Технология • 19 Сәуір, 2021

Бизнесті тың технологияға икемдеудің игілігі

1114 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын бұлтты технологияларға сұраныс артып барады. Әсіресе оның артықшылығы қаржы-экономика салаларында айқын байқалуда. Мәселен, әлемдегі қаржы институттарының 95%-ға жуығы бұлтты есептеулерге басымдық берген. Мұндай дерек Accenture халықаралық консалтингтік компаниясының таяуда жарияланған зерттеуінде келтірілді.

Бизнесті тың технологияға икемдеудің игілігі

Операциялық шығындарды азайтады

Бұл зерттеуге сүйенсек, банктер бұлтты техно­логияға бұрын­нан ауыс­қанымен, оған әлі де күмән­мен қарайтындар бар. Сәйке­сін­ше іскер ортада бұған қатыс­ты екіұдай пікір қалыптасқан. Кей­бірі тың технологияның артық­шы­­лығын қолдаса, енді бірі қауіп­сіздік мәселелері мен реттеуші ұйым­дардың талаптарын алға тартып, оны қолданудан бас тартса керек.

Accenture-дің мәліметіне сәйкес бұлтты қызмет­терге көшу кез келген компанияның операциялық шығындарын 10-20%-ға және өнімді нарыққа шығару уақытын 30-50%-ға азайтады. Коронавирус індеті пайда болғалы бері ашық бұлтты қызметтердің ауқымды деректі өңдеу мүмкіндігі, сондай-ақ тұрақтылығы мен икемділігі қаржы ұйымдары үшін бұрынғыға қарағанда әлдеқайда маңызды бо­ла түсті. Пандемия кезінде қар­жы­герлер бұлтты есептеу жүйе­сі (қоғамдық және жеке) мен ескір­ген технологияның жұмысын салыстыруға мүмкіндік алды. Accenture компаниясымен жұ­мыс істейтін банкир­лер ашық бұлт­ты қызметтің жақсы нәтиже көр­­сет­­кенін байқаған. Айталық, бір­неше сағатта виртуал­ды байланыс орталықтарын құруға жол ашылды.

Сарапшылардың айтуынша, аталған есептеу жүйесіне ауысу банк­терден бөлек, тұтастай қаржы саласына тың серпіліс әкеледі. Оны енгізуді қол­дайтындардың қатары жыл санап көбейіп жатыр. Мәселен, кон­салтингтік ком­па­нияның зерт­­теуінде көр­се­тіл­гендей, бұлтты қыз­­­метке са­лынған инвестицияның көле­мі 30%-ға өскен. Forrester зерт­теу ком­­паниясы 2022 жылға қа­рай бұл бағыттағы өсім жылына 15%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр. Десе де бұл жалпы тех­­но­логия­лық шы­ғын­дардың айтар­лық­тай қыс­қаруына алып келмейді дейді мамандар.

 Тың технология үмітті ақтамаған

Accenture клиенттерінің ара­сын­дағы ірі банк­тердің 15%-ы тек бір тасымалдаушының қыз­­метін пай­даланса, қалған 60%-ы мультибұлтты стра­тегия­ны таң­­дауды құп көрген. Демек бір­неше провайдердің (ең танымал Amazon Web Services және Microsoft Azure) қызметіне жү­гі­нетінін аң­ғартады. Әйтсе де заманауи технологиялық ағымнан көңілі қалған қаржы ұйымдары да жоқ емес. Былтыр жүргізілген Cloud Outcomes 2.0 Survey зерттеуіне сәй­­­кес банктердің тек 35%-ы ғана бұлт­ты есептеу үміттерін ақ­тағанын жет­кізген. Сала мамандары мұндай фак­тілер көбінесе стра­тегиялық сая­саттың дұрыс жолға қойыл­ма­ға­нына байланысты орын алатынын айтты.

Қош, сонымен тың жүйенің ба­сымдылығы неде? Жоғарыдағы зерт­теуде айтылғандай, бұлтты тех­­­нологиялар тек бизнесі икемді, ин­новациялық жаңашыл­дықтарды ен­гізетін банктерде ғана жоғары сұраныста болып, өндірістік өнім­ділікті арттыруда септігі мол.

