Комиссия отырысының жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, комиссия мүшесі Сатыбалды Дәулеталин жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарының қорғалуы жөнінде баяндама жасады.
Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарымен және халықаралық міндеттемелерімен кепілдік берілген азаматтар мен өзге де адамдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде белгіленгенін, ал азаматтардың әлеуметтік қорғалу дәрежесі – кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытының басты индикаторы екенін сөз етті.
Сөз сөйлеушілер халықтың, оның ішінде барлық санаттағы жұмыскерлердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру әлеуметтік жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламаларын табысты іске асырудың қажетті және міндетті шарты деп атап өтті.
Кәсіптік одақтар азаматтық қоғамның маңызды бөлігі екені ерекше атап өтіліп, азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқығын қамтамасыз етуде, еңбек қатынастарын әділ реттеу бойынша елеулі еңбек атқаруға тиіс екендігі еске салынды.
Талқылауға қатысқан сарапшылар бұл саладағы проблемалар мен міндеттер тек ведомстволық қана емес, сонымен бірге азаматтық қоғамның барлық институтының белсенді қатысуымен биліктің барлық тармақтарының күш-жігері, тығыз өзара іс-қимылы қажет болатын қоғамдық, мемлекеттік сипатта екенін жеткізді.
Қолданыстағы еңбек заңнамасы жұмыс берушілер үшін де, жұмыскерлер үшін де кең қызмет саласын ашты, өйткені ұжымдық келісім-шарт процесі еңбек қатынастарының негізіне айналуда.
Прокуратура органдары мен мемлекеттік еңбек инспекторларына жұмыс берушілердің, ең алдымен экономиканың тау-кен металлургия және мұнай-газ салаларындағы кәсіпорындардың, құрылыс ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі стандарттардың, ережелер мен нормалардың талаптарын сақтауына бақылауды күшейту ұсынылды.
Бұл ретте комиссия мүшелері кәсіподақ ұйымдарының Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау саласындағы қызметін кеңейту туралы мәселені қарауды ұсынды.
Бұдан басқа комиссия отырысында сотталғандардың және тергеудегі-қамаудағы адамдардың қауқарсыз санаттарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.
Комиссияның отырысында әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Парламентінің және Үкіметінің назарына жеткізілетін болады.