Құмды кешіп жолға шықтым толғана.

Ұлы дала – Шөл даланың ұлымын...

Бір кітап, бір толғақ, бір сезім, бір махаббат. Мұндай сөзді нағыз  ақын ғана айта алады.

...Бірде қазақтың көрнекті қайраткері, мәдениет­танушы Мұрат Әуезов Ресей жақтан көлікпен келе жатады. Шөміш стансасына тоқтап, су ішпекші немесе шұбат ішкісі келеді. Құдық басында ойнап жүрген бір  баланы шақырып алып, «пәленбай» деген жазушы едім, сусын әкеліп бересің бе дейді.

Бала: «Ағай, сіз ақын Шөмішбай Сариевті білесіз бе?» дейді.

Мұрат Мұхтарұлы баланы сынайын деп: «Шөмішбай деген ақынды білмедім. Ондай ақын бар ма еді?» дейді.

Сонда жас бала: «Өй, ақын ағам Шөмішбайды білмесеңіз, неменеге жазушы болып жүрсіз?!», деп теріс айналып жүре береді.

– Айналайын, білемін, Шөмішбай мықты ақын, сені сынау үшін ғана айтқанмын.

– Ее, солай демейсіз бе, – деп жас бала көңілденіп, үйінен сұп-суық шұбат әкеліп ұсынады.

Туған жер тақырыбы – Шөмішбай Сариев үшін ең мәнді, ең қастерлі тақырып.

«Қазағымның күйлері-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Сәлем саған, туған ел!», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сарыарқа», «Қазақстан», «Бозжорға» сынды өлеңдері сол туған жерге деген сезім шырағынан жаралған. Әсіресе «Айналдым сенен, атамекен-ай!» дейтін өлеңі әнге ұласып, ұлттың туған жер гимніне айналды десем, артық айтпаспын.

Кең далам!

Толғанайын,

Толғайын.

Домбырам,

Қолға алайын,

Жырлайын.

Қазағымның даласындай,

Көзімнің қарасындай,

Айналдым сені-ай, АТАМЕКЕН-АЙ!

 

Қымбатты даламыздай,

Сымбатты анамыздай,

Айналдым сені-ай, АТАМЕКЕН-АЙ!

Арымдай,

Тірегімдей,

Жанымдай,

Жүрегімдей,

Айналдым сені-ай, АТАМЕКЕН-АЙ!

Бұл әннің сөзін әдейі толықтай беріп отырмын. Аз ғана жолда қаншама мағына тұр. Әр қазақтың атамекені, әр қазақтың жүрек сезімі, әр қазақтың қасиетті қазығы.

Көрнекті лирик ақын Сағи Жиенбаев: «Шөмішбай ақынның қазақ жырының жасыл жайлауына тіккен өз отауы бар. Ол отауда көрген адамның көкірек көзін ашатын, көңіліңе сәуле тігетін көркем кесте, нақыш өрнектер бар», деп жазғаны жоғарыда айтқанымыздың дәлелі ғой деп ойлаймын.

Жас болса да поэзияда бас болып, өлеңі өрге сүйреген Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына заманның ұлы тұлғалары ерекше ден қойды.

«Шөмішбай Сариевтің өлеңдері, табиғат, өнер суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды»,  деп академик, сыншы Мұхамеджан Қаратаев жазған еді.

Лирик әрі азаматтық әуеннің ақыны Ғафу Қайыр­беков болса: «Қоғамдық-әлеуметтік маңызды оқиғаларға, өз тұсындағы саясатқа үн қатып отыру – үлкен ойдың, мәдениеттің, білімділіктің белгісі»,  деп жоғары баға берген еді.

Ұлт, қазақ, туған жер, туған тіл деген ұғымдар Шөмішбай поэзиясының өн бойында тұнып тұр.

Лирикаға қарағанда мұндай терең ойды, аза­маттық болмысты ашатындай  өлең оңай жазылмайды. Мұндай сәтте ақын мен поэзия бір ендікте болады. Сонысымен оқырманын баурап алады. Әри­не, мұнда да сөз жүрек үнімен ұштасады. Ақын­ның бүкіл жан дүниесі сөзмаржанға айналады. Бұған «Домбыра» өлеңінен бір  шумақ келтірсек те жет­кілікті.

Бабамыздың мұңысың сен, домбыра,

Анамыздың сырысың сен, домбыра.

Қазағымның жүрегінен жаралған

Даламыздың үнісің сен, домбыра!

Шөмішбай Сариев қазақ лирикасының үлкен мектебін жасаған Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзалиевтің, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың поэтикалық мектебін ойдағыдай жалғастырды.

Шөмішбай өзі қандай болса, өмірді де солай қабылдады. Ол жақсылықты жырлады. Қоршаған ортаның сұлулығын көре білді. Кемшіліктер кетеді, адамдар бақытқа жетеді. Ұлтжандылық оның поэзия­сын асқақтатты, халық құрметіне бөледі.

Сүйдім өмірді,

Сүйдім тәңірді.

Арнадым халқыма,

Жүрек пен жанымды.

Әр күн сайын күттім,

Атар аппақ таңымды.

Әлі де келем күтіп,

Құдай берер деп бағымды.

Жаным менің бүгін,

Туған жерімді сағынды.

Аппақ күнім тағы нұрға малынды.

Ақ жүректі ағадан,

Бәріңді сүйем, бәріңді!

