Батыс Қазақстан облысы – еліміздің қиыр батысында жатқан әрі облыс ішінде көлік қатынасының өзі толық жолға қойылмаған өңір. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын – республикалық және жергілікті жолдарды салу мен жөндеу жұмысын босаңсытып алғаны үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимур Шәкімов қызметінен босатылды. Жері ұлан-ғайыр, халқы аз өңір үшін автокөлік жолдарын салу қандай маңызды болса, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ұялы байланыс пен интернеттің де мәселесі күйіп тұр.
Қағазда қатып тұрғанмен...
Жақында Nur Otan партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, белгілі журналист Айдос Жұқанұлы Батыс Қазақстан облысындағы кемшіліктер жайлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыс әкімдігі сайтындағы ақпараттар мезгілінде жаңартылмайтынын, «сайтқа кірген кез келген адам әкімдік еш жұмыс істемейді екен деген ойға қалатынын» баяндап, өңірдегі «цифрландыру, автоматтандыру жұмысы іс жүзінде – нөл» деп бағалады.
– «Egov» қызметі арқылы көрсетілетін тегін қызметті ақшамен шешіп береміз деген хабарландырулар OLX сайтында толып тұр. ЭЦҚ кілтін алып беру, ХҚКО-ның тегін жұмыстарын «тез арада бітіріп береміз, ары кетсе 5 мың теңге» деген құлақтандырудан көз сүрінеді. Телефондағы eGov mobile қосымшасы, EgovKzBot жұмысы да ақылы болып кеткен. Облыста антикор қызметінің мониторингі бойынша, ХҚКО-дағы кезекке тұрудың өзіне де ақша алу фактілері кездескен, – деді Айдос Жұқанұлы өз баяндамасында.
Осы кеңесте облыстағы цифрландыру мәселесі де сөз болды. «Қаладан 20-40 шақырым жердегі Бәйтерек ауданының Шапово, Переметное ауылдары арнайы құралмен тексерілген кезде, интернет сөз жүзінде ғана бар екендігі анықталды. Ал қағаз жүзінде бұл жаққа интернет желісі әлдеқашан тартылып қойған» дейді баяндамашы.
Интернетті қадағалайтын инспекция бар
Батыс Қазақстан облысындағы ұялы байланыс пен интернет сапасының сын көтермейтіндігі туралы шағымдар әлеуметтік желіде жиі айтылып жатады. Бірақ Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Телекоммуникация комитетінің ел ішіндегі ұялы байланыс сапасын қадағалайтын аумақтық инспекциясы бар екенін екінің бірі біле бермейді. Содан да болар, өңірдегі мобилді байланыс пен интернет сапасына ресми түрде шағым түсірген тұрғындар көп емес екен.
– Бізге жуырда Орал қаласына жақын маңдағы, Бәйтерек ауданына қарасты екі елді мекен тұрғындарынан ұялы байланыс операторларының қызметіне шағым түсті. Біз ол жерлерге арнайы барып, бақылағыш құралдарымызды орнаттық. Мониторинг нәтижесі он күннен кейін белгілі болады. Оператордың қызметі өз деңгейінде болмаса, шара қолданамыз, – деді бізге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айбар Сұлташев.
Осыдан біраз бұрын Орал қаласындағы «Антикор адалдық алаңы» фронт-офисінде Республикалық мониторинг тобы басшысының орынбасары Рафаэль Гасанов кездесу өткізген болатын. Осы сапарында Рафаэль Руфикұлы өңіраралық байланыс инспекциясы басшысын ертіп, облыстың ауыл-аудандарындағы байланыс пен интернет сапасын тексерген екен. Нәтижесінде, Оралдың іргесіндегі Бәйтерек, Теректі аудандарындағы интернет сапасы сын көтермейтіні анықталған. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің жағдайын осыдан-ақ шамалауға болатындай.
