Спорт • 26 Сәуір, 2021

Толағайлар Ташкентте топ жарды

147 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы лицензиялық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған сары құрлық бәсекесінде еліміздің 17 зілтеміршісі барлық салмақ бойынша өнер көрсетіп, жалпы саны жеті жүлде жеңіп алды.

Толағайлар Ташкентте топ жарды

Бұл – жас спортшылардан құралған Қазақстан ұлттық құрамасы үшін табысты нәтиже деп айтуға болады. Өйткені ерлер құрамамыз ұпай көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары Өзбекстан мен азулы Қытай спортшыларын артқа тастап, бас жүлдені иеленді.

 

Олимпиадашылардың нәтижесі

Жалпы, биылғы Азия чемпионаты Токио Олимпиадасына жолдама беретін рейтингтік турнир болған соң, ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов ересектер арасында жолдамаға үмітті Арли Чонтей, Игорь Сон және қыздардан Зүлфия Чиншанло секілді сақа спортшыларды Ташкентке апарды да, қалған салмақтарда Париж Олимпиадасына баруы мүмкін деген жас спортшыларды додаға қосты.

Алдымен Олимпиадаға баруы мүмкін болған спортшылардың нәтижелеріне тоқталсақ. Қазақстан құрамасынан Азия чемпионатын 55 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арли Чонтей бастап берді. Жерлесіміз қоссайыс қорытындысы бойынша 255 (115+140) кило зілтемірді еңсеріп, Азия чемпионы атанса да, өзінің үздік нәтижесін көрсете алмады. Тіпті Арлидің нәтижесі жыл сайын төмендеп бара жатқан сияқты. Мәселен, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Чонтей 278 (130+148) киломен төртінші орын алса, 2019 жылы Таиландта жалауы желбіреген әлем чемпионатында 263 (118+145) кило зілтемірді көтеріп, бесінші орынға табан тіреген еді. Әлем біріншілігінде Солтүстік Корея өкілі Ом Юн Чхоль 294 киломен чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын орнатқан болатын. Ал Олимпиада чемпионы қытайлық Лун Цинцюань 2016 жылы 307 килоны еңсерген. Осы нәтижелерден кейін Арли Чонтейдің дәл қазіргі жағдайы қандай деңгейде екенін бағамдай беруге болады. Ташкенттегі турнирге жоғарыда біз атын атаған екі спортшы келген жоқ. Егер Солтүстік Корея мен Қытай спортшылары бақ сынағанда жерлесіміздің толық әлеуеті белгілі болар еді.

Қазақстан құрамасынан ерлер арасындағы Олимпиада жолдамасына тағы бір үміткер атлетіміз Игорь Сон (61 кг), өкінішке қарай, өзінің бар мүмкіндігін паш ете алмады. 2019 жылы Таиландта өткен әлем чемпионатында 55 килода 266 кило зілтемірді көтеріп, күміс жүлдеге ие болған ол биылғы Азия чемпионатын төртінші орынмен аяқтады. Бірақ отандасымыз күміс жүлдегерден екі, қола жүлдегерден бір кило кем көтерді. Жұлқа көтеру бағдарламасында 132 киломен кіші қолаға қол жеткізген жерлесіміздің серпе көтеруде жолы болмады. Бірінші мүмкіндігінде 152 килоны оңай еңсергенімен, қалған екі мүмкіндігінде де 156 кило зілтемірді бағындыра алмады. Сөйтіп қоссайыста 284 килоны еңсерді. Бұл салмақта әйгілі қытайлық спортшы Ли Фабинь топ жарды. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 312 (142+170) кило зілтемірді бағындырды.

Енді Қазақстан ерлер құрамасынан Олимпия ойындарына кім баратынын бапкерлер құрамы анықтайтын болады. Егер бар мәселені дәл осы Азия чемпионаты шешетін болса, онда жүлде бойынша Токиоға Арли Чонтей лайық. Ал нәтиже бойынша Игорь Сонның көрсеткіші үздік болып тұр.

Қыздар құрамасында Олимпия ойындарына Зүлфия Чиншанлодан (55 кг) басқа үміткер жоқ. Дегенмен биылғы Азия чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының күміс жүлдегері жанкүйерлер үмітін ақтай алмай, жүлделі орындардан құралақан қалды. Чиншанло жұлқа көтеру бағдарламасында 92 кило зілтемірді еңсеріп, кіші қола медаль иеленді. Серпе көтерудегі бірінші мүмкіндігінде 118 килоны бағындырғанымен, қалған екі мүмкіндігінде 122 килоны еңсеруге шамасы жетпеді. Сөйтіп 210 кило нәтижемен құрлық бәсекесінде бесінші орынды қанағат тұтты. Алтын жүлде 222 (98+124) кило көтерген қытайлық спортшы Ляо Цююньнің еншісінде кетті.

