Әдебиет • 11 Мамыр, 2021

«Зүлейханың оянуы» кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

1533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Танымал ресейлік жазушы Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы» романы қазақ тіліне аударылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Зүлейханың оянуы» кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

«Фолиант» баспасынан жарық көрген туындыны қазақ тіліне аударған – Мақсат Дүйісмағамбет. Жазушының бұл туындысы «Үлкен кітап», «Жыл кітабы», «Ясная Поляна», «Оқырман жүлдесі» атты әдеби сыйлықтарға ие болғаны белгілі.

Баспа өкілдерінің айтуынша, «Зүлейханың оянуы» кітабын қазақ тіліне аударуға романда орын алған тарихи оқиғалардың ортақтығы, көптеген марапаттар мен сыйлықтарға ие болуымен қатар, қоғамда екіжақты пікір қалыптастыруы себеп болған.

Гүзел Яхина Қазан қаласында туып-өскен, шет тілдері факультетін бітірген. Сондай-ақ Мәскеу кино мектебінің дипломын алды. «Нева», «Сібір шамдары», «Октябрь» журналдарында мақалалары жарияланған.

Ресейлік жазушы Гүзел Яхинаның бұл романы – өткен тарихымыздағы әлі күнге дейін айтылмай жүрген ащы шындықтың бетін ашып, бүгінгі және кейінгі ұрпақ білуі тиіс ақиқатты айта білген туынды.

«Зулейханың оянуы» романының әрекеті 1930 жылы татар ауылында басталады. 1930 жылдың қысында Зулейханың күйеуін бай-кулак ретінде өлтіріп, өзін жүздеген адаммен бірге вагонмен Сібірге жібереді. Романның екінші бөлімінде Ангараның жағасындағы терең тайгада тамақсыз, баспанасыз және жылы киімсіз жер аударылғандардың тіршілігі баяндалады. Сібірге жер аударылған, тар кезеңде тағдырлары тоғысқан сан алуан жан өлім мен өмір беттескен сәттерде тірі қалу үшін бірлесе күреседі. Рух қайсарлығы. Жүрек жылуы. Ана махаббаты. Романның бас кейіпкері Зүлейха осы қасиеттерінің арқасында тағдыр сынағынан сүрінбей өтеді.

«ЛитРес» компаниясы құрамына кіретін «MyBook» кітап сервисі Ресей жазушыларының 1992 жылдан бергі уақытта жарық көрген ең танымал көркем туындыларының көшін Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы» романы бастап тұрғанын анықтады.

2017 жылы роман 18 тілге аударылды, башқұрт драма театрында қойылды. 2020 жылы туынды 30 тілге аударылған, оның ішінде парсы, корей, қытай, жапон тілдері де бар. 1920 жылдың сәуір айында шығарма желісі бойынша түсірілген көп сериялы фильмнің алғашқы бөлімі көрсетілді. Басты рөлде танымал актриса Чулпан Хаматова ойнады. Фильм режиссёрі — Егор Анашкин.

Естеріңізге салсақ, «Фолиант» баспасының бастамасы бойынша әлем әдебиетінің алтын қазынасына айналған Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», Мо Янның «Өмір мен өлім азабы», Орхан Памуктың «Ақ қамал», «Сезім музейі», «Менің атым Қырмызы», «Менің оғаш ойларым», «Үнсіз үй» туындылары қазақ тілінде жарық көрген болатын. Наурыз айында Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен бірлесе, әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының тұсаукесері өтті.

Қазақ оқырмандарын әлем әдебиетінің бестселлер кітаптарымен таныстыруды мақсат еткен «Фолиант» баспасы биыл Рэй Бредберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус», Джон Рональд Руэл Толкиннің «Сақиналар әміршісі», Стивен Кингтің «Сол», «Жасыл миль», «Рита Хейворт және Шоушенктен қашу», Кен Кизидің «Жындылар үйіндегі жанжал», Луиза Мэй Олкотттың «Кішкентай ханымдар», Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр», Джо Диспензаның «Түпсана күші», Николай Лугиновтің «Шыңғыс ханның әмірімен», Дэн Браунның «Да Винчи коды», Герберт Уэллстің «Көрінбейтін адам», Ахмет Үміттің «Ыстамбұл естеліктері», Джон Стейнбектің «Тышқан мен адам хақында», «Інжу-маржан», Клайв Стейплз Льюистің «Арыстан, сиқыршы және киім шкаф», Роберто Риччидің «Қызыл Арлекин» туындыларын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.