Шындығына келсек, аталған инспекцияның құзыреті күшті. Еліміздің батыс өңірі бойынша қызмет ететін мекеменің арнайы жабдықталған автокөліктері – интернет сапасын тексеретін жылжымалы зертханалары бар. Бұл зертханада жасалған қорытынды құжат сот алдында дәлелдемелік күшке ие. Яғни байланыс инспекциясы интернет таратушы Билайн, Ксел, Теле-2 операторларын әкімшілік жауапкершілікке тартуға, ұйғарым беруге, керек болса сот арқылы лицензиясын тартып алуға құқылы деген сөз. Тек мұндай мекеме барын жергілікті халыққа кеңінен хабарлау керек.
Министр мақтап кетті...
Жуырда Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Облыстағы бірқатар нысанды аралап, өңірдегі ахуалмен жақын танысқан министр жоғарыда аталған сындарға қарамастан, өңірді цифрландыру үрдісіне көңілі толғанын байқатқан. Министр Орал қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, «Smart Uralsk» ғимаратындағы iKomek 109 бірыңғай колл-орталығында, «IT-HUB» алаңында болып, жергілікті мамандармен жүздескен болатын.
– Жалпы, жұмыс дұрыс жолға қойылған. Бір ұсынысым – электронды қолтаңба арқылы кіріп, қызмет түрлерін алуға болатын шағын бұрыштарды – интернетке қосылған компьютерлерді ірі сауда орталықтарынан да ашқан тиімді. Бұл кезекті азайтады. Қазіргідей пандемия жағдайында адамдардың бір жерге шоғырлануын болдырмайды, – деді Б.Мусин.
Ол Орал қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барған сапарынан жұмысты оңтайландыруға қатысты бірнеше ой түйгенін мәлімдеді. Соның бірі – жүргізуші куәлігін алуға құжаттарды қабылдау кезінде бұрыннан бар деректерді, қолда бар құжаттарды базаға қайталап енгізбеу болса, екінші мәселе – автомектептердің деректер базасын құрып, барлық қажетті ақпаратты алу үшін олардың жүйесін ХҚКО-мен біріктіру жайы. Сондай-ақ тұтынушы тілегіне сәйкес ХҚКО-ның жекелеген шағын бөлімшелерін сауда орындары, университеттер мен мектептер жанынан ашу үшін жергілікті әкімдікпен 10 қанатқақты жобаны іске қосу туралы келісім жасалған.
Б.Мусин осы сапарында «Транстелеком» салған деректер орталығын аралап көрді. «Батыс Қазақстан облысы үшін бұл ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеретін және бизнеске арналған кибершабуылдардан қорғанатын жақсы триггер» дейді министр.
Таяудағы жоспарлар
Елімізде жарияланған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бір бағыты – цифрлы жібек жолын жүзеге асыру болатын. Осы жоспар аясында 2018-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысында 92 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс жүйесі (ТОБЖ) жеткізілген екен. Сондай-ақ 2020 жылы тұрғындарының саны 250-ден асатын ауылдарға 3G/4G технологиясына сәйкес мобильді интернет жеткізу жобасы жүзеге асқан. Яғни бұл жобаға облыс аумағында 70 елді мекен қамтылған. Қазіргі таңда байланыс операторлары жеткізілген қызметтің сапасын арттыру үшін қарекет қылып жатқан көрінеді. Жалпы, облыстың шалғайдағы елді мекендерін ұялы байланыспен, сапалы интернетпен қамту үшін келешекте қандай шаралар атқарылмақ?
Жақын келешекте Батыс Қазақстан облысында мобильді байланысы жоқ, халық саны 250-ден төмен 100 елді мекенге интернет тарту жоспарланған. Осы жөнінде еліміздің Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 54 ауылдың тізімі ұсынылған екен. Бұл ауылдарда жалпы саны 6 394 адам тұрып жатыр. Осылардың ішінен 13 ауыл қазірдің өзінде жоспарға еніп, қаражат қарастырылған. Яғни 2 115 адам ұялы байланыспен қамтылмақ. Одан бөлек 4 180 адам тұратын 29 ауылды талшықты-оптикалық байланыс жүйесі бар елді мекенмен радиокөпір арқылы жалғап, интернетті кабель арқылы немесе радиоқосылу негізінде жеткізу көзделген. Жоғарыдағы 100 ауылдың ішіне кіретін, жалпы саны 3 766 тұрғыны бар 8 елді мекенге қызмет көрсетуді мобильді байланыс операторлары өз жоспарына енгізіп отыр екен.
