Қазақстан • 23 Сәуір, 2021

ЕҰУ мен Оңтүстік Калифорния университетінің профессорлары бірлескен конференция өткізді

605 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін 23 сәуірде тұңғыш рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Оңтүстік Калифорния университетінің (USC) профессорының қатысуымен «Цифрлық дәуір: трансмедиалық технологияларды қолдану ерекшеліктері» атты конференция өтті.

ЕҰУ мен  Оңтүстік Калифорния университетінің профессорлары бірлескен конференция өткізді

ZOOM платформасында өте мазмұнды, үлкен қызығушылықпен өткен конференция қазақ журналистикасы тарихында тұңғыш рет әлемге танымал америкалық профессор Генри Дженкинспен бірге өткізілді.

Дженкинс Генри Оңтүстік Калифорния университетінің коммуникация және журналистика бойынша Анненберг мектебінің Провост профессоры.

Оңтүстік Калифорния университеті әлемдік QS рейтингінде 120 орында тұрған атақты университет. Коммуникация мен медиа зерттеулер бойынша Американың ең үздік университеті болып саналады. Ал, университеттің Анненберг мектебі бүкіл әлем танитын ғылыми орталық.

Конференция жұмысын ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Оқу ісі жөніндегі Проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Ә.Оңғарбаев америкалық профессорға осы конференцияға қатысуға келісім бергені үшін алғысын айтып, құрылғанына 25 жыл толған  университет үшін халықаралық коллаборация әрқашанда стратегиялық бағыт болып қала береді деді.

чч

Университет проректоры бұл конференция 2020 жылдың «ЖОО Үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы ЕҰУ-дің профессоры Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың бастамасымен өткізіліп жатқанын айтты. Университет профессорларының Американың үздік университетімен байланыс орнатуын жоғары бағалаймыз деді. Оңтүстік Калифорния университетінің Провост профессоры Генри Дженкинске екі университет арасындағы ғылыми байланыстарды дамытуға, біріккен ғылыми жобалар әзірлеуге шақырды.

555

Өзінің құттықтау сөзінде ЕҰУ-дің Проректоры Е.Ә.Оңғарбаев Еуразия ұлттық университеті Оңтүстік Калифорния университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екенін жеткізді.

Конференцияны ұйымдастырушы профессор Ұлбосын Есенбекова өзінің кіріспе сөзінде цифрлық технологиялардың серпінді дамуы әрбір адамның, қоғам мен мемлекеттердің өмірін танымастай етіп өзгертіп жібергенін, ғаламдық коммуникация экономикалық интеграцияны күшейтіп, әлеуметтік және технологиялық дамудың қарқынын еселеп өсіргенін айтты.

Профессор Есенбекованың «Ақпаратты жеткізудің медиа аралық стратегиялары» авторлық курсына қызығушылық өте жоғары, биыл бұл курсқа Еуразия ұлттық университетінің 25 магистранты жазылған екен. Магистранттардың бір курсқа осынша көп жазылуы өте сирек кездесетін құбылыс және ақпарат дәуірінде трансмедиалық технологияларға деген сұраныстың өскендігін көрсетеді.

ааа

Конференцияда қазақ магистранттары профессор Есенбекованың жетекшілігімен америкалық профессорға сұрақтар қойды. Генри Дженкинстің ғылыми зерттеулерінің бағыттарымен, медиаконвергенция мен трансмедиа сторителлингтің америкалық медиа индустриядағы орны мен даму тенденцияларымен танысты.

Магистрант Қымбат Досыбекова «Профессор, сіз бұқаралық мәдениет теориясын зерттеген ғалымсыз. Бүгінгі жастарға коммуникативті тенденциялар күшті әсер етуде. Қазақ жастары да интернетке, жаңа коммуникациялық формаларға тәуелді болып өсуде. Сіз қалай ойлайсыз? Жастар жасанды интеллект дамып, жастар ертең өз бетінше ойлауды, анализ жасауды ұмытып қалмай ма?» деген сұрағына Дженкинс мырза таңырқаған кейіппен, салмақты жауап берді. Оның ойынша, «бұл ХХІ ғасырдың қиындығы. Менің елімдегі сияқты сіздің елде де жасанды интеллект адам еңбегін алмастырады деп қорқамын. Мен бұл туралы америкалықтармен сөйлескенде жұмыссыз қалудан, табысынан айырылудан қорқатын адамдардың көп екенін байқадым».

жж

Профессор Дженкинстің «Конвергенттік мәдениет» атты кітабын профессор Есенбекова «must read» деп бағалайтынын айтқан магистрант Индира Жумагельді  америкалық ғалымның Анненберг мектебінде айналысатын ғылыми жобалары туралы сұрады.

Дженкинс мырза өзінің зерттеу тобында USC-дің 15 магистранты жұмыс істейтінін айтты. Олар бірлесіп «трансмедиа мәдениетінің саяси әсерін зерттейтіні, біздің алғашқы жоба Америка Құрама Штаттарындағы белсенді жастар туралы, миграция, адам құқығы, экологиялық мәселелер, мұсылмандар құқықтары туралы ғылыми еңбектер жазатыны» туралы ақпарат берді.

Конференция жұмысын қорытындылаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы үлкен шараны бастап, ұйымдастырған Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбековаға ризашылығын білдірді. Екі университеттің ғалымдары бірлесіп ғылыми жобаларды іске асыруды қолдайтынын айтты.

Конференцияның нәтижелі жұмысын аяқтай келе Ұлбосын Есенбекова адамзат дамуының технологиялық сингулярлық кезеңі туралы мәселелердің күн тәртібіне шығарылуы бүгінгі талқыланған трансмедиалық технологияларға да қатысы бар екенін көрсетті.

у

Медиаконвергенция мен трансмедиа  концепциясы авторларының бірі Дженкинс мырзаның конференцияға қатысып, өз ойларымен бөлісуі де талқыланған тақырыптың маңызды екенін дәлелдейді.

Америкалық ғалымдармен бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми коллаборация екі университетке де тиімді екенін айтты.

Конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің оқу іс жөніндегі проректоры Е.Ә.Оңғарбаев, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Ө.Сақ, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі С.М.Дүйсенғазы, профессорлар мен оқытушылар, магистранттар мен докторанттар, Назарбаев университетінің өкілдері қатысты.