Сұхбат • 19 Сәуір, 2021

Рамзайдың «жұмбағы»

778 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осы жылдың 6 сәуірінде газетімізде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаров туралы «Жоқтаушысы жоқ жазушы» атты мақала жария­ланды. Аталған материал жиырма жыл бойы сіресіп жатқан сеңді бұзбаса да, қоғамның назарын біз көтер­ген мәселеге аударта алды. Нәтижесінде, ескерусіз қалған Ертіс­тің ­ерен перзентін ұлықтау ісі жаңаша бағыт алғандай болып отыр. Бұл ретте қалам­гердің Алматыда тұратын жұбайы Гүлмәшкен Мұқан­қызы мен қызы Бақытты іздеп тауып, арнайы дидарласып қайттық.

Рамзайдың «жұмбағы»
 

– Бақыт Рамазанқызы, «Еге­ме­н­ге» шыққан мақаланы оқы­ды­ңыз ба?

– Нағашы апам газетке материал шыққанын айтып, хабарласты. Басы­лым­ның сайты­нан тауып алып, оқыдым. Көке­­йі­мізде жүрген мәселені көтер­ген газет ұжымына шексіз риза­шы­лы­ғы­мыз­ды білдіреміз. Әкем­нің атына көше беру ісіне Egemen Qazaqstan-ның араласуы сөну­ге айналған үміт отын қайта тұтатқандай болды. 

– Рамазан аға үйде қандай әке, қан­дай отағасы болды?

 Атамыз Айып пен әжеміз Жәми­ла­ның пешенесіне жеті перзент жазылған екен. Алайда соның соңғы екеуі ғана ер жетіп, қатарға қосылыпты. Олар – әкем Рамазан мен інісі Қайыргелді. Өңгесі кішкентай күндерінде-ақ шетінеп кеткен. Әкем де әлжуаз болып туыпты. Бәрі одан үмітін үзіп, киізге орап, босағаға апа­рып қояды. Біраз уақыт өткенде, киіз жыбырлап, қозғала бастайды. Үйде отырған ағайын «Мына бала жүз жасайды» деп қуанып, сүйінші сұрасады. Сонда атамыз Айып «Осы ұлды жеті жас­қа жеткізсе де разымын» депті. Әке­­міз жетіге толғанымен, атамыз ұлы­ның одан кейінгі қызыған көре алмай өмір­ден өткен. Үлкендердің Құдайдан тілек тілерде тарылмау керек дейтіні сол екен ғой. Әкем 65 жасында қайтыс болды. Ал соңында қалдырған әдеби мұрасы әлі елімен бірге жасасып келеді. Демек, әкем туғанда сүйіншілеген аға-апалардың «жүз жасайды» дегені дәл келген тәрізді. Ол ата­мыз Айыптың інісі Төлештің қолында тәрбиеленген.

Қазақтар «екі жарты – бір бүтін» дейді ғой. Дәл осы сөз әкем мен шешеме арнап айтылғандай. Екеуі бірін-бірі үнемі толықтырып отыратын. Шешем Гүлмәшкен – Павлодардағы Майқайыңның тумасы. Төрт жасында шешесі Гүлбәширадан айырылған. 17 жасында Павлодардағы медучилищеге оқуға түсуге келеді. Жолы бол­майды. Сол жолы әкеммен та­ны­сады. Бір-бірін ұна­тып, көп ұза­май шаңырақ көтерген. Үй­­лен­генде әкем 22 жаста, шешем 18 жас­та болыпты. Содан бері әкем оның жары да, әкесі де, шешесі де, сырлас досы да бола білді.

Әкем өте балажан, мейірімді болды. Оның қол қусырып, бос отырған кезін көр­­ген емеспін. Жазғандарын машин­ка­ға басады, кітап оқиды, әлденелерді көшіріп жазады. Әйтеуір тыным таппайтын. Өте еңбекқор еді. Бізге де көп уақыт бөлетін. Түрлі ойындар ойнатады. Еркеліктің жөні сол екен деп, біз де оны аса мазалаған емеспіз. Үй шаруасына қырсыз болатын.

– Мемлекеттік сыйлықты ал­ғаны тура­лы ха­бар­­­ды есті­ген­де қандай күй­де болды?

