Медицина • 20 Сәуір, 2021

Мутацияланған вирус

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-дың әлемге тарау қарқынының қауіптілігіне алаңдап, азаматтарға мейлінше сақтану қажеттігін, ал мемлекеттердің жағдайға қарап шектеу шараларын қатты қадағалап отыруын ұсынады.

Тұманды Альбионның 77 тұрғынынан тағы да SARS-CoV-2-нің бұған дейін болмаған мутациялануының екі еселенген жаңа түрі тіркелді. Sky News телеканалы осындай хабар таратып, оның бір түрінің алғаш Үндістанда және Шотландияда кездескенін айтты. Сондай-ақ оның жұғу деңгейінің жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді. Ұлыбритания Шығыс университетінің профессоры Поп Хантер жаңа штамның бразилиялық және оңтүстік африкалық түрлеріне қарағанда вакцинаға деген төзімділігі жоғары болуы мүмкін деген қаупін жеткізді. Оның айтуынша, штамның екі қайтара мутацияға ұшырауының өзі ерекше назар аударуды қажет етеді.

Иә, жылдан асқалы әлемді қауызына жиып, билігін жүргізген вирус түрленуін тоқтатар емес. Осыған дейін британдық, бразилиялық, колумбиялық, оңтүстік африкалық деген айдар тағылып, таралымы, жұқпалылығы жөнінен SARS-CoV-2-ны жолда қалдырып, жылдам әлем аралап кеткен мутанттың біздің елге де жеткені мәлім. «Қызыл аймаққа» еніп, аурудың болдырмай тұрғанын мамандар осы мутацияланған жаңа штаммен байланыстырады. Ал Африкадағы Эфиопия, Ангола және Ұлыбритания мен Бразилия университеттерінің ғалымдары Ангола әуежайында Танзаниядан келген туристерден алынған тесттерден 34 түрлі мутацияға ұшыраған SARS-CoV-2-ні анықтады. Бұлайша өте көп өзгеріске ұшырау неге алып келуі мүмкін? Ол жайында ғалымдар түрлі пікірлер айтады. Кейбірі ол ағзаның қорғану жүйесін әлсіретіп, жұғу жөнінен бұған дейінгі жылдамдықты артқа тастауы мүмкін деген қауіп айтса, кейбірі эволюциялық тұрғыда ол вирусқа қаншалықты «пайдалы» болады, ақыр аяғында елеулі түрде әсер етіп, оны өзгертуі ғажап емес деген де пікір білдіреді. Ғалымдар ақуыздың ішкі емес, сыртқы қабатында мутацияның көбеюі табиғи жолмен және вакциналаудан соң пайда болған антиденеге ілігіп, байланысуын төмендетеді деп есептейді. Зерттеушілер, негізі ақуыздың сыртқы қабатындағы түрленулер алғашқы ухандық вирустан қаншалықты өзгерді, сол айырмашылыққа қарай ағзаның антиденелік жауабы қалыптасатын болады деген ой айтады. «Вирус ағзада неғұрлым ұзақ уақыт болған сайын бейімделуін ұштай береді, ал бұл мутацияның көбеюі деген сөз, оған еш таңдануға болмайды», дейді Ресей іргелі медицина және биология институтының басшысы, профессор Альберт Ризванов.

Көзге көрінбес тозаңдай вирустың жаңа штамдарының пайда болуының себебі неде деген сауалға ғалым «Жаңа түрлер, иммундық жүйесі әлсіреген, COVID-19-ды жұқтырып, онымен ұзақ уақыт ауырған адамдардың бойында түзіледі. Осы мерзім ішінде вируста ағзаға бейімделген адаптация жүріп, жаңа қасиеттерге ие болады», деп вакцина жасаудың пайдасына тоқталады. Вакцинаның түрленген штамға белсенділігі төмен дегеннің өзінде вакциналаудан өткен жан коронавирус инфекциясының ауыр түрінен қорғалатыны анық. Сондықтан да вакциналаудың тиімді күрес құралы екенін түсінген абзал.

Иә, вирус кейіпі бұрынғыдай емес. Қара құрлықта тіркелген түр өзгерісі ғаламат A.VOI.V2 деген атауды иеленген штамның геномдары бірдей, тек тұқым қуалаушылыққа жауап беретін А тізбегі ғана өзегеріске ұшыраған көрінеді. Африка осылайша дүрлігіп жатқанда Ганконгта да жаңа штамм табылды. Британдық және оңтүстікафрикалық мутантқа ұқсастығы болғанымен N501Y деген жеке атауды иеленген вирус жайында South China Morning Post хабарлап, қаланың 80 тұрғыны 3 апталық карантинге шектелгенін жазады. 19 наурызда Дубайдан келген гонкогтықпен көршілікті бұйыртқан көп қабатты үйдің тұрғындары енді күн санаумен қатар, ауру жұқпаса екен деп қауіптеніп отырғаны анық. Гонконг денсаулық сақтау саласының жауапты маманы мұндай шараға өзгелерді сақтау мақсатында әрі вирустың жұғу жылдамдығына байланысты барып отырғанын айтқан.

Израильде де вирустың сыртқы ақуызының айтарлықтай мутацияға ұшыраған түрі анықталды. P681H штамы пациенттер ағзасынан сыртқа шыққан биологиялық қалдықтарды талдамадан өткізу барысында анықталған көрінеді. Сондықтан ғалымдар кәріз жүйесінен аққан сұйықтықтарға да сараптау жүргізіп, вирус РНК-ларының үзінділерін табады. Елдің түрлі қалаларында пайдаланылған суға жүргізген зерттеулер оның барлығында ортақтық бар екенін анықтап, оған P681H деген атау берген екен.

Адамзат баласының назарын өзіне аударып, әлем ғалымдарының барлығын түрлі ойға шомдырып, тынбай ізденістерге бастаған COVID-19-дың түрленуі мұнымен тоқтамайтын сыңайлы.