Он жетінші жолдауда әлемді алаңдатқан ахуал – коронавирус пандемиясымен күрес шаралары назардан тыс қалмады. Одан бөлек, халық санының өсуі де күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі болды. Владимир Путин «2030 жылға қарай елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 78 жас болуы керек» деген пікірін айтты.
«Коронавирусты түбегейлі жеңген жоқпыз. Сондықтан ол әлі де қауіпті. Бүгінгі күні барлық деректі назарда ұстап, бақылап отыруымыз керек. Вирустың таралуын тежеу жұмыстары жалғаса береді. Бұл жұмыс ел ішінде қалай белсенді жүргізілсе, шекара бойында да дәл сондай істер атқарылады», деді мемлекет басшысы.
Вируспен күрес мәселесіне тоқталған президент вакцина мәселесін де ұмытпады. Ол елде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина салдыру халық үшін қолжетімді болуы керектігін айтты. Осылайша, күзге қарай ұжымдық иммунитет қалыптастырып үлгеру керек деген болжамын да ортаға салды.
Медицина саласындағы маңызды мәселелерге тоқталған Владимир Путин халықты жаппай медициналық тексеруден өткізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша профилактикалық тексеру биыл 1 шілдеден бастап толық қолға алынуы тиіс. Ал алдағы 3 жылда ауылдық округтер мен кішігірім қалаларға 5 мың жедел жәрдем көлігі жіберілмек. Бұл ол жақтағы арнайы автомобиль паркін жаңартуға мүмкіндік береді.
Биылғы жолдаудағы ерекше ескеретін жаңалық – әлеуметтік қазынашылық. 2022 жылдан бастап барлық әлеуметтік көмек, зейнетақы мен үстемақы «бір терезе» режімінде төленбек. Бұл барлық үрдісті оңтайландырмақ. Өйткені, кез келген көмек азаматтың отбасы құруы, балалы болуы, зейнетке шығуымен байланысты тағайындалып отырмақ.
Президент жолдау барысында бірқатар әлеуметтік көмектің көлемі өсетінін хабарлады. Мәселен, жалғызбасты ана немесе әкеге төленетін көмек, сондай-ақ отбасына тәрбиеленіп жатқан 8 жастан 16 жасқа дейінгі балаға берілетін көмек көлемі 5 650 рубльге жетпек.
Сонымен бірге бала күтіміне қатысты берілетін көмек көлемі енді азаматтың жұмыс өтіліне байланысты болмақ. Сәйкесінше, жас мамандар алатын көмек көлемі айтарлықтай төмен болуы мүмкін.
Коронавирус пандемиясы салдарынан бірқатар саланың кенжелеп қалғаны мәлім. Қай елде болсын кәсіпкерлер жиі шағым айтады. Ресей президентінің бұл жолдауында кәсіпкерлерге жақсы жаңалықтар болды. Владимир Путин шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әзірлеу жөнінде тапсырма бергенін хабарлады. Атап айтар болсақ, салық жүйесін оңтайландыру, өнімді қолдану аясын кеңейту мен оны елдегі үлкен мемлекеттік компанияларға сатып алғызу сынды шешімдер ұсынды. В.Путиннің айтуынша, биыл Ресейдегі корпоративтік сектордағы түсім көлемі едәуір ұлғаймақ. Дегенмен, оны қалай қолданатыны әзірге беймәлім.
Кәсіпкерлерге берілетін инфрақұрылымдық несиеге бөлінетін қаржы көлемі де артпақ. Ресейде жылына 3 пайыз көрсеткішпен 15 жылға инфрақұрылымдық несие беріледі екен. Енді оған 0,5 трлн рубль ақша бөлінбек.
Экономиканың айнымас бөлігі – туризм де президент көтерген мәселелер қатарынан табылды. Ресей президенті ел ішінде саяхаттаған азаматтардың шығынының 20 пайызын қайтаруды ұсынды. Сонымен бірге жазғы лагерьлер құны жарты бағаға арзандамақ. Ал волонтерлерге, түрлі олимпиадалар мен шығармашылық жарыстарға қатысқан белсенді жастарға тіпті жаз маусымында да жеңілдік беру көзделіп отыр.