– Бұл оның қатты ауырып жүр­ген кезі болатын. Өкі­ніш­ке қарай, сүйінші хабарды есті­гені­мен, сыйлықты алып үлгерген жоқ. Игілігін де көрмеді. Хабарды әкеме Қалихан аға Ысқақов бас­та­ған топ келіп жеткізді. Сол жерде өзімізше атап өттік. Әкем өте көңілді жүрді. 2003 жы­л­дың басында Мемлекеттік сый­лық­ты тап­сыру үшін шешем екеуімізді «Дос­тық үйіне» шақырды. Қазіргі Пре­зи­де­нт Қасым-Жомарт Тоқаев ол кезде Премьер-Министр болатын. Сол кісінің қолынан әкемнің марапатын алдық.

Жалпы, мәртебелі сыйлықты алған «Абайдың жұмбағы» – өте күрделі еңбек. Әкем бұл роман­ға көп күш жұмсады. Негізі, «Абай­дың жұмбағынан» кейін Бөген­бай батыр мен Естай ақын туралы роман жазуға тиіс-тұғын. Ал­ғашқысын бастағанымен, аяқ­тал­­май қалды. Онысы «Жұл­дыз» журналына жарияланды да. Ал Естай туралы роман сол жоспар күйінде қалды. Дегенмен, бұл тақырыпқа тынғылықты дайын­далғанын жақсы білемін. Жал­пы, Естайдың «Қорланы» оның сүйікті әні болатын. Үйде үнемі орындаушы еді.

–Ағаның соңында күнде­лік­те­рі қалғанын жақсы білеміз. Олар қазір қайда?

– Күнделіктері де, кітаптары да, қолжазбалары да, тұтынған жеке заттары да – менің қолым­да. Күнделік – әркімнің ішкі тол­ғанысы. Ендеше оны жария­лау­дың қажеті шамалы деп ойлаймын. Десе де, онда әдебиет, әдеби орта, ұлт, мемлекет төңі­ре­гінде айтылған тұшымды ойлар өте көп. Бәлкім, мұндай кесе­к ойларды іріктеп алып, басу­ға болатын шығар. Жалпы күн­де­лік­тегі жазбаларын кезінде өзі іріктеп, «Жұлдыз» журналына бастыра бастады да. Кейін үзіліп қалды. Әкемнің қолда бар мұрасының барлығын бір меке­меге өткізгім келеді. Бірақ архивке емес. Ол жерге тапсырсам, әкемнің мұрасын былайғы көпшілік көрмейді, білмейді. Сондықтан өзінің туған жері Павлодардағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханадан Рамазан Тоқтаров атындағы оқырман за­лын ашқан дұрыс шығар. Ал біз күнде­лік­терін, жеке кітапханасын, қолжаз­баларын, қысқасы қолда бар мұрасының бәрін сол жерге тапсыруға дайынбыз. Кітапхана адамдар көп жиналатын орын. Әкемнің мұрасы көпшіліктің көз алдында тұрса дейміз.

– Жазушының жеке мұра­ға­тында жа­рыққа шықпа­ған қан­дай шығар­ма­лар бар?

– Әкем романнан бөлек, пьеса да жаз­ған. Үйдегі мұрағатта оның «Ақсақ Құлан» және «Құсни-Қорлан» деген екі пьесасы жатыр. Бұлардың баспа бетін көргенін я көрмегенін білмеймін, бірақ театрда сахналанбағаны анық. Соңғысын павлодарлық азаматтар кө­рер­­менге ұсынбақ болған. Бірақ содан нәтиже шықпады. Әпкем Гүлнар Алма­тыдағы орталық архивте жұмыс істеді. Әкеміздің біраз мұрасын жеке қор ашып, сол жерге тапсырғанбыз. Ме­нің­ше, жоғарыдағы екі пьесадан бөлек, «Абайдың жұмбағын» да театр сахнасына алып шығуға болатын сияқты.

– Жазушының көптомдық шы­ғармалар жинағы шықты ма?

– Жоқ. Әкем көзі тірісінде дайындап жүретін. Ол күнге жете алмады. Қарап отырсам, оның кітабы соңғы рет осыдан 17 жыл бұрын басылып шыққан екен. Содан бері бірде-бір кітабы баспа бетін көрмеген. Ал оқырмандар тарапынан оның кітаптарына сұраныс барын жақсы білемін. Сондықтан Рамазан Тоқтаровтың көптомдық шығармалар жинағы немесе жекелеген кітаптары қайта басылып шықса деген тілек бар. Бұған отандық баспалар үн қатса дейміз.

– Көпшілік жазушының соңында қалған ұрпағы тура­лы білгісі келеді...