Ақын халқын қалай сүйсе, халық та оның поэзиясын солай сүйеді. Оның сөзіне жазылған үш жүзден астам өлең радио-телеэфирден түспейді.

Ұлы өзендей бір аялдап тұрмадым,

Толқын болып аласұрып тұнғаным.

Мен халқымның тілегімен санасып,

Мен халқымның жүрегімен жырладым.

Бұл – ақынның жан сыры, жан толғауы.

Өзінің шығармашылық ғұмырында ондаған кітаптың авторы болды. «Арайлы көктем», «Теңізден соққан жел», «Тағдыр», «Заула, тұлпар», «Уақыт», «Өң мен түс», «Үш өлшем», «Тағдыр жыры», «Біздің ғасыр», тағы да басқа кітаптары оқырман сүйіспеншілігіне бөленді. Таңдамалы өлеңдер жинағы жарияланды. Ғылыми зерттеу объектісіне айналды.

Қызылорда облысында шығып жатқан «Сырдария» кітапханасы сериясынан екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы шықты. Ағылшын, орыс, қазақ тілдеріндегі кітабының өзі бір төбе.

Аударма саласында да Шөмішбай Сариев өнімді еңбек етті. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Аба­шид­зе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождес­твенский, М.Именеску секілді ақындардың өлеңдерін қазақ­ша сөйлетті.

Шөкең отбасын ерекше сүйетін. Жұбайы Жұма­гүл оның музасына айналды. Кейде шай үстінде екеуінің ерлі-зайыпты өмірінің сәттерінен сыр аңға­рып қалатынмын.

«Уәке, – деді Жұмагүл, – Шөкең өлеңді көбіне түнде жазады ғой. Түнде оятып алып, өлеңін оқиды. Ал мен таңертең жұмысқа баруым керек. Түн жарым ба, таңға жуық па – Шөкеңе бәрібір. Әрине, мен өз пікірім­ді айтып, бірлесіп, талқылайтын да едік.

Күндерге күндер, жылдарға жылдар ұласты. Шөкең өлең жазудың шебері болды. Сондай күндер­дің бірінде тағы да оятты:

– Жұмагүл, тұр. Тыңда. Шедевр жаздым, – деді.

– Шөке,  сен енді жаман өлең жаза алмайсың!  – дедім.

Осылай түнгі «поэтикалық» кештеріміз әлі күнге жал­­ғасып келеді», деген әңгіме қазір есіме түсіп отыр.

Шөкең-Шөмішбай отбасының мерейін көтерді. Отбасы Шөкеңмен мақтанды. Ұл-қыздары абыро­йын асқақтатты.

«Уәке, – деді Шөкең бірде. – Менің атымды немерем шығарады. Ол хоккейші, шабуылшы. Көр де тұр, солай болады».

Лайым солай болсын!

Абыройлы еңбегі, адал қызметі, поэзиядағы ерекше қолтаңбасы үшін Ш.Сариев Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері болды. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

...Арамызда ерекше сыйластық  пен сырластық бар еді. Оның үстіне М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының қабырғасында жеті жыл бірге қызмет атқардық.

Қазақ даласындай кең, Аралындай айдын еді. Не істерсің?!

Мұсылмандық жолында адамды ақтық сапарға шығарып салар алдында «қандай адам еді?» деп сұрайды ғой. «Өте жақсы адам еді, азамат еді, арлы еді»,  дер едім.

Аралда туып, бақытын  Алматыдан тапқан кеңпейіл, ақ жүректі ақын туралы қандай теңеу айтсаң да жарасымды. Оның өмірі өлеңмен өрілді.

Шөкеңнің өлеңдеріне жазылған әндер халық өлеңдеріне ұқсап кететін. Соның ішінде «Қарағым-ай» әні сол халықтық, ұлттық болмысымен жүректен жүрекке жетті. Әуен мен сөз жарасым тауып, халық махаббатына бөленді.

Димаш Құдайберген баламыз «Қарағым-айды» әлемге танытты. Әлемнің жанкүйер, әнсүйер қауымы Шөкеңнің сөзіне жазылған сол әнді қазақша шырқады.

Өткен жылдың желтоқсанын айында  Шөмішбай Сариев Отанымыздың жоғары наградасы – Бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Алматыға арнайы ұшып келіп, Шөке-Шөміш­бай­ды  құттықтағанмын.

«Поэзия барысы едің, енді мемлекеттің Бірін­ші дәрежелі «Барысы» болдың», деп құшақтасқан сәт­тер көзімнен де, көңілімнен де кетпейді.

Досым, әріптесім, курстасым Шөкеңді бұл соңғы көруім екен.

– Сәуір айын жақсы көремін, –  дейтін еді
Шөміш­бай.

– Неге? – деймін мен.

– Өйткені 15 сәуірде мен өмірге келдім ғой, – дей­тін.

Сәуір де келді. Шөкең тірі болғанда 75-ке келер еді. Мадақ мақала жазудың орнына, естелік жазып отырмын.

Жайсам деймін мол өркен,

Ғалам деген қандай ғажап кең едің.

Жүрегімнен өлең сыйлап өмірге,

Дүниені жалт қаратсам деп едім.

Иә, Шөмішбай Сариев өз поэзиясымен дүниені жалт қаратты.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

филология ғылымдарының докторы,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері