Тарих • 11 Сәуір, 2021

Азаттық үшін күрестің бір айғағы

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде немесе өңірдегі музейлерде болып, ел тарихын терең танығысы келген жан көне жәдігерлерден көп мағлұмат алады. Мысалы, Шәуілдірдегі Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ғимаратының көрме залында аса сирек зат қойылған.

Азаттық үшін күрестің бір айғағы

Бұл қоладан құйып жасаған ту сабының басына киілетін шошақтың жоғарғы бөлігі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де ту басы тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи жәдігерлер бабаларымыздың өз зама­нындағы ең озық, ең үздік техноло­гиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, Ұлы даланың жаһан­дық тарихтағы орнына тың көзқарас­пен қарауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек», деді Елбасы. Яғни мұражайдағы құнды жәдігердің тарихын білмекке, әсіресе, жастардың қызығушылығы артары анық. Осы орайда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Гүлжанат Байсариева бізге аса сирек зат туралы айтып берген еді. Ту сабының басына киілетін шошақтың жоғарғы бөлігін атақты ғалым Кемел Ақышев басқарған ар­хео­логиялық кешенді экспедиция Оты­рар­дың үстіңгі қабаттарын қазған кезде тапқан. Ту басы бөлігінің фрагменті конус іспетті пластина үлгісінде. Төменгі сын­ған жағының ені 11 сантиметр болып, жоғары қарай қырлары екі рет том­па­йып сыртқа иіліп барып басы сүйір­лене түс­кен. Фрагменттің биіктігі 13 сан­ти­метр. Ортасы арка үлгісінде жаса­лып, оның ішінде араб әрпіндегі жазу болғаны байқалады.

«Алғашқы зерт­теушілер ондағы жазу оқылмайды деп көр­сет­кен болатын. Археолог Мұхтар Қожа белгілі эрми­таждық ғалым А.А.Ивановқа Отырардан табылған ту бөлі­гінде сақталған жазуларды ажыратып беруді өтінгенде шығыстанушы жазудың ша­ғын ғана жұрнағы сақталғанын, бірақ ең жоғары бөлігінде «икбаль» – «ба­қыт» сөзінің жобаланып оқылатынын көрсет­кен болатын.

Қазақ жеріндегі ең көне деп Түркі­стандағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінде тұрған ту басын айтуға бола­ды. Бұл ту басының ұзындығы бір метр шамасында. Ол діни ғимарат – ханака туы. Шығыстанушы А.А.Ивановтың пікірі бойынша, Отырардағы ту басының бөлігі діни мақсаттағы, діни тұрғыдағы ту бөлігі емес. Яғни Отырардан табылған ту басы бөлігі әскери тудың элементі болуы әбден мүмкін», дейді Гүлжанат Байсариева.

Қазақ хандарының тулары мен бай­рақ­тары туралы бірнеше дерек бар. Мы­салы, парсы тіліндегі «Алам-ара-йи Шах Исмаил» атты тарихи жазбада қазақ билеушісі Қасым ханның бала­сы Әбілқайыр сұлтанның Иран шахы­мен болған ұрыста өз туының қасын­да болғаны айтылады. Махмұд ибн Уәли­дің 1634-1641 жылдары жазылған «Бахр әл-асрар» атты энциклопедиялық шы­ғар­масында соғыс барысында тоғыз жалау мен ту, Шах Махмуд бен Мырза Фазыл Чорастың еңбегінде Хақназар басқарған «Жошы ұрпақтарының жеті байрағы мен туы» болғаны жөнінде дерек келтіріле­ді. Орынбор экспедициясы басшысы И.Ки­рилловтың 1734 жылы 1 мамырдағы құ­жа­тында Орта жүз ханының туы («ханское знамя») аталады. Отырардан табылған ту басы фрагментін кейінгі ортағасырлық археологиялық қабаты­нан табылғанын және жасалу ерекше­лігін ескере отырып, кейінгі ХVІ-ХVІІ ғасырларға жатқызуға болады. Кемел Ақышевтің басшылығымен жүргізілген археологиялық зерттеулер Отырарда бүкіл қалалық өрт болғанын анықтаған. Үлкен өрт іздері қалашықтың ІІ қабат деңгейіндегі барлық қазба орындарынан байқалған. Г.Байсариеваның айтуын­ша, стратиграфиялық және нумизмати­ка­лық деректер бұл өрттің ХVІІ ғасыр­дың аяғында болғандығын көрсетеді. ХІХ ғасырдың аяғында Н.С.Лыкошин Отырарда тіршіліктің тоқтауы қал­мақ шапқыншылығы кезіндегі өртке байланысты екенін аңғартатын аңыз жазып алған екен. Отырар қаласына жоңғарлардың шабуылы аңызда былай сипатталады: «Ескі Ташкентті басып алған соң, Аляку Отырар жеріне келеді. Отырарлықтар бір жарым жылдай ерлікпен қарсылық көрсетті. Ешбір нәтиже шығара алмаған Аляку күзге таман Ескі Ташкентке кері шегінеді де қыс бойы көп әскермен Дариядан Шыршыққа (Иіржардан Шыназға) дейін арық қазады. Көп су таситын көктем кезінде арықтың басын ашып, Шыршық арқылы Отырар жеріне су жібереді де, әскерімен Отырарға бет алады. Су тасқынынан аман қалғандардың бір бөлігін Аляку өлтіреді, одан қалғандарын тұтқынға айдап әкетеді».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­лық мақаласында Ұлы Даланың көз жет­кізгісіз кең-байтақ аумағы тарих­та түр­лі рөл атқарғанын айтады. Патриотизм­нің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жер­­дің тарихын оқудан көрініс тапса игі де­ген ұсынысын жеткізеді. Туған жер­дің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзе­ні тарихтан сыр шертетінін еске сала­ды. «Осы орайда біз мұражайға өңі­р­дің аудан­­дарынан арнайы келген мек­теп оқу­­шы­ларына, жалпы ел тарихы­на қы­зы­ғу­шы­лық танытқандарға әрбір жәді­­гер жө­нінде кең мағлұмат береміз. Жаз­ба дерек­тер Қазақ­станның оңтүстігі 1681-1682 жыл­дары Галдан бастаған жоң­­ғар­ла­рдың шап­­қыншылығына ұшы­ра­ға­нын көр­сет­ті. Оты­рардан табылған ту басы бө­лігі қа­ла­ның жауға ерлікпен қарсы­лас­­қа­­ны­­ның бір айғағы болса керек. Ол қала­­ны бас­қарған қазақ сұлтанының не әс­­кер­­басы туының бізге жеткен бір бөлі­гі деу­ге негіз бар», дейді Отырар мем­ле­кет­тік ар­хео­л­огиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше