Әдебиет • 14 Сәуір, 2021

Оқушыға көркем әдебиетті оқытудың жолы қандай?

1844 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Білімнің алтын көпірі» атты онлайн режимде өткен республикалық телекөпір барысында «Оқуға құштар мектеп» жобасы талқыланып, мектеп жасындағы балалардың оқуына арналған көркем әдебиеттің минималды тізімінің жасақталу барысы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Оқушыға көркем әдебиетті оқытудың жолы қандай?

Білім алушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, әлем әдебиетінің қазақ тілінде қолжетімді болуына жағдай жасау үшін Білім және ғылым министрлігі осы жобаны бекітіп отыр.

Іс-шараға «Оқулық» РҒПО директоры Елдос Нұрланов, БҒМ Мектепке дейінгі орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Мадина Егінбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана бөлімінің басшысы Сәулеш Назирова және әр аймақ мұғалімдері мен кітапханашылары қатысты.

Мектеп оқшыларына арналған көркем әдебиет тізімін жасақтаудың мақсаты – әр оқушы мен ата-анаға әдебиет әлімі бойынша бағыт беру, сол арқылы Қазақстан азаматына қажетті әлеуметтік маңызды қасиеттер мен құзыреттілікті дарыту.

Тізімге еліміздің үздік классиктерінің шығармалары, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заман ақын-жазушыларының 250 кітабы енген.

Жиын барысында «Оқулық» РҒПО директоры Елдос Болатханұлы тізім жасақтаудың барысына, көркем әдебиетті оқудың маңызына тоқталды.

– Мәтінді оқу және түсіну сапасын бағалайтын PIRLS–2016 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар бастауыш сыныптан бастап әдебитке қарағанда, ақпараттық мәтінді көбірек оқитыны анықталды. Ал әлемдік тәжірибені алсақ, онда жеткіншектер әуелі көркем әдебиетті, кейін ақпараттық мәтіндерді оқиды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жасөспірімдер арасында көркем әдебиетті кеңінен насихаттау жұмысы жолға қойылды. Бұдан бөлек, көркем әдебиет тізімі «Толық адам» концепциясын жүзеге асыратын маңызды идеологиялық құралдың бірі болып табылады, – деді Е.Нұрланов.

Оның айтуынша, 250 аталымнан тұратын тізімді жасақтау барысында «Оқулық» РҒПО 2000 жылдан бергі Ұлттық кітап палатасында (ҰКП) тіркелген бүкіл әдебиеттің тізімін алып, оның ішінен көркем әдебиетке жатпайтындарын алып тастап, кітапханалық және баспалық жүйеге сай сұрыптаған. Көркем әдебиетті шығаратын баспаларға сұрату жолдап, қорда бар кітаптар жайлы мәліметті жинастырып, ортақ тізімді құрастырған. Сонымен қатар тізім жасақтаудағы халықаралық және отандық тәжірибені зерттеген. Аталған тізім ҚР Ұлттық академиялық кітапхана мамандарымен бірнеше рет талқыланған. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің, мектеп кітапханашыларының, бұқаралық кітапхана мамандарының, әдебиеттанушылар мен жазушылардың пікірі ескерілген.

Айта кетерлігі, көркем әдебиетті оқу арқылы түрлі қасиет пен дағды қалыптасады. Мәселен, кейіпкердің жан-дүниесін түсіну, жанашырлық таныту, жазушы әлемін түрлі тарихи және географиялық тұрғыда қабылдау арқылы күйзеліс пен қайғыны сезініп, рухани тазарады. Ақыл-ойы кемелденіп, түрлі эмоцияны сезінеді екен.