 

Болашақ чемпиондар
өсіп келеді

Биылғы сары құрлық біріншілігінде Қазақстан ерлер құрамасынан 10 спортшы бақ сынаса, соның сегізі жастар құрамасынан биыл ғана ересектер дуына қосылған жастар еді. Көбі үлкендер арасындағы алғашқы ірі жарысқа қатысып тұрса да, жоғары нәтиже көрсетті.

 Мәселен, 55 килода Арли Чонтейден 11 кило кем көтерген Абылай Әуелханов 244 кило (108+136) нәтижемен Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Әр жарыста жоғары нәтиже көрсетуге тырысатын жерлесіміз бұл жолы да бас жүлдеден үмітті еді. Жұлқа көтеруде 108, серпе көтеруде 136 килоны көтерген отандасымыз 244 киломен екінші орынға табан тіреді. Осылайша, Әуелханов ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Бұл жас спортшы үшін жақсы нәтиже деп айта аламыз.

89 килода ел намысын қорғаған 20 жастағы Нұрғиса Әділетұлы да Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол серпе және жұлқа көтеруде 372 (169+203) килоны еңсерді. Серпе көтеру бағдарламасында Нұрғиса кіші алтын жүлдені иеленсе, жұлқа көтеруде 203 киломен қолаға қол жеткізді. 2019 жылы Таиландта өткен әлем чемпионатында грузиялық спортшы Реваз Давидатзе 371 киломен қола медаль алған еді. Яғни Азия чемпионатында 372 килоны бағындырған Нұрғисадан алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтиже күтуге болады. Алтын жүлдені Рио Олимпиадасының чемпионы Киануш Ростами (Иран) иеленді – 373 (167+206) кило.

102 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Артем Антропов қоссайыс нәтижесі бойынша 390 (168+222) килоны бағындырып, қола жүлдеге ие болды. Ал жастар арасындағы Азия чемпиона­тында 16 жасында топ жарып, жұлқа көте­ру жаттығуында әлем рекордын орнат­қан Рахат Бекболат жарысты бар-жоғы бесінші орынмен түйіндеді. Ол құрлық бәсекесінде 386 (173+213) кило көтерді.

Сонымен қатар 55 килода бақ сынаған Алексей Дроздов (278 кг) пен 73 килодағы Сайрамкез Ақмолда (334) Азия чемпионатын алтыншы, 81 килода ел намысын қорғаған Александр Уваров (320 кг) – төртінші және 109 килодағы Ибрагим Берсанов (370 кг) тоғызыншы орынмен түйіндеді.

Қыздарымыз да жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Кіл ел чемпиондарынан құралған қыздар құрамасы бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды. Мәселен, 81 килода Карина Құзғанбаева 232 ұпаймен күміс жүлдегер атанса, Екатерина Быкова (71 кг) мен Айзада Мүптілдә (+87 кг) қо­лаға қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан ұлттық құра­масының спортшылары Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Жүлде саны бойынша жерлестеріміз жалпы есепте төртінші орынға тұрақтаған болса, ұпай көрсеткіші бойынша ерлер құрамамыз, жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпыкомандалық есепте 658 ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды. Жалпы, Ташкенттегі тартыс алдында Бақыт Ахметов шәкірттері жарыс қорытындысы бойынша үздік үштіктің қатарынан көрінсе, соның өзі үлкен жетістік болар еді деп айтқан болатын. Сөйтсек, бас бапкер арық айтып, семіз шығуды көздеген екен.

Азия чемпионатынан соң ұлттық құра­ма бас бапкері Бақыт Ахметов турнир­ді қорытындылап, спортшылардың жетіс­тігіне жоғары баға берді. «Шәкірттерім Азия чемпионатында алға қойған мақсат­ты түгел орындады. Ерлер командасы көш бас­таса, әйелдер командасы төр­тін­ші орынға ие болды. Бір жылдық үзілістен соң команда мүшелері жарысты әбден са­ғынғаны көрініп тұрды. Әрбір спортшы соңғы сәтке дейін берілген жоқ. Құ­рамадағы тәжірибелі спортшылар өз мықтылықтарын тағы бір дәлел­деді. Кейбір жастарымыз үшін бұл өз ман­сабындағы алғашқы халықаралық турни­рі екенін де ұмытпаған жөн. Әрине, қателік­термен жұмыс істейміз. Ал жолдама мәсе­лесіне келер болсақ, қазіргі таңда іріктеу турнирлері әлі аяқталған жоқ. Алда Африка чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі бар. Ұпайлар толығымен сол кезде есептеледі», деді бас бапкер.