Тұтастай алғанда, банк секторында инновация­лық даму үрдісі қарқын алып келеді. Мәселен, барлығына ортақ бұлтты платформаларда жұмыс істейтін Stripe, Monzo, Chime және Transferwise секіл­ді стартаптардың арасын­дағы бәсекелестік банктерді қол­да­ныс­тағы бизнесті құр жаң­ғырт­пай, тың технологияны ен­гізуге еріксіз мәжбүрлеп отыр. Әл­бетте, қаржы ұйымдары биз­нес­тің жаңа бағыттарын өз­дерінің технологиялық бағдар­лама­ларының негізінде дамыта алады. Бірақ несие беретін ком­панияларға тың тетіктерді, атап айтқанда ауқымды талдау жүргізуге қауқарлы жасанды интеллект технология­ларын бәрі­бір де қолдануға тура келеді. Ал оны жүзеге асырудың тиімді жолы ашық бұлтты есептеу жүйесінде жатыр. Бұған қоса оның құны жекеменшік инфрақұрылыммен са­лыстырғанда әлдеқайда төмен. Әсі­ресе бұл айыр­машылықты клиент­­­тердің қатары көбейгенде бай­қауға болады. Банктерге бұлт­ты қызметті ұсына­тын про­вай­дерлердің жұмысы жеке қо­сымшаларды әзірлеп, іске қосу шы­ғындарымен салыстырғанда қым­бат көрінуі мүмкін. Алайда Accenture-дің тәжіри­бесі көрсет­кендей, жалпыға ортақ платформаларды пайдаланып, бизнес про­цестерді жаңартатын банктерде ғана шығындар азайған.

Бұлтты технологияларға кө­шу­ді көздейтін қаржы ұйым­да­рын­­да таңдаудың үш нұсқасы бар. Нақ­ты айтсақ, ашық бұлтты жүйе (Public cloud), жеке бұлтты есептеу (Private cloud) және гиб­ридті бұлт­ты жүйені (Hybrid cloud) қол­дану мүмкіндіктері қарас­ты­рылған.

 

Пандемия бұлтты технологияның артықшылығын көрсетті

Соңғы уақытта Қазақстанда жұмысы ақпараттық технология­мен байланыстырылған компанияларда бұлт­ты технология­лар мен бұлтты сервисті ұсы­натын провайдерлердің қыз­метіне сұраныс артқан. Оның артық­шылығы коронавирус пандемия­сы сал­дарынан енгізілген каран­тин режімінде анық білінді. Жаңа шешімдерді ен­гізуде «Қазақ­теле­ком» АҚ-ның табысты ізде­ністері жоқ емес. Ұлт­тық бай­­ланыс операторының дерегіне сәйкес ком­пания деза­грегаттау (операциялық жүйелер мен қосымшаларды базалық жаб­­дықтан ажырату, ап­паратура­дан бөлу), виртуалдандыру (бір есептеу машинасында бір немесе бірнеше жүйені іске қосу) және жүйелердің ашықтығы прин­циптеріне негізделген жаңа байланыс инфрақұрылымын құ­ру­ға байланысты бұлтты шешім­дерін ұсынуға дайын. «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен бай­ланыс қызметінің ақпаратына сүйен­сек, қазір CloNN (Cloud Network Node) технологиясы негі­зінде Алматы мен елордада екі бұлтты байланыс торабы іске қосылған. Ұлттық компания бұлтты байланыс тораптарын құруға арналған жобаларды технологиялық трансформация стратегиясы аясында жүзеге асырып келетінін айта кеткен орынды.

«Біз бұлтты инфрақұрылымды біртіндеп және үздіксіз дамытып келеміз. Әр жобаға бұлт­ты инфра­құры­лымның жаңа ар­хитектуралық элементтерін қо­са­мыз. Келесі кезекте Docker және Kubernetes негізінде қол­данбалы-бұлтты жүйені виртуалдандырып, үйлестіру, сондай-ақ SDN ше­шімдерін енгізуге қатысты жобаларды іске асыру міндеті тұр», деді «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов.

Ұлттық байланыс операторы тың инфрақұры­лым­ға көшу дәс­түрлі қызметтердің дамуына сер­пін беріп қана қоймай, сонымен бірге жаңа бизнес пен цифрлы трансформацияға жол ашады деген сенімде. Бастапқыда CloNN тораптары тек желінің жүк­темесін азайту үшін ғана емес, сол секілді әмбе­бап бұлт ресурстары ретінде де құрылғанын айта кету керек. Оның пайдасы пандемия кезінде бұлт­ты ресурстарға және бос жадыға сұраныс күрт арт­қанда тиді. Cloud Network Node жүйесі карантин режімінде бейнебақылау жүргізу, әлеуметтік қашық­тықты сақтау, қашықтан оқыту, білім беру трафигін оқшау­лау сынды қызметтерді жүзеге асыруға ұсынылды.

«Сарапшыларымыздың айтуынша, CloNN жобасының келе­­шектегі жоспары ауқым­ды. Бы­лайша айтқанда, атал­ған­ бұлтты бай­ланыс торап­тары «Қазақ­теле­комның» инфрақұры­лымдық «жү­регіне» айналып, оған деза­гре­гаттау, виртуалдандыру қағи­даттарына негізделген жаңа желілік инфрақұрылым қосы­лады», деді «Самұрық-Қазы­на» АҚ цифрландыру және транс­формациялау жөніндегі бас­қару­шы директоры Дәурен Керей­баев.

Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, елімізде бұл бағытта және ауқымды деректерді өңдеуде «Ұлт­­тық ақпараттық технология­лар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» АҚ сынды ком­паниялар көш бастап тұр.