– Үлкеніміз – Гүлнар. 1958 жылы Павлодар қаласында туған. Бір жасқа толғанда әке-шешеміз Алматыға қоныс аударды. Ағам Асқар екеуіміз осында тудық. Ағам 1960 жылдың, мен 1963 жылдың төлімін. Гүлнар Алматы қаласында тұрады, зейнеткер. Ағамның алыстағы Америкада тұрып жатқанына жиырма жылдан асты. Екі ұлы, үш немересі бар. Жылына бір мәрте келіп кетеді. Ақын, сценарист. Авторлық кино түсіреді. Өзім осы Алматыда тұрамын. Мамандығым – журналист. Бірқатар республикалық газеттерде экономикалық шолушы болып жұмыс істедім. Қазір анамды күтіп үйде отырмын. Шешем соңғы жылдары қатты ауырып қалды, ерекше күтімді қажет етеді. Әкемнің інісі Қайыргелді осыдан үш-төрт жыл бұрын дүние салды. 

Журналист болғандықтан, өзім де жазғанды, оқығанды жақ­сы көремін. Тек, қазір бос уақы­тым мүлдем жоқ. Негізі әкем туралы аяулы бір дүние жазуды жоспарлап жүргеніме біраз жыл болды. Бұйыртса, мұның да сәті түсер. Бір өкінішім бар – фран­цуз әдебиетімен «ауырған» әкеме Парижді көрсете алмадым. Жалпы, әкем қарапайым болып көрінгенімен, тағдырлы, күр­делі тұлға. «Абайдың жұм­ба­ғын» жазған Рамзайдың да өз «жұмбағы» бар...

– Әкеңіз өмірден өткелі 20 жыл­­­дан асты. Пав­лодар­дан кө­ше сұ­рап, бастама көтер­діңіз­дер ме?

– Осы шаруамен жиырма жылдай жүгірдім. Шешем ауы­рып қалды да, соңғы жылдары жұмысты сәл саябырсытып алдық. Павлодар облысын бас­қар­ған әкімдердің бәріне хат жаз­дым. Қазақстан Жазушылар ода­ғы тарапынан қаншама хат ұйым­дастырылды. Өкінішке қа­рай, соның бәрінен нәтиже болма­ды. Рамазан Тоқтаров аудан, ауыл емес дәл сол Павлодардың өз басында туған ғой. Ендеше неге оған бір көшенің аты бұйыр­май­ды?! Таң қаламын. Кейде жыла­ғым келеді. Осыдан он бес жыл бұрын Алматы қаласында әкемнің атына көше берілді. Ал өзінің туған қаласында әлі жоқ. Соған қарағанда өңірдің идеологиясына, мәдениетіне жауапты адамдар дұрыс жұмыс істе­мейтін секілді. Әйтпесе, Рамазан Тоқтаровқа Павлодар об­лы­сының кез келген аудан-қа­ласынан көше берсе де артық етпейді. Жақсы адам еңбегімен ұзақ жасайды. Ертеңгі ұрпақ бір көшені бермей отырған бүгінгі шенеуніктердің емес, әкем секілді жақсы адамдардың есімін жаттап өсеріне сене­мін.

Әкем көп жазды. Соның бәрінде өзінің өмірі, өскен ортасы, айналасы тегіс қамтылды деп ойлаймын. Романдары арқылы оның өмірімен танысып шығуға болады. Ол Ертіс өзенін ерекше жақсы көретін. Қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын «Ертіске апарыңдар, бір шомылайын» деген тілегін білдірді. Екі еткен жоқпыз. Шомылуға жағдайы болмады, әрине. Аяғын Ертістің суына малып, ұзақ отырды. Жалпы, Керекуге жиі баратын. Сағынышын солай басатын. Өзі Алматыда жүргенмен, жаны Павлодарда еді. Оны шығармаларынан-ақ аңғаруға болады. Оның үстіне әкем бізге өзі туып-өскен Керекуден топырақ бұйыр­са екен деген тілегін де біл­дір­ді. Бірақ бұл тілегін орын­дай алмадық. Басына жиі барып тұрамыз деген оймен Кеңсайға жерледік. Әдетте, туған жеріне жерлеуді тапсыратындар ұрпа­ғы­ның сол өлкеден тамыры ажырамасын деген ниетті ұстанады ғой. Әкемнің түпкі ойын енді ұғынып жатырмыз.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»