Облыс орталығындағы «Астана» көшесі, №59 мекенжайында өңір тұрғындарына нағыз қажетті облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті орналасқан.
Денсаулық сақтау басқармасы 4-қабатта, қалған мекемелер де осы деңгейлес қабаттарда орналасқандықтан, халыққа бұл мекемелерге барып, жоғарыға көтеріліп, өтініш-арыздарын жеткізу қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.
Жақында осы ғимараттың бірінші қабатында «Әлеуметтік фронт-кеңсе» ашылды. Бұл кеңсе өңір тұрғындарына жоғары қабатқа көтерілмей-ақ, мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Дәл осы жерде басқарма мамандары тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, қажетті кеңестер береді.
Кеңсе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің бастамасымен ашылды. Жаңадан тағайындалған департамент басшысы Ернар Баянғазин тұрғындарға қолжетімді осындай кеңселерді ашу Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп отырғанын атап өтті.
«Ғимаратта орналасқан үш орган мемлекеттік қызметтің көп бөлігін ұсынады. Кеңсе халықтың сол қызметтерді алуын жеңілдету үшін ашылды. Халық бүкіл кабинеттерді араламай-ақ қызметті бір жерден ала алады. Ең бастысы, жемқорлықты, шенеунік пен қызмет алушы арасындағы тікелей байланысты азайтады. Мұның барлығы халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалуда», деген Ернар Баянғазин жақында бұл жерде департаменттің тегін құқықтық көмек беретін «Адал көмек» жобалық кеңсесі ашылатынын хабарлады.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Буратаева фронт-кеңсе тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруге, түскен өтініштерге сараптама жасауға көмектесетінін айтып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де өте ыңғайлы екенін жеткізді.
Өңір халқы басқармаға емделу, дәрімен қамтамасыз ету, мүгедектікке қатысты мәселелер бойынша өте жиі келеді. Мысалы, жыл басынан бері 19 өтініш түсіп, оның 16-сына жауап берілген.
Сондай-ақ, кеңседе үш басқарманың мамандары, бөлім басшылары, басқарма басшыларының орынбасарлары және басқарма басшылары арнайы кесте бойынша тұрғындарға жеке қабылдау күндерін өткізеді. Алдағы уақытта аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында да фронт-кеңсе ашу ұсынылып отыр. Өйткені өткен жыл ішінде облыстың ауыл шаруашылығы саласында 33 қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті Ернар Баянғазин өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен арылту, мемлекеттік қызметшілер мен тұтынушылар арасында кез келген бұзушылықтарға төзбеушілікті қалыптастыру қажет деп санайды. Ал ауыл шаруашылығы басқармасында мемлекеттік қызметтің 18 түрі көрсетіледі. Оның бірі – субсидиялау. Басқарма арқылы өтетін бұл қаржылай мемлекеттік қолдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Яғни мемлекет бөлген әрбір теңге фермерге жетуге тиіс.
Тұрғындардың дені сервистік әкімдіктер арқылы жер, жайылым мәселесі, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ақыл-кеңес алғылары келеді. Ал басқармаға қарасты Май, Успенка, Аққулы аудандары ауыл шаруашылығы бөлімдері мамандарының сервистік әкімдіктерде болмайтындығы байқалған. Бұл іс жүзінде сервистік әкімдіктердің кейбіреулерінің қызметі көзбояушылық екенін аңғартады.
Мемлекеттік қызметшілердің тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын дұрыс түсіндіре алмауы да үлкен мәселеге айналған. Себебі аудан орталықтары мен ауылдарда білімді, білікті мамандар тапшы. Тағы бір мәселе мемлекеттік тілге келіп тіреледі. Өйткені сервистік әкімдіктер мен фронт-кеңселерде есіктен кіргеннен бастап қабылдау тілі – орысша. Сондықтан, ең алдымен, басшылар қазақ тіліне жанашыр болулары керек.
Мысалы, Айдар Сейітқазинов басқаратын облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің арасында қазақ тілінде сөйлей алатын басшылар бар ма? Басқарма мамандары алдарына ауылдан келген қарияларға қазақ тілінде қызмет көрсете ала ма? Қала тұрмақ, ауылдарда қазақ тілінде мән-жайды түсіндіріп бере алатын мамандар аз.
Қазір елімізде ашылып жатқан сервистік әкімдіктер, фронт-кеңселер жүйесі сыбайлас жемқорлықтан арылудың және өңір тұрғындарына тез және сапалы қызмет көрсетудің тиімді бір тәсіліне айналуда дейміз. Ал олардың қызметі талапқа сай ма? Әрине, талапқа сай, бәрі жарқырап тұр, барлық техникалық құрал-жабдық, үстел, орындық, балалар алаңы бәрі де бар. Бірақ мәселе басқада. Енді шенеуніктер де жоғарыдан төменге түсіп, кеңселерде қарапайым жүріп-тұрып, адамдармен тіл табысып сөйлесуге үйренгені жөн.
Павлодар облысы