2015 жылдан бері осыған ұқсас бірнеше жоба жүзеге асырылмақшы болған. Қазіргі жобаның басталатынына да күмән көп.
– Облыс орталығындағы №1 автобус паркі мен «Қалалық трамвай басқармасы» АҚ BPC Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, қанатқақты жоба ретінде 208 валидатор орнатты. Олардың бәрі жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде Avtobys мен BPC Kazakhstan жүйелері қоса пайдаланылады, – дейді қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Арслан Айдарханов.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 25 желтоқсанынан бастап облыс орталығындағы «№1 автобус паркі» ЖШС-ға қарасты қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізілді. Бұл жоба №10, 21, 22, 38, 40, 41, 42, 44, 66-шы автобустарға орнатылғаны жайлы хабарланды.
А.Айдарханов айтқандай, егер осыдан екі жыл бұрынғы электронды билеттеу жобасы сәтті жүзеге асырылып, бір емес, бақандай 208 валидатор белсенді жұмыс істеп тұрған болса, онда қалалық әкімдік несіне тағы екінші жобаны іске қосып отыр? Бөлім маманын қайдам, өз басымыз күнде трамвай, автобуспен жүретін қала тұрғыны ретінде «белсенді жұмыс істеп түрған» валидаторды көрмедік. Жолаушылар көліктерінде иығына билет толы сөмкесін асынып, әлі күнге кондукторлар жүр.
Қоғамдық көліктің жолақысын төлеудің жаңа электронды жүйесі кезең-кезеңмен енгізілетіні белгілі. Стационарлық терминалдар арқылы әрбір жолаушы жолақысын көлік картасымен немесе мобильді қосымша арқылы төлейді. Мобильді терминал-валидатор кондукторда не жүргізушіде болады. Қолма-қол ақшамен төлеген кезде кондуктор немесе жүргізуші мобильді терминалдан билет беруге міндетті. Картамен төлеу кезінде билет берілмейді және төлемді кондуктор немесе жүргізуші мобильді терминалдың көмегімен тексере алады.
Ал сынақ жүзінде басталған басқа жобалар туралы қалалық әкімдік «Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы саласындағы мәселелерді ескере отырып, қолданысқа енген тиімді жоба», деді. Егер жаңа жүйе арқылы саладағы проблемалар шешіліп жатса, құба-құп. Бірақ біз неге «тиімді жобаға» күмәнмен қарап отырмыз? Осы Avtobys электронды билеттеу жүйесі Атырау, Семей, Ақтөбе, тағы басқа қалаларда сынақ түрінде сәтті жүргізіліп келеді. Павлодар қаласы да олардың қатарына қосылуы қажет. Өйткені электронды билеттеу дегеніміз – қарапайым және толық дербестендірілген тариф, яғни өзіне-өзі қызмет көрсету қағидаты бойынша жол жүрудің цифрлы төлемі. Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін қазіргі қолданыстағы билеттеу жүйесі заманауи талаптарға сай келмейді.
Сонымен облыс орталығында электронды билеттеу жүйесімен айналысатын «Innoforce solutions» ЖШС деген екінші бір кәсіпорын пайда болды. «Смарт Автобус ПВ» деп аталатын серіктестік осы кәсіпорыннан қондырғыларды сатып алып, қоғамдық көліктерге тегін орнатуға келісім берген. Бүгінде автобустар мен трамвайларда 149 валидатор орнатылыпты.
– Жаңа жүйеде бағасы 450 теңге тұратын төлем картасы бар. Облыс орталығындағы сауда орындарында сатылады. Қазір тұрғындар барлығы 20 мың теңгеге карта сатып алды. Картаны кез келген терминалдан 10 мың теңгеге дейін толтыра аласыз. Жолақыны мобильді қосымшаны жүктеп алып, QR-код және bluetooth көмегімен де төлеуге болады. Avtobys қосымшасындағы QR-кодты ұялы телефоннан сканерлеу арқылы төлеу де қарастырылған. Қандай да бір сұрақ туындаса, тұрғындар
8 778 000 07 77 нөміріне хабарласуына болады, – дейді «Innoforce solutions» ЖШС басшысы Айдос Тоқтарұлы.
