Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «Еліміздің егемендігін нығайту және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан азаматтарының пікірін ескере отырып, 2016 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, бұған қоса Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қатысты мораторий енгізілді.
Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екенін жариялай отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды», деді.
Министрдің айтуынша, аталған тапсырма Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асырылды. Осыған орай, тиісті заң жобасы әзірленіп, биылғы 15 наурызда Мәжіліске енгізілді.
«Бүгінгі таңда ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген. Сонымен қатар заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімінің ұзартылмайтыны және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған.
Қандастар жеке қосалқы шаруашылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар. Заң жобасы арқылы Жер кодексіне және үш заңға, оның ішінде Көші-қон заңына өзгерістер енгізілмек», деді С.Омаров.
Жиын барысында депутаттар жекеменшіктегі жерлер туралы сұрады. «Қазіргі таңда 1,5 млн-ға жуық жер – жекеменшікте. Оның бәрі мораторий енгізілгенге дейін алынған. Санына тоқталсақ, бүгінде 128 заңды және жеке тұлғалар бар. Олардың басым бөлігі – оңтүстік облыстарда. Оның ішінде жайылымдық жер де, егістік те бар. Негізі, олар – азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шикізат өндіру бағытында жұмыс істеп жатқандар. Қазіргі кезде олардың барлығын әкімдіктер, ғарыштық мониторинг арқылы бақылауда ұстап отырмыз», деп жауап берді министр.
Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин мақұлданған заң жобасының маңызына тоқталып, аталған мәселе бойынша нақты шешім қабылданғанын жеткізді. Сонымен қатар Спикер бұл заң жобасы жер туралы әртүрлі пікірді тоқтатып, алдағы уақытта жерді қолдану мүмкіндігін тиімді пайдалануға жол ашатынына назар аударды.
«Бүгінгі мақұлданып отырған жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген мәселе бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады», деді Нұрлан Нығматулин.
Сондай-ақ мәжілісмендер «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау.
«Құжатта ұсынылған жаңалықтарда қолданыстағы жүйенің барлық сәйкессіздіктері, сондай-ақ шетелдердің озық тәжірибесі ескерілген. Заң жобасында мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын жүзеге асыру, рұқсат беру құжаттарын беруден бас тартуға негіз болатын өлшемдер мен қосымша негіздерді енгізу бөлігінде тәуекелдерді бағалау бойынша жаңа тәсілдер қарастырылған. Сонымен қатар рұқсат беру құжаттарының қолданылуын уақытша тоқтата тұру, тоқтату және жаңа ақпарат келіп түскен жағдайда тәуекелдерді қайта бағалауды жүргізу бойынша уәкілетті органның құзыреті белгіленеді.
Мәлімделген мақсаттарда импортталған ерекше тауарлардың пайдаланылуына тиісті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық бақылау енгізіледі. Бұл Кәсіпкерлік кодекстің жалпы тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. Профилактикалық бақылау уәкілетті органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасының аумағында ерекше тауарларды беру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Ерекше тауарлардың Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бақылаусыз өткізуін болдырмау үшін мемлекеттік кіріс органдарының бақылау жүргізу тәртібін айқындау жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы резиденттерінің қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлармен заңсыз келісімдерге қатысуына жол бермеу үшін аумақтан тыс делдалдық қызметтер мен техникалық көмекке рұқсат беруге бақылауы енгізіледі», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Құжатты талқылау барысында депутаттар тауарлар мен қызметтерді заңсыз импорттауға байланысты жауапкершілік енгізуді ұсынды. Мәжіліс Төрағасы депутаттарды қолдай отырып, бірқатар мәселеге тоқталды.
«Меніңше, депутаттардың жұмыс топтарында енгізген түзетулері маңызды және өзекті. Өйткені Қылмыстық кодекстің 275-бабына сәйкес тек заңсыз экспортқа жаза қолданылады. Сондықтан депутаттар заңсыз экспортқа ғана емес, сонымен қатар ерекше тауарлардың заңсыз импорты үшін де жаза белгілеу туралы оңтайлы ұсыныс енгізді деп есептеймін», деді Н.Нығматулин.
Айта кету керек, заң жобасы ерекше тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін, эксаумақтық кері экспортын, эксаумақтық делдалдық қызметтер көрсетуді немесе техникалық көмекті жүзеге асыру кезіндегі қатынастарды реттеуге бағытталған.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері біршама жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Соның ішінде «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасына түзетулер енгізу, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне және Салық кодексіне қатысты заң жобалары бар.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсынысымен келісті.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Олар – Ғалымжан Елеуов, Сәлімжан Нақпаев, Жәмилә Нұрманбетова, Гүлдара Нұрымова, Дания Еспаева, Азат Перуашев, Файзолла Каменов, Айқын Қоңыров, Ғазиз Құлахметов, Айжан Сқақова, Вакиль Нәбиев.