Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы ашылған Мемлекет тарихы институты тәуелсіз еліміздің тарихын зерттеу мен саяси үдерістерді зерделеу бағытында жемісті жұмыстар атқарып келеді. Мұны жуырда өткен институт ғалымдары дайындаған бір топ кітаптардың тұсаукесеріне қатысқанымызда көзіміз жетті.
Тәуелсіздік шежіресі айдарымен шыққан “Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның саяси партиялары” атты (авт. – Б.Г.Аяған, Г.Р.Нұрымбетова) анықтамалық жинақты осындай ғылыми ізденістердің туындысы деуге әбден болады. Бұл соңғы он жылда осы тақырыпта жарық көргендердің ішіндегі мазмұны мен көлемі жөнінен ең мәндісі. Сондай-ақ, анықтаманың қазақ және орыс тілдерінде дайындалғанын да атай кеткен артық емес.
Еңбек логикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланыстағы екі бөлімнен тұрады. Ал қосымшаларда саяси партиялардың бағдарламалары мен жарғылары, партия жетекшілерінің қысқаша өмірбаяндары, күнделікті жиі қолданылатын терминдерге түсініктеме жинақталып, глоссарий формасында берілген.
Авторлар сонау кезінде қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ойының биік деңгейін танытқан маңызды құжат – Алаш партиясы мен оның бағдарламасы туралы мәліметті де назардан тыс қалдырмаған. Себебі, бұл бағдарлама саяси-әлеуметтік қатынастар саласында қазақ қоғамының таптық тұрғыдан жіктелуінен гөрі, жалпы ұлттық тұтастықта болуын, қазақ елінің сан ғасырлық өркендеу тәжірибесін, салт-дәстүрін заман сұранысына бейімдеуді жақтады. Басты мәселе – қазақ елінің өзін-өзі билеуіне, соның негізінде қоғамның ішкі мәселелерін өзі шешуге қол жеткізу еді. Бұл мағынада өткен саяси рухтың бүгінгімен тығыз байланысын байқау қиын емес.
Анықтаманың “Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның саяси партиялары” атты бірінші бөлімнің басында келтірілген Елбасымыздың саяси партиялардың рөлі туралы әр жылғы тұжырымдарынан қоғамымыздағы демократиялық үдерістерді тереңдете түсудің маңызды факторы ретінде партиялық жүйенің қалыптасуына тұрақты назар аударып келе жатқанын айқын аңғаруға болады. “Біздің міндет – бұқараның қолдауына ие болған, беделі биік, қуатты әрі жауапкершілігі жоғары партиялардың ірге тартуына жәрдемдесу. Мұның өзі еліміздің стратегиялық мұраттарына сай келеді”, деген сөз бұған толық дәлел бола алады.
Осы бөлімдегі партиялардың мақсаттары мен міндеттерін талдаулар әрбір партияның шыққан биігі мен қызмет мазмұнын, олардың саяси сипаты мен ел мүддесін ойлау мүмкіндіктерін айқын аңғартады. Мұндай салыстырмалы сараптамалар саяси партиялардың өзіндік жауапкершілігін көтере түсуге де игі әсер ететінін атай кеткен жөн.
Қазіргі қазақстандық көппартиялық жүйенің қалыптасу кезеңдері туралы зерттеушілердің пікірлерін жан-жақты сараптай отырып, авторлар партиялық жүйенің дамуын кезеңдерге бөлгенде азаматтардың саяси қатысу құрылымы ретінде партиялардың қалыптасуына оң ықпал еткен белгілі заңнамаларды, оларға енгізілген қағидатты өзгерістерді басшылыққа алғанды дұрыс санайды. Осындай қағидаға сүйене отырып, олар партиялардың қалыптасуының жаңа кезеңдерін ұсынған.
“Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар қызметінің құқықтық негіздері” аталатын екінші бөлімде Қазақстан Республикасының Конституциясы, “Саяси партиялар туралы” 2002 жылғы Заңы (2009 жылғы түзетулері және толықтыруларымен қоса) және саяси партияға қатысты басқа да заңнамалардан тиісті үзінділер берілген.
Қазақстанның саяси жүйесінде саяси партиялардың алатын орны ерекше екені белгілі. Алайда бүгінгі саяси тәжірибе көрсетіп отырғандай, көппартиялықтың жүйе ретінде қалыптасу үдерісі оп-оңай өтіп жатқан жоқ. Мұны қазіргі қоғамның жалпы саяси деңгейімен, құқықтық кеңістіктегі әлі жетіле қоймаған заңнамалармен түсіндіруге болды. Кешегі кеңестік кезеңнің де салқыны жоқ емес. Өйткені, тоталитарлық қапастан демократия сарайына апарар тура жол жоқ.
Егер көппартиялық жүйені саяси партиялардың құқықтық негіздегі өркениетті қарым-қатынастың жиынтығы дейтін болсақ, айтар мәселелер жоқ емес. Көппартиялық құрылымда тұтастықпен қатар, әрбір партияға тән тәуелсіздік те, еркіндік те, құқықтық теңдік те болуы тиіс. Өкінішке қарай, әзір партиялар бір-бірімен бәсекеге түсе алатындай әлеуетті бола алмай отыр.
Саяси партиялардың көбісінің қарапайым халық өмірінен, ұлттық мұраттардан алшақтығы, олардың әлеуметтік негіздерінің әлсіздігі, қоғамдағы саяси рөлдерінің бәсеңдігі, еліміздегі саяси-экономикалық мәнді оқиғаларға батыл араласа алмауы, саяси өрелері мен сауаттарының төмендігі, т.т. айқын байқалмай қалмайды. Олар негізінен сайлау кезінде бой көтеріп, қалған кезде ресми жиналыстарға қатысумен шектеліп отыр. Бұл халық арасында олар туралы оң көзқарасты қалыптастыра қоймас.
Елбасымыздың тұрақты саяси-партиялық жүйе құруды маңызды міндеттердің бірі ретінде санауы жайдан-жай емес. Бұл саяси партиялардың мемлекеттік органдардағы өз өкілдері арқылы еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық бағытын айқындауға қатысып, кадрлармен жүргізілетін саяси жұмыстың мазмұнына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына саяси баға бере алатындай саяси күшке айналуын қажет етеді. Бұл бағытта саяси партиялардың шығар биіктері де, алар асулары да аз емес.
Осындай саяси партиялардың алдында үлкен міндеттер тұрған кезде әңгіме етіп отырған анықтаманың шыққанын аса пайдалы болды дегеннен басқа сөз айту қиын. Әрине, мүмкіндік болса, саяси партиялардың бағыт-бағдарлары талданып жатса, құба-құп болар еді. Бұл саяси партияларды жаңа ізденістерге ұмтылдырар еді. Біздіңше, бұл – алдағы күннің міндеті.
Қорыта айтқанда, Тарих институтының бұл ұжымдық кітабы алдымен мемлекеттік және партия органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ жоғары оқу орындарында “Саяси партиялар және партиялық жүйе”, “Саясаттану” және “Әлеуметтану” курстарынан білім беретін оқытушылардың, студенттер мен магистранттардың үлкен қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ, саяси партия мәселелерімен айналысатын зерттеушілер үшін де бұл – таптырмас еңбек.
Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы.