«Қазіргі уақытта Жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қызмет атқарады. «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіптік оқыту, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік грант беру, сондай-ақ кәсіп негіздерін оқыту, жастар практикасына жолдама беру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, қоғамдық жұмыстар, «Бастау бизнеске» жолдамалар беру, сол сияқты «Алғашқы жұмыс орны» жобасы секілді қызметтер атқарып жатыр», деді Азамат Байтасов.
Ол өз сөзінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 120 адам білім алып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта жұмыссыз азаматтар жұмыс іздеген жағдайда оның мамандығы, жұмыс өтілі болмаса, біліктілігін жоғалтқан жағдайда Жұмыспен қамту орталығы ол азаматты кәсіптік оқытуға жібереді. Оқыту мерзімі мамандыққа байланысты 1-3 айға дейін созылады. Оқу барысында мемлекет тарапынан 21 787 теңге мөлшерінде ай сайын шәкіртақы төленеді. Оқу аяқталғаннан кейін олардың жұмысқа орналасуына жәрдем беріледі. Бұл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуымыз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта наубайшы, кондитер, бақылаушы-кассир, кран-машинист, техник, электрик мамандықтары бойынша құжат қабылдау жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша қысқа мерзімді оқытумен 200 адам қамтылады. Ал қазіргі уақытта 120 адам оқып жатыр», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтанда 65 азамат «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекеттік грант алғанын тілге тиек етті. Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант сомасы – 200 АЕК (583 400 теңге).
«Бұл грантты алу үшін «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды бітіру қажет. Сол сияқты «Кәсіпкерлер палатасы» арқылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқысаңыз грантқа құжат тапсыра аласыз. Бұл грант қаражатын еңбек құралдарына, технологиялық жабдықтарға, сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу мақсатында қолдануға болады. Жоспар бойынша 400 адам қамтылады. Қазір 65 грант алған азамат бар», деді ол.
Оның айтуынша «Жастар практикасы» арқылы 200-ден аса азамат жұмысқа орналасқан.
«Жасы 29-ға толмаған жас түлектер, оқуын аяқтағанына үш жылдан аспаған және жұмыс өтілі жоқ азаматтар осы бағдарламаға қатыса алады. Жұмыс ұзақтығы алты айдан аспайды. Жалақы мөлшері 94 мың теңге, қолға алатыны – 80 мың теңге. Жоспар бойынша 900 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта 223 азамат осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналастырылды», - дейді ол.
Ведомство басшысы өз сөзінде «Қоғамдық жұмыстар» мемлекеттік бағдарламасы жайлы айтты.
«Алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуді талап етпейтін, пайдалы бағыты бар, жұмыссыз азаматтар уақытша жұмыспен қамтылатын бұл бағдарламаның ұзақтығы – 12 ай. Қазіргі уақытта жалақының мөлшері екі төменгі айлық мөлшерінде көзделген, яғни 85 мың теңге», деді ол.
Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жайлы мәлімет беріп өтті.
«Бұл – жастарға қажетті еңбек дағдыларын беру және алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында ашылған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның ұзақтығы – 24 ай. Жергілікті бюджеттен берілетін субсидия көлемі – 20 АЕК (58 мың теңге). Ал жұмыс беруші өз атынан тағы қаражат қоса алады. Қазіргі уақытта бұл жоба жұмыс берушілерден ұсыныс қабылдап жатыр», деді ол.