Осыған байланысты БЖЗҚ жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында және халық арасында еңбекшілерді жұмыс бабымен көшіп-қону жағдайындағы өз құқықтары туралы ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеу қажеттігіне, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды міндетті және уақытылы жасасуға ерекше назар аударылады. Бұл келешекте еңбекшілерге қазақстандық заңнамада көзделген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде өздері қалыптастырған зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты жағдай мен тәртіп бойынша қалыптастыру. Бұл ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтарды өз азаматтарына берілетін құқықтар көлемімен бірдей етіп беруге кепілдік береді дегенді білдіреді. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбекшілердің өз аумағында 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін жинаған жұмыс өтілі үшін өз заңнамасы бойынша зейнетақы төлейді.
Қазақстанда келісімді іске асыру бойынша құзыретті орган БЖЗҚ болып табылады.
Мысалы, БЖЗҚ мамандары «фрилансерлер» - ЕАЭО-ға мүше елдердің «қашықтан» жұмыс істейтін азаматтары үшін еңбек шарты не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт шеңберінде, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін осындай жұмыскерді тартқан жұмыс беруші жарналарды ай сайын төлеуге міндетті екенін түсіндірді. БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері еңбеккердің ай сайынғы табысының 10% құрайды, бірақ ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспайды.