Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толып отырғанына қарамастан, Қостанай облысындағы елді мекендердің басым көпшілігі әлі күнге дейін сол баяғы ескі атауынан арыла алмай келеді. Мәселен, Федоров ауданында 10 шақты ауылдық округ бар. Соның ішінде қазақша атауға ие болып отырғаны Қоржынкөл мен Қосарал ғана. Қалғаны Баннов, Воронеж, Федоров, Костряков, Ленин, Новошумный, Первомай, Пешков деп жалғасып кете береді.
Өзге ұлт өкілдерінің басымдығына қарамастан, аудандағы орысша аталатын елді мекендердің көбінің бұрынғы қазақша тарихи атаулары бар. Бұл тарихи атаулар туралы құнды деректер белгілі тарихшы ғалымдар Аманжол Күзембайұлы мен Еркін Әбіл бастаған зерттеу тобы жүргізген үшжылдық ғылыми экспедицияның нәтижесінде 2010 жылы жарық көрген «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» жинағының екінші томында кездеседі. Бұл еңбекте ХХ ғасырдың басында өңір топонимикасын зерттеген Ф.Щербина бастаған экспедиция қағазға түсірген Федоров, Қарабалық, Қостанай аудандарындағы байырғы жер-су атаулары көрсетілген. Мысалы, Щербина қазіргі Федоров ауданында жатқан Кеңарал болысында Жаңғабыл тоғай, Қабылтоғай, Бестамақ, Ақсуат-Қарасу, Қаратоғай, Шаңырақтоғай, Жолбарыс, Олжабай, Тұрсынбай өзек, Жарағаш, Шаңырақ, Қарағозытоғай, Кеңтоғай, Боқтыбайтоғай, Ақсуат, Ақтөбе, Қаракөң, Жыланды, Қосарал, Жарқайың, Медеубай, Ащыкемер, Иірімқарасу, Тінейтоғай, Қызылшарпы, Дәулетсай, Қызылтоқ, Сасықағаш, Толысай, Тұйғынағаш, Ұялытомар, Тышқақсай, Шоқтерек, Қашқынбайсай, Бапансай, Борсықбайсай, Найманқыстау, Ұсақ, Жыңғылдысай, Үңгір, Қаражар, Құттыбек, Тереңсай, Бесқайың, Есімбайтүбек, Көкайыл, Алжансай, Жарықкөл, Балықтыкөл, Кішкенекөл, Үлкенкөл, т.б. ауылдардың қоныстанғанын жазады. Бүгінде бұл атаулардың біреуі де жоқ.
– 1913 жылы Ф.Щербина бастаған статистикалық экспедиция шығып, сол аймақтағы елді мекеннің бәрін қараған. Сол еңбекте көрсетілген жер аттарын түгелдей көрсеттік. Сосын кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдары қазақ ауылдарын біріктіріп, кеңшар құрып, оның атын орысша қойған. Біз көрсеткен қазақы жер атаулары осындай тәсілмен жойылған. Қостанай өңіріндегі қазақтар мен өзге ұлттардың саны тың игеру жылдарына дейін елу де елу болған екен. Тыңнан кейін 70 пайыздан астамы өзге ұлт болып, Торғай халқын қосып есептегенде 20 пайыздан сәл асатын ғана қазақ қалды, – деді жинақтың авторы, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы.
Ғалымның айтуынша, Ф.Щербина экспедициясының мақсаты қазақ жерін шаруашылық отарлаудың ауқымын кеңейту, осы мақсатта ауыл шаруашылығына қолайлы жерлерді іздестіру болған. Сондықтан экспедиция сол кездегі жер-су жағдайын жан-жақты сипаттап, мейлінше дәл мәлімет беріп отырған. Бұл мәліметтердің ішінде қазіргі Федоров пен Қарабалық ауданында орналасқан Талдыкөл, Қарақопа, Өзенкөл, Сүліктікөл, Соркөл, Бикелек, Байтемір, Меңдіжасар, Шыңдақ, Жәңгіркөл, Тоқтас, Жолжүрген, Жақсы, Жаркөл, Алдар, Шығыр, Үлкен Бөрілі, Дәмдіөзек деген өзен-көл атаулары да кездеседі.