Экология мәселесі де құжатта көрсетілді. Владимир Путин жиналған парниктік газдың көлемі Еуроодақтағыдан аз болуы керек деген мақсат қойып отыр. Сонымен бірге коронавирус сияқты қандай да бір індет пайда болғанда Ресей ғалымдары вирусты анықтайтын тестті 4 күн ішінде жасап шығаруы керек. Оған қоса, ең тиімді вакцина жасау міндеті туралы да айтылды. Бұл міндеттер 2030 жылға дейін орындалуы керек.
Сыртқы саясат мәселесіне тоқталған Владимир Путин қазіргі кезде көптеген ел қандай оқиға болсын Ресейді араластырып, кінәлауға үйір болып алған деген ойын айтты. «Бұл жаңа спорт түріне айналған. Біз қарым-қатынасты тоқтатуды көздемейміз. Дегенмен, кейбірі біздің жақсы ниетімізді немқұрайды қатынас деп түсініп, үзілді-кесілді шешім қабылдайды. Осы ретте ондай әрекетке Ресейдің де жауабы сәйкесінше қатты әрі тез болатынын біліп жүрсін. Кез келген арандатушылық бастағандар өкінетін болады», деп мәлімдеді.
Елдер арасындағы қарым-қатынаста қызыл сызықтан аттап кетпеудің маңыздылығын ескерте келе, ол сызықты да Ресей өзі белгілейтінін хабарлады. Владимир Путин серіктестеріне стратегиялық мәселені қайта талқылауды ұсынып, жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету керегін баса айтты.
Владимир Путиннің сыртқы саясат мәселесіне ерекше тоқталуы, Ресейдің жауабы туралы қатқыл айтуында көп мән бар. Өйткені, жолдауға дейін бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден Ресейге қарсы санкция жариялаған-ды.
15 сәуірде Джо Байден Ресейдің мемлекеттік қарызына қатысты санкция жариялап, 30 жеке және заңды тұлғасын «қара тізімге» қосты. Көп ұзамай, Чех Республикасы 18 ресейлік дипломатты еліне қайтаратынын хабарлады. Оны чехтар дипломаттар барлау қызметімен бірлесіп жұмыс істеді деп түсіндірді. Ресей болса, Прагаға жауап ретінде 20 чех дипломатын еліне қайтарды.
Жолдау жарияланғаннан кейін шетелдік БАҚ пен сарапшылар сыни пікірлерін айтты. Көбі бұл жолдаудан үлкен шешімдер күткенін жасырмады. Bloomberg агенттігі Владимир Путин ұсынған шараларға енді қомақты қаржы іздейді деген хабар таратты. Reuters агенттігі Путин әлеуметтік көмек көлемін елдегі наразылықтар мен сыртқы саясаттағы келеңсіздіктерді жуып-шаю үшін көбейтіп отыр деп жазды.
ВВС-ге сұхбат берген саясаткерлер мен экономистер Путиннің жоспары әлсіз деген пікірде. Экономистер бұл бір реттік әрі нақты емес жоспар, сондықтан кедейлікті жою, Ресей экономикасының артта қалуы сияқты елеулі мәселелерді шеше алмайды деп отыр. «Альфа банк» бас экономисі Наталья Орлова «Бұл шешімге қарағанда үкіметке жүктелген тапсырмаға ұқсайды» деген ой айтты.
Ақ үй де жауапсыз қалмады. Президент Джо Байден Путиннің АҚШ санкциясын мультфильмнің сұм кейіпкері – Шерханға теңеген ойын қабылдамайтынын мәлімдеді. АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Джен Псаки «Біздің етіміз қалың, сондықтан барлығының пікірін бірдей қабылдай бермейміз» деді.
Сонымен, федералды жиында айтылған бірқатар шешім халықаралық сарапшылардың көңілінен шықпады. Олар мұны көзбояушылық деп қабылдағандай. Сонымен бірге аз қамтылған отбасылар мен кедейлерді қолдауы жанашырлық емес, өз қолдаушылары қатарына өткізу деп айыптады. Әрине, саясаттың аты – саясат. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін алдағы өмір көрсетеді.