Қоғам • 06 Мамыр, 2021

Nur Otan «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын сынады

379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan-да жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың кемшіліктері айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Nur Otan «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын сынады

«Дипломмен – ауылға!» және «Серпін» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудағы түйінді мәселелерді «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі жаңа республикалық қоғамдық кеңес мүшелері талқылады.

Отырыс барысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров хабарлағандай, «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру нәтижесінде 2009-2020 жылдар аралығында 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, ал 36,6 мың маман 105,3 млрд теңге сомасында тұрғын үйге бюджеттік несиеге қол жеткізген. Бұл ретте білім беру саласының – 70% және денсаулық сақтау саласының – 21% мамандары қамтылған.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтің айтуынша, жас мамандардың мүдделерін ескере отырып, бағдарламаға қатысу шарттарының бірнеше рет қайта қаралғанына қарамастан, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.

«Бұл жобалар бастапқыда қала мен ауыл арасындағы түрлі салалар бойынша алшақтықты теңестіре отырып, бар проблемалар кешенін шешуге тиіс еді. Бірақ өңірлердегі ахуал сол деңгейде қалып отыр, айтарлықтай өзгерістер жоқ», деді ол.

Өз кезегінде «Jas Otan» ЖҚ-ның төрағасы Нұржан Жетпісбаев ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесі өткір күйінде қалып отырғанын алға тартты. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен саласында 2,8 мың маман жетіспейді.

«Егер жыл сайын мемлекеттік гранттар бойынша аграрлық мамандық алған түлектердің тек 30%-ы ғана ауылдық жерге жұмысқа орналасатынын ескерсек, осы мақсатқа бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгеге жуық қаражат тиімсіз пайдаланылып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асырудағы кемшіліктердің бірі – жас мамандарға бюджеттік несие қаражатын бөлу кезіндегі бюрократия»,  деп атап өтті ол.

Осыған байланысты партияның жастар қанатының басшысы Мәжілістің жас депутаттары арасындағы Кеңес мүшелеріне көтерме жәрдемақы төлеуден және тұрғын үй сатып алуға несие беруден негізсіз бас тартуға қатысты құқықбұзушылықтарды тексеру үшін Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдауды ұсынды. Жергілікті жерлерде «Дипломмен – ауылға!» және «Серпін» бағдарламаларын  іске асырудың мониторингіне «Nur Otan» партиясының Жас депутаттарының корпусы да қосылады.

«Серпін» бағдарламасы туралы айта келе, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бөлінген мемлекеттік тапсырыс толық көлемде игерілмейтінін айтты. Ол гранттардың игерілмеуінің негізгі себептері ретінде білім алған жерінде міндетті жұмыспен өтеу талабының болуын, бағдарлама түлектерінің жұмысқа орналасатынына кепілдік берілмеуін, жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің ЖОО-мен жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылының нашарлығын, бағдарлама түлектерінде тұрғын үйдің болмауын және т. б. атады.

«2019 жылы «Серпін» жобасы бойынша гранттардың 52%-ы оған қатысуға ниет білдіргендердің болмауына байланысты сұраныссыз қалды. «Серпін» түлектерінің төрттен бір бөлігі ғана білім алған аймағында тұрақтайды. Жыл сайын жобаны жақсарту және жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қабылданады, бюджет ұлғаяды, бірақ тиімділік байқалмайды», деп атап өтті Мәди Ахметов.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов те қазіргі таңда бұл бағдарламаға деген жастардың қызығушылығы төмендегенін тілге тиек етті.

«Бастапқыда бағдарламаға қызығушылық жоғары болды. Қазір ешкім барғысы келмейді, құжат тапсырмайды. Мәселе неде? Бағдарлама бойынша келген жастарға көтерме қаржы беріледі, қосымша шәкіртақы қарастырылады. Алайда, бітірген соң міндетті түрде үй, жұмыс тауып береміз деген уәде мемлекет тарапынан орындалмады», деді ол.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кәсіптік бағдар берудегі кемшіліктерге, жастарға ол туралы ақпараттың жетпеуіне және осы жобалар туралы орталықтандырылған ақпараттың жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, «Серпін» бағдарламасында медицина мамандарын даярлайтын бағыты жоқ.

Отырыс қорытындысында Кеңес тиісті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын жақсарту бойынша бірқатар ұсынымдар әзірледі, олар уәкілетті органдарға жолданатын болады.