Бұл атаулардың дені, өкінішке қарай, кейінгі ресми құжаттарда кездесе қоймайды. Тек атадан балаға ауызша тараған халықтың тарихи жадының жаңғырығында ғана қалған. Бұл жерде өткен ғасырларда орнаған жаңа қоғамның қазақ даласына өрескел өктемдікпен келіп, нәтижесінде байырғы халықтық құндылықтарды табанға таптап, ұлттық тарихымыз бен жер-су атауларын барынша көмескілендіріп, жойып жібергенін қаперден шығармау керек. Сондықтан ұлт тарихының сол кезеңіндегі ауызекі деректердің жазба дерекке пара-пар маңызға ие екенін ескеруіміз қажет.
2010 жылы Федоров ауданын аралап шыққан А.Күзембайұлы экспедициясы жергілікті тұрғындардың аузынан аудандағы бірсыпыра елді мекендердің байырғы атауларын жазып алған. Мысалы, 1928 жылы туған Мырзағали Әбдірахманов деген ақсақал 1950 жылдарға дейін аудандағы Украин ауылдық кеңесінің құрамында Қарашакөл, Назар, Саламат, Талас деген ауылдардың болғанын айтады. Бұл кісінің сөзінше, қазіргі Трактовый ауылы бұрын Батпақкөл деп аталған.
1932 жылы Федоров ауданының Тайлан ауылында туған Андрей Әбдірақаев деген кісінің айтуынша, аудандағы Кеңарал болысының төңірегінде ұжымдастыру жылдары құрып кеткен Тақтай, Шәкі, Мырза, Байқайың, Тайлан ауылдары болған. «Байқайын ауылынан Кеңарал ауылына келе жатқан жолда Тайлан, Үй, Тыран, Бекарыстан, Ерубай зираттары бар. Ол жерлерде ертеректе қазақтың ауылдары болды. Мысалы, 1940 жылы Тыран ауылы мен Тайлан ауылын жерімен бірге қосып жіберді. Бірақ Тайлан ауылы 1945 жылға дейін тұрды. Бірақ бұл қазақ ауылдары жойылып кетсе де, Торыатөлген, Тұяқбай түбегі, Жаңбыршы түбегі, Аралтоғай, Қарағайлы, Үңгір, Аманжол, Тақтай, Боқтыбай тоғай, Сасықтоғай, Тоқтас көлі, Субітпесін деген жер-су атаулары осы күнге дейін ел есінде сақталып қалды», дейді Андрей Әбдірақаев.
1951 жылы туған Федоров ауданының тұрғыны Майра Ақшақбаева есімді зейнеткердің сөзінше, Қазіргі Уйск бұрындары Мешіт ауылы деп аталыпты. Кейін мешіт қирап қалған. Осы ауылдың күнбатыс жағында Адай көңі деген жер болған. Ол жерде Адай руының ауылдары тұрған. Сонымен қатар Баян, Шағатай, Бектемір деген ауылдар, Көлденеңсай, Тереңсай, Шоңқасай, Шұңқыркөл, Сарыкөл, Үлкенкөл деген жер-су атаулары болған.
Сондай-ақ жоғарыда аталған жинақта ел ішіндегі көнекөз қариялардан жазылып алынған Жыланды, Байғара (қазіргі Ленин), Балықты (Минск), Тоғызбай (Аральский), Сәтірке, Бәтірке, Күнту, Үй, Ерманқұл, Байзақ, Шоңқа, Шілік, Қанан, Саржау, Тұздыкөл, Шоңқасай, Тұрағаш, Қосарал, Күнсүлек, Әміртай, Мыңжасар (қазіргі Успеновка), Бекелек, Талас, Шорпылдақ (Батмановка), Тасқор, Өтеп, Жаман, Төрағаш, Қосжалтыр (Владыкино), Кіші Барақ (Дружба), Үлкен Барақ (Первомайка), Баяншоқ (Тружник), Балтау (Полтавка), Шартылдақ (Смирнов), Қоскөл (Новошумное), Сауыт (Пешковка), Шандыаяқ, Өзтемір, Жалпақағаш (қазір бұл үш ауылдың орнында Березовка елді мекені тұр), т.б. тарихи елді мекендердің атаулары берілген.
