Тарих • 07 Мамыр, 2021

Тарихи шындықты мойындаған жазба

733 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг ғимаратына шабуыл басталды. Ғимараттың төбесіне алғашқы Қызыл туды 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тікті». Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жақында осындай жазба пайда болды. Бұл – Ресейдің 76 жыл өткеннен кейінгі ресми мойындауы!

Тарихи шындықты мойындаған жазба

 

«Берлиннің жүрегінде орна­лас­қан Рейхстаг Гитлер Герма­ния­сының басты символдарының бірі болды. Сол себепті де жау бұл ғимаратты қорғауға мұқият дайын­далған еді. Рейхстагты қор­ғауға қарулы күштердің ең мықты бөлімдері мен таңдаулы армия бөлімшелері жұмылдырылды.

Рейхстаг баспалдақтарымен жоғарыға көтерілген алғашқы кейіпкерлердің қатарында 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қош­қарбаев пен 19 жастағы қызыл әскер Григорий Булатов болды. Жауынгерлердің қолдар­ында ол кезде қарапайым алқы­зыл жай­ма­дан жасалған жалау­ша ғана болған еді. 150-ші диви­зия­ның соғыс журналындағы жаз­баға сәйкес, сағат 14:25-те олар «ғи­ма­рат­тың орталық бөлі­гіне жер бауыр­лап жылжып жетіп, негізгі кіреберістің баспал­дақ­тарына қызыл жалаушаны ілген». Бұл Рейхстагқа жұмылдырылған азат етуші жауынгерлердің тіккен алғашқы туы болатын.

Рейхстагтың баспал­дақ­тар­ында желбіреп тұрған Қызыл ту біздің жауынгерлерге жігер бер­ді. 30 сәуірдің кешінде-ақ 674 және 756-шы полктердің негіз­гі күш­тері фашистердің қарсы­лы­ғына төтеп беріп, ғимаратқа ба­сып кірді. Түнде лейтенант Берест, сержант Кантария және қы­зыл әскер Егоров неміс мерген­дері жаудырған оқтардың ысқы­рығына қарамастан, фашизм ор­дасының үстіне Жеңіс туын орнатты. Рейхстагтың жертөлелері мен дәліздеріндегі қызу шайқастар 2 мамырға дейін жалғасты.

Рейхстагты алу кезінде көр­сет­кен ерлігі мен батырлығы үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орде­німен марапатталды. Қош­қар­­баевқа ескерткіштер оның Ота­ны – Қазақстанның Ақмола облы­сында және республиканың астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, ал Булатовқа Киров қаласында орна­тылды». Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялаған жаз­баның толық мәтіні осындай.

Рейхстаг ғимаратына тігілген Қызыл тудың жанында тұрған қос батырдың суретімен байланыс­тырылып берілген осы жазбаға санаулы күннің ішінде он мың­даған адам лүпіл басқан. Пікір білдірушілердің дені сан жылдар өткеннен кейін тарихи шын­дықтың өз биігіне қонғанын айтып сүйіншілесе, біраз жұрт «ақыры мойындадыңыздар-ау» деп барша қазақстандықтар үшін көптен күткен қуаныш екенін аңғартты.

Дәл 30 сәуір – Рейхстагқа ту ті­гіл­ген тарихи күні жарияланған пост­ты отандастарымыз «қазақ тари­хының тағы бір даңқты күні» деп қуана қабылдады. Енді бірі кө­зі тірі кезінде ерлігі еленбей қал­ған «қазақ солдатының аруағы ри­за болған шығар» деп шаттанды.

Көзі тірі кезінде телебағ­дар­ла­малардың біріне берген сұх­батында Рақымжан Қошқар­баев­тың өзі бұл сұрапыл оқиғаны: «Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы болды. Бірақ оған кім барады? Ерікті түрде бәрімізден сұрады. Ешкімді күштемеді. Оның себебін кейін білдік. Себебі бұл нағыз өліммен тең тапсырма еді. Ол жерден аман келу екіталай болатын. Мен, шынымды айтсам, осы жолы тірі қаламын деп те ойламадым», деп еске алады. Оқ пен оттың ортасында жер бауырлап жылжып, фашизмнің ордасы, құзғындардың ұясы болған Рейхстагқа жеңіс туын тігу үшін қазақ жауынгері Рақымжан Қош­қарбаев пен Григорий Булатовқа 350 метр жерді жеті жарым сағат бойы еңсеруге тура келген. Осы­лайша ажалмен арпалысқан екеу бекінісі мығым, бар фашистік күш жұмылып, берілмеуге бел шешкен ғимаратқа әрең жетеді. Бас көтертпей бораған оқ пен отқа қарамастан, барша елдің ыза мен кегін арқалаған қос сарбаз жаудың апанына осылайша алғаш болып Жеңіс туын тігеді. Көзсіз ерлік. Жан­кештілік. Алайда бұл ерлік елен­беді. Анығырақ айт­сақ, қаса­қа­на еленбеді. Бұл ба­тыр­лықты тіп­ті мүлде болмағандай тарих бет­­терінен сызып тастауға тырыс­ты...

