Әлем • 04 Мамыр, 2021

Қасиетті мерекедегі қайғылы оқиға

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Израильде Лаг ба-Омер қасиетті мерекесін тойлау кезінде 45 адам қаза тауып, жүздеген кісі жарақат алды. Мемлекеттің солтүстігіндегі Мерон тауына жиналған жұрт тәртіп сақтамай, бірін-бірі итермелегендіктен болуы керек, әйтеуір, іс-шара адам өліміне соқтырды.

Қасиетті мерекедегі қайғылы оқиға

Израиль Денсаулық сақтау министр­лі­гі жапа шеккен 150-ден астам адамға кө­мек көрсетілгенін мәлімдеді. Ауыр хал­де жатқан науқастардың да саны өсіп жатыр.

Премьер-министр Биньямин Не­таньяху оқиғаны «үлкен апат» деп атап, қатты алаңдатқанын, жаралылардың тезі­рек сауығуын тілейтінін жеткізді.

Мәселенің мәнісіне оралсақ, қасиетті мере­кені атап өтуге Израильдің түкпір-түкпірінен он мыңдаған адам жиналған. Атаулы іс-шара кезінде бөренелердің бірі құлап, адамдар бірін-бірі итермелей бастапты. Кейбір БАҚ оқиға орнында адамдардың денесі жатқанын жазады. Алайда Израиль үкіметі бұған қа­тысты ресми мәлімдеме бермеді. Ауыр жа­рақат алғандарды тікұшақпен тасымал­даған. Тау басында ұялы байланыс нашар болса керек, үрейленген адамдар жа­қындарымен байланыса алмаған.

Құқық қорғау органдарының өкілдері жиналғандардың бірі сүрініп кетіп, адам­дарға келеңсіздік туғызды, одан жинал­ған жұрт бірін-бірі итермелеп, соңында ондаған адам құлады дейді. Ал жи­нал­ғандар болса оқиғаның нақты қалай басталғанын білмейтінін айтады. Алайда үлкен апаттың болғанын жасырмайды.

Бұл апат жақында ғана қатаң каран­тиндік талаптардан бас тартып, қалыпты өмірге қайта орала бастаған Израиль үшін үлкен соққы болып отыр. Биліктегілер де бұл келеңсіздіктің күтпеген жерден кел­генін айтуда. «Енді ғана бұрынғы қалпы­мызға келіп мереке тойлауға шығып едік. Бейбіт күнде ондаған адам қаза тапты. Бұл – үлкен апат», дейді халық.

Жиналған халықтың көбі – ортодокс еврейлер. Олар жыл сайын алдын ала белгіленген күні  Мерон тауының басына дәстүрлі түрде жиналады. Бүгінге дейін жеткен деректер бойынша белгілі данышпан Рабби Шимон дәл осы тауда жерленген. Халық ойшылдың басына тәу етіп, құлшылық жасауға жиналады. Биыл қасиетті орынға 100 000-нан астам адам келген. Бұл іс-шара еврейлер үшін қажылық іспеттес. Тау басына баруды ұйымдастыратын арнайы компаниялар да қарастырылған. Мәселен, биыл елдің түкпір-түкпірінен келетін халыққа 650 автобус дайындалған.

«Хатцала» құтқару қызметінің директоры Эли Бир биылғы іс-шараға адам­дар күткендегіден көп келгенін айтады. Бас­шының мәлімдеуінше, алаң одан едәуір аз адамға дайындалған. Адамдардың артық қозғалысының қиындық тудыруы да содан екен. Апат салдарын жою мен құтқару жұмыстары  үшін 5 мың полиция қызметкері жұмылдырылған.

Елдегі медицина қызметкерлері коронавирус пандемиясына қатысты қатаң шектеулер алынғанымен, көпшілік жерде жиналу әлі де қауіпті екенін алдын ала ескерткен. Оқиға орнында болғандар апат адамдарға қолайсыздықтан туды дегенге сенер емес. Телеарналарға берген сұхбаттарында куәгерлер басында бомба жарылды деп ойлағанын айтыпты.

Дегенмен, көпшілік бұл оқиғаны белгі деп қабылдауда. «Рабби Шимонның өзі мен барлығының күнәсін кешіремін» деді. Ал дәл Рабби Шимонның жерленген жерінде осындай апат болып жатса, онда жердегі қауым өз әрекетін саралап, өзін өзі тергеуге алуы тиіс. Бұл – белгі», дейді халық.

Құтқару қызметімен қатар, еріктілер де жұмысқа тартылды. Олар «Қанша апатты жағдайда жұмыс істесек те мынадай апатты бірінші рет көріп отырмыз. Ешқандай күштің араласуынсыз, табиғи факторларсыз адамдардың қайтыс болғаны таңғалдырады. Жедел жәрдеммен талай жыл жұмыс істедім, дегенмен дәл осы сынды оқиғаға алғаш рет тап болып тұрмын», дейді Лазар Химан есімді ерікті.

Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты тау басына жиналуға тыйым салынған. Биыл Израильдің вакциналау бағдарламасы оң нәтиже беріп, халықтың 54 пайызы екпе салдырғаннан кейін үкімет қатаң шектеулерді алып тастаған. Бұл апат үкіметті жаңа шектеулер қоюға мәжбүрлеуі мүмкін.