Ежелден халқымыз аруақты ерекше қадірлеп, қастер тұтқан ғой. Үлкен кісілердің қайтыс болып кеткен адам туралы артық сөз айтуға да тыйым салып отырғанын талай көрдік. Дүниеден өткен адамды ақ жуып, арулап қара жердің қойнына тапсырғаннан кейін марқұмның тек қана жақсы жақтары ғана айтылатын. Бейіт басына барғанда да орынсыз сөйлеуге, әзілдеуге болмайтыны да сол аруақтарға деген құрмет болатын. Тіпті топырақты абайлап басу керектігі де жиі ескертілетін. Бірақ қоғамда ала да, құла да өмір сүретіндіктен, көптің бәрі бірдей емес. Кезінде түн қатып, қабірді қайта қазғандар туралы да, мола тонағандар туралы да талай ақпарат шығып еді. Жұрттың жағасын ұстатқан мұндай оқиғалар қоғамда анда-санда қылаң беруде.
Жуырда ғана Тараз қаласындағы «Тектұрмас» кесенесінің маңындағы мұсылман қорымында жерленген марқұмдардың құлпытастарындағы суреттерді белгісіз біреулердің бояп кеткені туралы ақпарат бұрқ ете қалды. Мәңгілік мекенінде тыныстап жатқан марқұмдарды бұлай қорлау қалай айтсақ та ақылға сыймайтын нәрсе. Аталған қорымда барлығы 12 бейіттің құлпытасына зақым келген екен. Мұндай жантүршігерлік жағдайды «Тектұрмас» қорымының директоры Қадырхан Абдуллаев байқап қалыпты. Ол іле-шала полицейлерге хабар берген.
«Бұл теріс ағымдағылардың тірлігі сияқты. Себебі дәл осындай жағдай бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы қорымда да болған. Онда теріс ағымдағы мола қарауылы осылайша өзінің діни көзқарасын көрсеткен екен. Біз марқұмдардың суретіне жағылған бояудың барлығын кетірдік. Бірақ мұны бұлай қалдыруға болмайды. Сол үшін облыстық Полиция департаментіне шағым түсірдік. Тез арада вандализммен айналысқандарды тауып, жазасын беру қажет», дейді ол.
Өлген адамның аруағын да жайына қалдырмай, мәңгілік мекеніне тыныштық бермей жүргендер тіріге де қауіпті. Қоғамда пәтер тонау, көлік ұрлау, әлдебір нысанды өртеп кету сияқты қылмыстар көп. Олардікі – көлденең пайда табу, оңай олжаға кенелу. Ал бейіт басында білгенін істегендердің қылмысы – адам жанын азапқа салатын түсініксіз әрекет.
Осы орайда, Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Зәуірбеков биылғы жылы вандализм бойынша бір дерек тіркелгенін айтты. Ал өткен жылы Тараз қаласы бойынша мұндай жағдай тіркелмепті. Бірақ бір ғана оқиғаның өзі қазір көптің қорқынышын тудырып, қаупін арттырып тұр. Мұндай жағдаймен құзырлы орындар күреспесе, бұдан да өршіп кетуі мүмкін.
«Тараз қаласы аумағындағы «Тектұрмас» қорымындағы 12 бейіттің құлпытасындағы суреттерді бояп кеткендігі бойынша қалалық полиция басқармасына арыз түскен. Арызданушылардың айтуынша, бұл жағдай бірінші рет орын алып отыр. Оқиға шамамен түнгі уақытта болуына байланысты мұны кімнің жасағандығын ешкім көрмеген. Осыған ұқсас жайттар Шымкент қаласында да болған. Ондағы зираттарды бүлдіру әрекетін теріс діни ағымдағы азаматтардың жасағандығы анықталған. Ал Жамбыл облысы аумағында мұндай жайт бұрын-соңды болмаған. Бүгінде Тараз қалалық полиция басқармасы аталған жайтты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабы (вандализм) бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған қылмыстық іске қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Қылмыскерлер ұсталған жағдайда, жоғарыда көрсетілген бап бойынша жазаланатын болады», дейді Асылхан Зәуірбеков.
Әрине, мұның қылмыс екені белгілі. Дей тұрғанмен, асыл дініміз құптамайтын, ақыры күнәға апарып ұрындыратын әрекетті жасау да – қоғам үшін қауіпті құбылыс. Бұл ретте облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек әрбір адамның құрметі тірі кезінде қандай болса, дүниеден өткеннен кейін де сол құрметі сақталу керектігін айтады. «Ежелден үлкенін сыйлаған, дүниеден өткен марқұм жандарды ұмытпаған халықпыз. Артынан Құран оқып, дұға бағыштаймыз. Жақсылығын ұмытпай, айтқан өнегелі сөздерін еске алып жүреміз. Қабірінің басына белгі ретінде тас қойып, артында қалған ұрпағы келіп тұрсын, ұмытпасын деп аты-жөнін жазып қойып жатамыз. Мал баспасын деп қоршап қоямыз. Қабірді зиярат етуге байланысты амалдарды пайғамбарымыз Мұхаммед әлейһиссалам өнегелі өсиетінен үйренеміз. Дүниеден өткен адамның қабірге қойылған кезінен бастап оларға Құран бағыштау, зиярат жасау әдептері шариғатымызда тайға таңба басқандай етіп жазылған. Ал енді марқұмдардың мазасын алып, басындағы орнатылған қоршауларға, құлпытастарға зиян келтіру дінімізде құпталмаған болса, іс-әрекеттері қабір иелерінің мүлкіне зиян келтіру болып саналады. Ондайларды заң аясында жазалауды шариғатымыз құптайды», дейді ол.
Елдің салтында, әдетінде жоқ құбылыс қоғамда осылай бас көтеріп жатыр. Басқаны қойып, аруақтармен алысқандардың көздегені не екенін білу қиын. Әйтеуір, бір түсініксіз жағдай қоғамның қос өкпесін қысқандай болып тұр...
Жамбыл облысы