Көнекөз қариялардан қалған естелік әңгімелерде қазіргі Федоров ауылы тұрған мекеннің кезінде сол маңайдағы көлдің атауына сай Жаркөл деп аталғаны айтылады. 1927 жылы Қарабалық ауданының Есенкөл ауылында туған Бақытжан Жиентаев ақсақалдың айтуынша, «Федоровка селосының бұрынғы аты – Жаркөл. Онда Федор деген чуваш Ресейден қашып келіп, балық аулаған, сол жерден үй салған. Осылайша, ол жерде халық көбейе берген. Федоровтың қасындағы Жаман Жаркөл, жары биік, адамдар суға жиі кетіп отырған. Жақсы Жаркөл бар. Үлкен Манас көлі мен Кіші Манас көлінің арасындағы жерді Құнаншапқан дейді».
Өңір зиялылары Федоров ауданы мен аудан орталығы орналасқан елді мекеннің тарихи атауын қалпына келтіру жөнінде ширек ғасырдан бері айтудай-ақ айтып келеді. Алайда одан еш нәтиже жоқ. Өкінішке қарай, қазір бізге қадымнан қалған Жаркөл атауынан гөрі Федор жарықтықтың есімі құндырақ болып тұр.
Ал енді «Федоров атауы қалай пайда болды?» деген сауалға жауап алғыңыз келсе, аудан әкімдігінің ресми сайтынан «ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары Жаман Жаркөлдің жағасына Федор есімді мордва балықшы қоныстанған екен. 1894 жылы Федордың қонысында Троицк пен Қостанай пошта жәмшік трактінің үшінші тарату бекеті салынады. 1900 жылы Жаркөлдің жағасында Федоров деген жаңа елді мекен пайда болды» деген жұтаңдау мәліметті оқисыз.
Таяуда Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті облыстық тіл басқармасына Қостанай өңірінде туып-өсіп, бүкіл саналы ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнаған 43 Алаш қайраткерінің тізімін жіберіп, осы кісілердің есімін ел есінде қалдыру қамына кірісуді ұсыныпты. Алайда жергілікті құзырлы органдар олардың бәріне бірдей атау бере алмаймыз деп отыр. Алайда талпыныс жоқ емес, бар.
– Бұрынғы тарихи жер-су атауларын, тарихи тұлғалардың есімдерін жаңадан зерделеу мақсатында ономастикалық комиссия мүшелері атауларды тағы бір пысықтап, былтыр 71 тарихи жер-су атауын Тіл саясаты комитетіне тарихи жер-су атаулары мен тарихи тұлғалар тізіміне енгізуге жіберген едік, оның 23-і тізімге енді. Мысалы, қазіргі Рудный қаласын Сарыбай деп өзгерту туралы ұсыныс берілді, мұндағы ірі кен орны тұрған жердің тарихи атауы Сарыбай болғанымен, оған Соколов атауы қосарланып аталып келеді, Лисаков қаласының орнында кезінде Наурызбай деген елді мекен болған. Ал Жаркөл тың игеру жылдары Федоров болып кеткен, Бейімбет Майлин ауданындағы қазіргі «Варваринка» кеніші тұрған жер Көрпелі деп аталған. Сондай-ақ Қарабалық ауданындағы Славенка бұрын Қарағайлы деп аталған. Осы аудандағы Белоглинканың тарихи атауы – Мыңбай. Меңдіқара ауданындағы Молодежный бұрын Қызылқожа, Ұзынкөл ауданындағы Арзамас елді мекені Құттыкөл, осы аудандағы Казаньканың бұрынғы атауы Сарыбалық, Пилкино – Ұлпан, Ксеньевка – Қайранкөл, жанымызда тұрған Қостанай ауданындағы Александров – Шектібай, Новоселов – Қастек, Бейімбет Майлин ауданындағы Ленино – Байғара, Денисов ауданындағы Алшановка – Алшын деп аталған. Мұның сыртында, таяуда ғана Тіл саясаты комитеті 5 тарихи тұлғаның тізімін сұрады. Оны біз 2 наурызда жібердік. Бұл тізімде 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Әбдіғапар Жанбосынұлы, Дербісәлі Беркінбаев, Елдес Омаров, Мұхаметжан Қарабаев, Нұржан Наушабайұлы сияқты тарихи тұлғалар бар. Бұл кісілердің есімдерін елді мекендерге, көшелерге, мектеп, кітапхана, аурухана, мәдениет үйі сияқты нысандарға беруге болады.