Қазіргі бар ұялы байланыс пен мобильді интернет инфрақұрылымын жақсарту үшін талшықты оптикалық байланыс жүйесі бар 141 ауылдық елді мекенде «соңғы миль» үрдісін ұйымдастыру ұсынылып отыр. Қазір бұл 11 ауылға – «Транстелеком» АҚ, 130 елді мекенге – «Қазақтелеком» АҚ қызмет көрсетіп, 293 205 тұрғынды байланыспен қамтып отыр. 31 893 тұрғын тұратын 67 елді мекенде «Қазақтелеком» АҚ-ның ұсынысымен талшықты оптикалық байланыс және радиореле жүйесін салу мүмкіндігі бар. Бүгінде мобильді байланыс қызметін пайдаланып отырған 118 ауылдың 104-іне – 2G Kcell, 15-іне – 3G Kcell, 18-іне – 4F Beeline орнату көзделіп отыр екен. Бұл ауылдарда жалпы саны 195 033 халық тұрады.
Мектептердегі ахуал
Интернет қызметіне аса мұқтаж саланың бірі – мектептер екені сөзсіз. Сондықтан Батыс Қазақстан облысындағы білім мекемелеріндегі ахуалға арнайы тоқтала кетейік. 2018-2019 оқу жылында облыстың 47 мектебінде ғана талшықты оптикалық байланыс желісі арқылы интернет желісі жүргізілген болатын. 2019-2020 оқу жылында талшықты оптикалық байланыс желісіне 124 мектеп қосылған. Бүгінде облыстың 143 мектебі талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтылған.
– Қазіргі таңда облыстың жалпы білім беретін 379 мектебі толығымен кеңжолақты Интернет желісіне қосылды. Әсіресе, көп қиындық көріп келген Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым, Қаратөбе аудандарының мектептері талшықты оптикалық байланыс желісіне жалғанды. Талшықты оптикалық байланыс түрі интернет желісінің үздіксіз жұмыс істеуіне толық мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының ақпараттық сала жөніндегі орынбасары Ардақ Еркамешева.
Дегенмен, кейбір елді мекендерді сапалы Интернетпен қамтуға облыстағы провайдерлердің техникалық мүмкіндігі жетпейді. Бұдан сол ауылдардағы мектептер зардап шегіп жатыр. Білім беруді дамыту орталығының мамандары жыл сайын мектептердегі Интернет желісінің жылдамдығы мен сапасын жақсарту мақсатында облыстағы Интернет-провайдерлермен кездесу ұйымдастырып, аталған мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Интернет желісіне сымды технологиямен қосу мүмкіндігі жоқ мектептер бүгінгі таңда спутниктік байланыс түрімен қосылуда.
– Спутниктік байланыс арқылы 4 Мбит/с жылдамдықпен және шектеулі 10 Гб трафикпен қосылған мектептерде Kundelik.kz электронды журналына, сондай-ақ цифрлы білім беру ресурстары мен басқа да ақпараттық жүйелерге кіру қиын. Себебі трафик азайғанда интернет жылдамдығы 512 Кбит/с-ке дейін төмендейді. Ондай кезде аталған жүйелермен жұмыс істеу мүмкін емес, – дейді Ардақ Бақытқызы.
Сондықтан 2019-2020 оқу жылында осы мәселені шешу үшін байланыс операторларымен кездесіп, спутниктік байланыс жылдамдығын 4 Мбит/секундтан 8 Мбит/секундке көтеру және шектеулі 10 Гб трафикті 20 Гб трафикке ұлғайту бойынша келісім жасалған екен. Осы мақсатта облыс бюджетінен 56 млн теңге қаражат бөлініп, мектептерде интернет жылдамдығын арттыру жұмысы жүргізілген.
ТҮЙІН: Еліміздегі әр ауылдың сапалы интернетпен, ұялы байланыспен қамтылуы және халықтың цифрлы сауаттылық деңгейін көтеру мәселесі Үкіметтің де, жергілікті әкімдіктердің де ұдайы назарында болуы керек. Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп.