Әлем • 28 Сәуір, 2021

Украинадағы соғыс пен бейбітшілік

599 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

СТОКГОЛЬМ. Ресей егемен, тәуелсіз және бөлінбеген Украинамен бірге бейбіт өмір сүруді қабылдай ала ма? Әлде, ашық соғысқа шығу уақыт еншісінде ғана ма? Бұл Шығыс Еуропада ұзақ уақыттан бері келе жатқан бірінші кезектегі мәселе еді. Ол Ресейдің әскери күштері Қырымда және Украинаның шығыс шекарасы маңында топтастырылуынан кейін қайтадан күн тәртібіне шықты.

Украинадағы соғыс пен бейбітшілік

Украинаның тәуелсіздігі – осыдан отыз жыл бұрын Кеңес Одағын біржолата ыдыратуға жол ашқан мәселе. Басқа кеңес­тік республикалардың еге­мен­дігін жариялауы бөлек те, Украинаның тә­уел­сіздік жариялауы мүлдем бас­қаша әсер етті. Бұл оқиға Кеңес Одағының тағдырын шешті десек те болады. Осылайша, Ресей президенті Владимир Путин атап айтқан «ХХ ғасырдағы ең үлкен геосая­си апат» басталды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жиырма жылда Ресей, негізінен, өз мемлекетін құрып, бірегейлігін қалыптастыруға көңіл бөлді. Бірақ мұндай ба­сым­дық Владимир Путин 2012 жылы үшінші рет президенттікке түсуге шешім қабылдағанда өз­герді (Ол бір мәрте премьер-ми­нистр ретінде қызмет етіп, пре­зиденттік лауазымға қайтадан сайлануға құқылы болғанға дейін Дмитрий Медведев мемлекет басқарды). Енді ол Еуразиялық одақ деп аталатын ревизионистік бағытты бастады.

Украина өз кезегінде Орталық Еуропадағы көршілерімен ын­­тымақтастыққа үлкен басым­дық берді. Аталған мемлекеттер Еуро­палық Одаққа кіргенімен, олармен тығыз байланыс орнату Украинаның Ресеймен тарихи және мәдени байланыстарын әлсіретуіне ешқандай себеп болмауы тиіс еді.

Осы тұрғыда Украинамен те­рең және жан-жақты еркін сауда аймағын құрған Еуропалық Одақтың «Шығыс серіктестігі» аталған елді жарты жолда қал­дыр­май, ынтымақтастықты ны­ғайтуға жасалған қадам-тұғын. Еуропалық Одақ пен Украина тарапы қол жеткізген сауда ке­лісімдерінің ешқайсысы Ук­раи­на­ның Ресеймен жасаған сауда келісімімен сәйкес келген жоқ. Бірақ Кремль ахуалға бас­қаша қарады. Бұл келісімдерді қабылдай алмағандықтан, Ресей билігі Украинаны басқаруда әлсіздік танытқан, босаң президент Виктор Януковичті ЕО-дан бас тартуға шақырып, қысым жасай бастады. Соның салдарынан Януковичті қуып жіберген (Мәскеуге қашып кетті), 2014 жылы басталған соғысқа әкеп соққан жаппай халықтық көтері­ліс болды.

Кремль билігі Украина­ны тұ­рақты қысым жасалғанда сынып түсетін, әлсіз мемлекет ретін­­де қарастырғаны анық. Өз ре­­ван­­шизмін ақтап алу үшін ре­сейлік шенеуніктер Украинадағы жағдай жойылған империялардан қалған бөліктерді қайта жинау дегенді сылтауратып, сырт­қы әлемге жеткізуге тырысты. Белгілі дәрежеде мұнда шындық бар екеніне қарамастан, Ресей мен басқа да заманауи мемлекет­тер туралы сөз қозғағанда да осын­­дай аргументті алға тартуға мүм­­кіндік бар. Мәселе тарихты қай жерден бастап қарауда жатыр.