Қала әкімі Ержан Иманісләм да автобустардағы емес, трамвайдағы электронды билеттеу жүйесінің жұмысын көрсетті. Бірақ әкім керісінше, автобустардағы валидаторлардың қалай жұмыс істеп тұрғанын өз көзімен көруі керек еді.
– Қаладағы қоғамдық көліктерде 56 валидатор орнатылды. Ал «Трамвай басқармасы» АҚ-та 111 мобильді валидатор және №1 автобус паркіне 72 мобильді валидатор пайдалануға берілді. Басқа да тасымалдаушылар үшін жүйені монтаждау және іске қосу жұмыстары дайындалды, – дейді қала әкімінің баспасөз қызметі.
А.Айдарханов айтқан 208 валидаторға қалалық әкімдік келтірген санды қоссаңыз, қалада мұндай электронды құрылғыдан көп ештеңе жоқ сияқты. Тағы бір мәліметте «149 қоғамдық көлікке стационарлы валидаторлар орнатылды, оның 47-сі автобустарда, 120-сы трамвайларда қойылды», делінген. Осылайша, қалалық әкімдіктің мамандары бір-біріне кереғар, әртүрлі мәлімет беріп отыр.
Қаладағы №1 автобус паркінің басшысы Вадим Ковальчуктың айтуынша, электронды билет жүйесінің іске қосылғанына екі айдай уақыт өтсе де, тұрғындар мен қоғамдық көлік иелері тарапынан қызығушылық байқалмайды. Кәсіпорынға 100 валидатор құрылғысы сатып алыныпты.
Күніне облыс орталығында 208 бағытта қоғамдық көлік жүретінін ескерсек, шағын маршрурттық таксилердің валидатор сатып алуы да екіталай мәселе.
Ал экономист Сәуле Құниязбекованың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған электронды билеттеу жобасы – дифференциалды тарифке негізделген жүйе. Егер электронды билеттеу жүйесі енгізілсе, онда тариф те дифференцияланады. Сондықтан облыс орталығында электронды билеттеу жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін Нұр-Сұлтан, Алматыдағыдай сараланған тариф керек. Сонда тарифтің нақты өсуі болмайды, жолаушы жолақыны төлеу тәсілін өзі таңдайды. Қолма-қол төлесе, 150-160 теңге, картамен төлесе, 80 теңге болады. Қоғамдық көліктердегі кондукторларды қалдыру-қалдырмау мәселесін тасымалдаушылар өздері шешеді. Дифференциалды тариф енгізілгеннен кейін төлемнің 90 пайызы қолма-қол болмайтыны түсінікті.
Қалада қоғамдық көліктердің жағдайы да күрмеулі мәселе. Автобустардың көбі әбден тозған. Жаңа дегендері тек орталық көшелермен жүреді, облыстық, қалалық әкімдіктің алдынан өтеді. Ал қалған үлкенді-кішілі тозған автобустар 2018 жылдан бастап орталық көшелерге жіберілмейді. Үлкенді-кішілі дегеніміз – көлемі шағын, халық арасында «маршрутка» аталып кеткен қоғамдық көліктер. Бұл көліктер әбден тозығы жеткен. Іші де тымырсық, тар, отырып-тұруға ыңғайсыз. Сондықтан электронды билеттеуден бұрын ескірген, тозған, жүруге келмейтін, тұрғындарға қолайсыз қоғамдық көліктерді бағыттардан алу мәселесі тұр. Мысалы, №152 бағытымен жүретін №091 шағын көлік бар. Әбден тозған, бірақ оған жол, көлік полициясы да, әкімдік те назар
аудармайды.
Екіншіден, автобус аялдамалары да әбден тозған. Жөні түзу бір аялдама жоқ. Аялдамаларда автобустардың бағыты, жүру интервалы жөнінде анықтамалықтар да ілінбеген. Күтімі жоқ аялдамалар қаланың көркін бұзып тұр.
