Мұндағы басты мақсат – адамдарға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру және осы тұжырымдаманы іске асырудың жолдарын айқындау. Қазіргі әлемдік ахуалдың турбуленттілік, өсіп келе жатқан құбылмалылық, әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың белгісіздігі дәуіріне аяқ басып отырғандығын ескере отырып, осынау ауқымды сын-қатерлерді еңсеру барысында мемлекетке деген қоғамдық сенім, оның өзгерістерге дайындығы мәселесі ерекше маңызға ие болмақ. Өйткені қоғамда неғұрлым тиімді мемлекеттік басқаруға, азаматтардың басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысуына деген сұраныс бар. Оның басты себебі мемлекеттік басқарудың қолданыстағы әкімшілік-бақылауға негізделген моделінің халықтың үмітін толықтай ақтамағандығында сияқты. Бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың сервистік және адамға бағдарланған моделі әлі қалыптаспай отыр.
Осыған орай Тұжырымдамада мемлекеттік секторды трансформациялаудың мағыналық бағыты көрсетілген және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі қағидаттары, міндеттері мен тәсілдері айқындалған. Ол азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсартуды, стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін, мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруды, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды және мемлекеттік қызметтер көрсетудің проактивті форматына көшуді, жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуды, реттеушілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруді, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерін өзгертуді көздейді. Ол міндеттерді мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің негізгі қағидаттары тұрғысынан айқындаумен және оны әзірлеуде кешенділік көзқарастың болуымен ерекшеленеді. Құжатта белгіленген нысаналы даму параметрлері мемлекеттік басқару реформасының кейінгі қадамдарын іске асыруды негізге алуды көздейді. Мемлекеттік басқару тұжырымдамасының ережелері жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, құқықтық саясат тұжырымдамалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясымен тығыз байланысты. Сондықтан бұлардың жиынтығын мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған шаралардың біртұтас жүйесі деп қарастыруға толық негіз бар.
Тұжырымдаманың мемлекеттік басқару жүйесіне объективті және сыни көзқарасқа сүйене отырып жазылғандығын атап өткен абзал. Мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруда жүйеліліктің болмауы мен формализмнен бастап, кезінде жіберілген басқа да көптеген қателікті сараптай келе, маңызды міндеттер белгіленіп, тиісті шаралар қабылдауға талпыныс жасалған.
Тұжырымдаманың келесі бір құнды тұсы ретінде оның мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кезекті кезеңі басталғандығын ескере отырып, қазіргі заманғы проблемалы аймақтарды айқындағандығын атап өтуге болады. Олардың қатарына азаматтар мен мемлекет арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауын; стратегиялық жоспарлау мен реформаларды жүргізу тәсілдері тиімділігінің жеткіліксіздігін; мемлекеттік аппараттың халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланбаған функцияларын; көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің әкімшілік сипатын; бәсекеге қабілетсіз мемлекеттік қызметті; тиімсіз квазимемлекеттік секторды; дамымаған жергілікті өзін өзі басқаруды; бизнестің дамуына кедергі келтіретін шамадан тыс реттеуді; сот және құқық қорғау жүйелеріне азаматтардың сенім деңгейінің төмендігі жатқызылған. Олай болса қалыптасқан ахуалдың терең өзгерістерді қажет ететіндігі туралы қорытындының жасалуы да бекерден-бекер емес.
Арнайы жүргізілген жұмыстардың негізінде Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі «Халық үніне құлақ асатын», әділ, тиімді, ашық, қоғамның сұранысына жедел ден қоятын, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет сияқты қағидаттарына негізделетін болады. Мемлекеттік басқарудың бұл қағидаттары мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен оны іске асыруда, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді қабылдауда бағдар болмақ. Ең бастысы, бұл құжат Тұжырымдаманы іске асырудың стратегиясы, басымдықтары және мерзімдерін нақты көрсетуімен де тартымды. Ендеше, халқымыздың арман-тілегінің орындалуын мақсат еткен осы қағидаттарды жүзеге асыру мен мемлекеттілігімізді мәңгілік етуге бағдарланған үдерістерге сәттілік тілейміз.