Украинаны нақты мемлекет емес деген пікірге әбден сенгені сон­шалық, Кремль билігі 2014 жылдың басында Қырымды тартып алу Украинаның құлды­рауын тездетеді дегенге сенімді болған тәрізді. Осылайша Ресей Украинаның шығысы мен оң­түс­тігінде Жаңа Ресей деп аталатын (Новороссия) аймақ құ­рып, бақылауынан тыс жерлерді «Батыс Галицияның» меншігіне қалдырады.

Осы үлкен амбицияны ескерген Ресей тарапы украиндарды бір-біріне қарсы қою үшін жаппай дезинформациялық опера­ция жүргізіп, қарсы тарапты көтерілісшілер, «еріктілер» және қарулармен қамтамасыз етті. Бі­р­ақ бұл әрекет нәтижесіз аяқ­талды. Басқа елдерге басып кіру достыққа бастамайтыны анық. Бұл жолы да ештеңе өзгерген жоқ. Кремль билігі Украинаны бөлу­дің орнына украин халқын бұ­рын-соңды болмаған деңгейде біріктіре алды. 2014 жылға қарай Ресей Украинаның Донбасс ай­мағындағы сепаратистік топ­тың сарқыншақтарын қайта қалпына келтіріп, құтқару үшін тұрақты армия батальонын орналастыруына тура келді.

Содан бері саяси келісімге қол жеткізу әрекеттері (екі Минск келісімі) нәтижесіз аяқтал­ды. Әлі күнге дейін түрлі дең­гейде жалғасып келе жатқан қақ­тығыстар 14 мыңнан астам адам­ның өмірін қиып, миллиондаған тұрғынның үйлерін тастап кетуге мәжбүрледі. Украина жұрт­шы­лығы бітімге келу жөніндегі кез келген келіссөздерде қиын­дықтарға тап болғанымен, бей­біт­шілік орнатуға Кремльдің Украинадағы анклавтарынан бас тартуы кедергі келтіріп отыр. Пу­тинді қолдайтын Ресейдегі қо­ғам­дық пікірдің ұлтшыл сегменті Украинадағы мұндай «жеңілісті» қабылдауы қиынға соғады.

Ресей Қорғаныс ми­нистрі­­­нің айтуынша, Ресей Ук­раи­наның шығысы мен оң­түс­тігінде әскери жаттығу өт­кізу үшін екі толық армия мен үш де­сант­тық бөлім апарды. Бірақ мұн­дай жаттығу не үшін керек? Жұмылдыру Украина­ға ба­ғыт­талғаны анық. Путин­ өкі­лінің сөзіне сүйенсек, Ресей Ук­­раи­на­дағы орыс тілділерге шабуыл жасалғанда оған жол бермеу мақсатында араласуға ниетті.

Осындай түсініспеушіліктің алдағы апталарда немесе айларда ашық қақтығысқа әкелуі мүм­кін екеніне қарамастан (бұ­ған тіпті Кремльдің шешім қабыл­даушылары да сенімді емес), Ресей өзінің реваншистік амбициясынан бас тартқанға дейін ондағы ахуал қауіпті болып қала бермек. Мәселе, сайып келгенде, соғыс немесе бейбітшілік туралы. Ресей егемен, демократиялық Украинамен қатар өмір сүруді қабылдамайынша, орта жолдан тұрақтылық табу мүмкін емес.

Мұның салдары Ресей мен Украинадан тыс жерлерге де әсер етеді. Ресейлік ревизионизм сәтті жүзеге асса, онда бұл жоспар Киевті жаулап алумен тоқтап қалмай, Еуропа­дағы қыр­­ғи-қабақ соғыстан кейін қа­лып­тасқан тәртіпті бұзуға тыры­сады. Бұл Ресей үшін ғана емес, бәріне өте қауіпті еке­ні сөзсіз. Кремль Еуропаның қал­ған бөлігімен текетіресіп жүрген­де орыс халқына лайықты демо­кратиялық және гүлденген бо­лашақ құру мүмкін емес.

Ендеше, өңірдің келешегі Украинаның тағдырымен тығыз байланысты.

 

Карл БИЛДТ,

Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org