Кеңес әскерлерінің арасынан Рейхстагқа жетіп, алғаш болып Жеңіс туын тіккендерін қос батыр – Рақымжан Қошқарбаев та, Григорий Булатов та өз зама­нында «дәлелдей» алмаған. Ке­зінде осы ерліктері үшін олар Кеңес Ода­ғының Батыры атағына да ұсы­ны­лады. Алайда екеуі де жоғары ма­рапаттан құр қал­ған. Мәселе тіп­ті марапат пен сый-құрметте де емес еді. Та­рихи шындықтың бұр­ма­лануы, на­ғыз ерліктің елеусіз қа­лып, батыр­лықтың қалтарыста қа­лып қой­ғаны ащы ақиқат бола­тын. Себебі бертінге дейін тарих беттерінде Рейхстагқа ту тік­кен деп басқа адамдардың аты-жөн­дері жазылып келді. Сұра­пыл соғыстың аяқ­талуына көзсіз ерлі­гімен үлес қос­қан қазақ жа­уынгерінің бұл ерлігі өзгелерге телініп келді.

Осыдан 14 жыл бұрын Ресей­дің Әскери тарих институты бі­рінші Беларусь майданындағы 150-атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны ресми түрде растаған болатын. Алайда ол кезде де Ресей Сыртқы істер министрлігі жұмған аузын ашпаған-тын.

Тарихта Рейхстагқа ту тігіп, соғыстың соңғы нүктесін қойған қазақ батыры болып қалған Ра­қым­жан Қошқарбаевтың қаһар­мандығы еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін қайта жаңғырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Енді, міне, қазақ батырының өш­пес ерлігі қайтадан әйгіленді.

Ақмола облысының Қырық­құдық ауылында кіндік қаны тамып, Тайтөбе дейтін аядай ауылда буыны қатқан, жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен қазақтың қарадомалақ баласының жау ордасының биігіне шығып, Ұлы Жеңістің жалауын желбі­реткен жанкешті ерлігін әлемге әйгілеуге мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың қосқан үлесі зор. Ол қазақтың жаужүрек ұлының ерен ерлігін алты Алашқа талай жылдық еңбегі – журналистік зерттеулері арқылы танытты.

Ал ол кісінің аманатын тәуел­сіз­дік жылдары жалғастырып әкетіп, сұрапыл соғыста ұлт намысын қолдан бермеген қазақ жауынгері туралы жеріне жеткізе жазған журналистің бірі – Жан­болат Аупбаев. Алдымен ол 1999 жылдың 1 қаңтарында «Халық ала алмаған қамал» атты мақала жазды. Бұл рес­публикада үлкен қоғамдық пікір туғызды. Редакция жұртшы­лықтан келген құптау хаттарды ай сайын топтап беріп отырды. Қоғамдық пікірдің нәтижесінде жаудың ордасына айналған Берлиндегі Рейхс­тагқа Жеңіс жалауын алғаш тік­кен Рахымжан Қошқарбаевқа Елбасы ең жоғары ерлік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осымен бір мезетте Жанболат Әлиханұлы «Ел таныды өзінің хас батырын» атты редакциялық мақала жазып, одан соң бұл тақырыпты журналист Нұрхан Мыңбай екеуі бірігіп «Халық алған қамал» деген мақаламен қорытындылады.

1945 жылы 30 сәуірде қазақ жауынгері Рахымжан Қошқарбаев пен ефрейтор Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы бү­гінде Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Орталық музейінде сақтаулы тұр.

Жетпіс жылдан кейін қазақ солдатының ерлігін мойындаған жазба кезінде Кеңес Одағы бермеген марапаттан бағалы болып тұр. Себебі Рахымжан Қош­қар­баевтың қаһармандығы қазіргі жас­тардың есінде Рейхс­тагқа бірін­ші болып Жеңіс туын тіккен қазақ жауынгері болып қалғаны маңызды.