Кезінде облыс орталығындағы №1 автопаркті жекешелендіру қала халқының көз алдында өтті. 2015 жылы «Павлодар қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы кешенін жаңғырту» мақсатында Алматыдағы «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының» мамандары келіп, жоба жасамақ болды. Жергілікті халық әбден үйреніп қалған автобус бағыттарын бұзып, өздерінше оңтайландыру жасады. Алматылық ғалымдардың тосыннан келіп, негізсіз оңтайландыру жүйесін енгізгендеріне тұрғындар әлі де наразы. Өйткені баратын жеріне уақтылы жете алмады, орталық көшелер жабық болды. Қоғамдық көліктермен қарапайым халық жүретіндіктен, алдымен оңтайландыру мәселесі жұртшылықпен талқыланып, қоғамдық тыңдаулар өтуі керек еді. Әрі солтүстік өңірдің ауа райы ызғарлы, қысы қатты болатынын алматылық ғалымдар мүлде ескермеген.
Жоба бойынша тұрғындар қоршаған ортаға зияны көп ескі автобустардан құтылады делінген. Құтылған жоқпыз, қайта бұдан да бетер зиян шегіп отыр. Алматылық ғалымдар Павлодардың негізгі көшелеріндегі қоғамдық көлік қозғалысын азайтамыз деп әбден қателесті. Оның зардабын енді тұрғындар тартып отыр.
Ал құрылғанына 50 жылдан аса уақыт өткен №1 автопарк жаңа қожайын келгенше қалалық әкімдіктің меншігінде болды. Кәсіпорын басшылығы автобустардың қызметін ұйымдастыруға және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Диспетчерлік бекеті болды. Жұмысты реттеу үшін автобустарда GPS треккер-ақпараттар қолданды.
Автопаркті сатып алған кездегі келісім бойынша жаңа қожайын мекеменің барлық қарызын өз мойнына алмақ еді. Кейін дау-дамай басталды. Анықталғандай, автобус паркін сатып алған «Қазақстан құрылыс компаниясы» ЖШС фирмасы келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамаған. Ақыры, екіжақты келісімшарт бұзылды. Сөйтіп 2016 жылы жекешелендірілген №1 автобус паркінің орталық көшелермен жүретін жаңа 36 автобусы бағыттардан алынып тасталды. Ал ескірген автобустар әлі күнге дейін облыс орталығында жүр. Қаңтардағы қақаған аязда біраз қоғамдық көлік тиісті бағыттарына шыға алмай да қалады.
Міне, қаланың қоғамдық көлік саласындағы осы түйдектелген мәселелерді жас әкім Ержан Иманісләм өз көзімен көріп шыққаны дұрыс болар еді. Травмайға отырып алып, қаланы аралағаны жақсы-ақ, әрине. Бірақ автобустардың жайын да ескерусіз қалдырмаған жөн.
– Қазір автобус парктері жекеменшік иелігінде. Қоғамдық көліктерді жөндеу, жаңарту жұмыстары тасымалдаушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан электронды билеттеу жүйесі заң жүзінде қоғамдық көліктерді сатып алу немесе жөндеу жұмыстарына арналған субсидия бөлуді анықтау үшін де қажет. Осы жүйе негізінде тасымалдаушылар несие алуға өтінім де бере алады. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы электронды билеттеуді енгізу тәжірибесі жақсы нәтиже берді. Енді екінші деңгейлі банктер несие беру үшін электронды билеттеу жүйесін талап ете алады, – дейді экономист С.Құняизбекова. Ол қоғамдық көліктердің тасымалдау жүйесін цифрландырып қана қоймай, автобустарды жаңартып, жаңа бағыттар ашып, қалалықтар үшін электронды қарым-қатынас тетіктерін жетілдіру қажеттігін жеткізді. «Қоғамның талабы ескерілмесе, қаланың инфрақұрылымы барлық талапқа сай болмаса, электронды билеттендіру жобасы қалай жүзеге асырылады?» дейді экономист-ғалым.
Иә, қоғамдық көлік саласын цифрландыру – заман талабы. Осы бағытта түйінделген мәселе шаш-етектен. Автобустарды жаңалау, қызмет көрсету сапасын арттыру, аялдамаларды жөндеу – күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ электронды билеттеу жүйесімен жабдықталған және мұндай құрылғы қойылмаған автобустарда салыстырмалы түрде қаражат қалай жиналатынын да анықтау қажет. Дегенмен де жол жүру ақысын электронды түрде төлеу жүйесіне көшу жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға мүмкіндік беретініне сеніміміз үлкен.
Павлодар облысы