2008 жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен Қостанай өңірінің тарихи топонимикасын зерттеу мақсатында тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Аманжол Күзембайұлы, өлкетанушы ғалым Қуаныш Орманов, ғалым Рауан Байдалы бастаған ғылыми-зерттеу тобы құрылып, облыстың бүкіл елді мекендерін аралап, көнекөз қариялардың аузынан жер-су атауларына қатысты көптеген деректерді жазып алған. Одан кейін ғылыми жұмыс тобы Ресейдің шекаралас жатқан қалаларына барып, архив мәліметтерін, ескі карталарды тауып әкеліп, салыстыра отырып, өңірдегі елді мекендердің көбінің тарихи атаулары болғандығын растап шығарды, деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастика және көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімінің басшысы Жарасқан Наурызбаев.
– Біз елді мекен атауларын өзгертетін кез келді деп айтамыз ғой. Бірақ қазір көп ауылдарда өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы әлі де болса басым. Сондықтан бұл мәселені жалпыхалықтық талқыға салу ертерек. Оны басқаша өзгертуге болады. Мысалы, кезінде Семипалатинск солай өзгерді ғой. Елбасының өзі барды да, «Семей деген сөз құлаққа жағымды естіледі», – деп, шаруаны бір-ақ күнде тындырды. Ал қазіргідей көпшіліктің талқысына салатын болсақ, ұтыламыз. 2017 жылы Қостанай ауданындағы Давыденовка ауылының атауын әупірімдеп жүріп Еңбек деп өзгерттік. Кішкентай ғана ауылдың атын өзгертеміз деп үш сағат отырдық. Тұрғындар қарсылық білдіріп, міз бақпай отырып алды. Ауылдан қалаға әлдеқашан көшіп кеткен кәрі кемпірлерге дейін келді. Негізі, жиынға осы ауылда ресми тіркелген адамдар ғана қатысуы керек. Сөз сөйлегендердің көбінің көшіп кеткен адамдар екенін кейін білдік. Мен екі рет шығып сөйледім. Артта отырғандар шулап сөйлеткізбей, полиция келіп тәртіпке шақырып, ақыры дауысқа салып, азғантай ғана басымдықпен Еңбек деп өзгерттік. Енді әрбір елді мекенді осындай жолмен өзгертсек, оған біздің өміріміз жетпейді, – деді А.Күзембайұлы.
Ғалымның айтуынша, алдағы уақытта жер аттарын өзгертудің жаңа ережесін енгізу керек. Ол ереже бойынша елді мекеннің атауы аудандық мәслихаттың шешімі арқылы ғана өзгеруі керек. Тұрғындарды жинап, олардың пікірімен санасудың керегі жоқ. Тұрғындар жиынының пайдасынан зияны көп. Бір ауылда ұйып отырған жұрт мұндай жиыннан кейін екіге бөлініп кетеді екен.
Ономастика мәселесімен көптен бері айналысып келе жатқан тәжірибелі ғалымның бұл ұсынысы қолдау тапса, Қостанай өңіріндегі сіресіп тұрған кірме атаулардың көбесі сөгіліп, құнарлы топыраққа түскен соқа тісі жойып жіберген қазақ ауылдарының байырғы атаулары қайта тірілері анық.