Журналистер мән-жайды анықтау үшін мектепке барады. Бірақ жұмыс уақытында директор орнында болмай шықты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша, ол отбасындағы жағдайға байланысты шығып кеткен. Ал сөйлемнің өзін ежелеп оқитын орыс тілі пәнінің мұғалімі 1 наурызға дейін бала оқытып, декреттік демалысқа шыққан.
«Мұғалім директордың қызы ма?», деген сауалға директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары «Иә», деп жауап берді.
Аудандық білім бөліміндегілер мектептегі педагогтарға қатысты барлық жауапкершілік директорға жүктелгенін айтты. Мұғалімді жұмысқа алу не алмау жөнінде шешімді директордың өзі ғана қабылдайды екен.
«Егер де мектепте бос жұмыс орны болса, ол жөнінде хабарлама порталда жариялануға тиіс. Осыдан кейін ниет білдіргендер өтініш жазып, тестілеуден өтуіне болады. Ал сынақтан өтпесе, келесі жолы келіп тапсыруға мүмкіндік бар. Сынақтан өткен талап берушімен сұхбат жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша арнайы комиссия мүшелері мұғалімді жұмысқа алу, не алмау жөнінде шешім қабылдайды», деп түсіндірді Сарыағаш аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімінің бас маманы Закир Тұрсынбаев.
Бұл комиссияның төрағасы – мектеп директоры, ал комиссия мүшелерінің қатарында қоғам белсенділері, ата-аналар комитетінің өкілдері бар.
Белгілі болғандай, сынақты мұғалім әрең дегенде тапсырып, шекті 50 балды жинаған екен. Бірақ біліктілігі төмен мұғалімнің балды қалай жинағанына қатысты да сауал туындайды. Жауаптылар «мұғалімнің орыс тілі және әдебиет пәні мамандығы бойынша жоғары білімі бар» деп сендірді. Ал тиісті құжатты жұмыс күнінің соңына дейін көрсететінін айтты.
Ең қызығы, мұғалімнің сабағына аудандық білім бөлімінің мамандары қатысып, деңгейін тексерген. Мұғалімнің біліктілігін тексергендер мен бұл оқиғаға қатысты жауаптылар туралы мәлімет Түркістан облыстық адам әлеуетін дамыту басқармасына жолданды.