Технология • 21 Сәуір, 2021

Аяқ киімді цифрлы таңбалау енгізіледі

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл шілде айынан бас­тап елімізде міндетті аяқ киім­ді цифр­лы таңбалау енгізу жос­парланған. Бұл – барлық аяқ киім өндірушілер мен импорттаушылар өз тауарларын арнайы екі өлшемді Data Matrix кодымен таңбалауы керек деген сөз. Барлық нормативтік-құқықтық актілер бекітілгеннен кейін, әлемнің басқа елдерінен, оның ішінде ЕАЭО-дан цифрлы таңбалаусыз тауар Қазақстан шекарасынан өте алмайды. Таңбаланбаған аяқ киімнің қалдықтарын жыл бойына сатуға болады.

Аяқ киімді цифрлы таңбалау енгізіледі

Жаңа енгізілім Қазақстан­ның аяқ киім нарығының бар­­лық қатысушыларына – өндіру­шілерге, импорт­тау­шыларға және бөлшек сауда дүкендеріне қатысты. Атап айтқанда, аяқ киім айналымына қатысушылар тауар­ларды таңбалау мен оның қадағалануының ақпараттық жүйесінде (ТТҚАЖ) тіркелуге, сондай-ақ өз тауарларын Ұлт­тық каталогта тіркеуге тиіс болады. Таңбалау кодтары автоматты түрде ТТҚАЖ-да жасалады. Содан кейін оларды Data Matrix-ке түрлендіруге және ба­сып шығару үшін жүктеуге болады.

«Қазір Қазақстанда аяқ киім­­­ді міндетті цифр­лы таң­ба­лау­ды енгізу үшін норма­тивтік-құқықтық базаны дайындау процедурала­ры жүргізіліп жа­­тыр. Бірақ біз импорт­тау­­шы­­­ларға, өндірушілерге және бөлшек сатушыларға на­рық­­т­а жұмыс істеудің жаңа ере­желеріне қазір дайындалуға ке­ңес береміз. Бизнес цифрлы таң­балау процесін неғұрлым ер­терек бастаса, барлық кезең­­ді зерттеуге оның көп уақы­ты болады», деді Цифр­лық экономиканы дамыту орта­лы­ғының бас директоры Бикеш Құр­манғалиева.  

Импорттаушылар тауарға Data Matrix цифрлы таңбалау кодын тауар мемлекеттік кеден­дік рәсімдерден өткенге дейін таңбалауы қажет. Өнімді бас­қа елдегі өндірісте немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы кеден қойма­сында таңбалауға болады. Data Matrix коды тікелей аяқ киімге, сондай-ақ тауарлық жап­сырмаға немесе тұтынушы қап­тамасына енгізілуі мүмкін.

Цифрлы таңбалау нарықты сапа­сыз және Қазақстан аума­ғына заңсыз әкелінген өнім­дерден тазартуға көмектеседі, сондай-ақ отандық өндіруші­лерді дамытуға серпін береді. Тұтынушы да өз пайдасын алады. Біріншіден, жаңа цифрлы белгі сатып алушы үшін өнімнің заңдылығы туралы белгі болады. Екіншіден, тұ­ты­нушы Naqty Onim арнайы мо­биль­ді қосымшасы арқылы Data Matrix кодын сканерлеп, тауар туралы толық ақпарат ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасында темекі өнімдерін міндетті цифр­лы таңбалау 2020 жылғы 1 қазаннан бастап енгізілді. 2022 жылы фармацевтикалық препараттарды, алкоголь өнім­дерін және жеңіл өнеркәсіп тауар­ларын міндетті цифрлы таң­балауды іске қосу жоспарлануда.